Бiз бүгiн оқырман қауымға осы күнге дейiн есiмi ескерусiз келе жатқан, Шығыс шайырларын оқып, олардың туындыларын көркем тiлмен қазақшаға аударып, насихаттаған ақын Сердалы Мырзалыұлы Шөбековті таныстыра кетудi парыз санадық. Сердалы Мырзалыұлы (ХIХ ғ.) Айыртау ауданында дүниеге келген. Жерленген жері белгiсiз. Бiрақ қазақ дәстүрi бойынша мәйiтi туған жерiне немесе аталары жатқан жерге қойылған шығар деп топшылаймыз. Ол Айыртау ауданындағы Кiшi Қоскөл деген жер болуы керек.
Сердалы Мырзалыұлы өз заманына сай көзi ашық, парсы-араб тiлдерiнен хабары бар, қисса-жырларды көп оқыған, атақты ақындармен пiкiрлес болған, аймағына аты шыққан бай болыпты. Шыққан тегi – арғынның жетi момынына жататын қарауыл, оның iшiнде есенбай-шұңғыршасы. Аталары Байсары мен Шөбек – елге танымал, билiкке араласқан адамдар екен. Хан ордасымен де қарым-қатынаста болған. Мысалға, Сәбит Мұқановтың “Аққан жұлдыз” романында: “Байсары да, Шөбек те Айғаныммен дос-жар екен. Олар жаз – бiр, күз – бiр, қыс – бiр үйiне қонаққа шақырып, сыбағасын жегiзедi екен” деп жазылған Бұл жердегi Айғаным – Орта жүздiң соңғы ханы Уәли ханның жары, яғни ханшайым, Шоқанның туған әжесi. Шөбек талай рет болыс, би болып, хорунжи атағын алған. 1855 жылы I Николайдың азасына, II Александрдың таққа отыру рәсiмiне шақырылған 8 сiбiрлiк қазақтың бiрi. Мырзалының алты ұлы болған: үлкен ұлы – Сердалы, одан кейiнгiлерi – Сералы, Баялы, Жаналы, Мұқанәлi, Нұралы.
Бiз материалдар жинау барысында бiрнеше қиындықтарға тап болдық: бiрiншiден, бiрде-бiр зерттеу жұмысының жүргiзiлмегендiгi, екiншiден, архив құжаттарының жоқтығы. Бiрақ қолымызда қазiр Сердалының “Қисса-и Рүстем” атты еңбегi, бiрнеше жанама деректер, сонан соң кейбiр еңбектердiң iшiнде айтылып отырған ойлар мен тұжырымдар, естелiктер бар. Ізденiсiмiздi алдымен бұрынғы 12 томдық “Қазақ Совет энциклопедиясынан” бастап едiк, бiрақ өзiмiз де ойлағандай оның есiмi енбептi. Энциклопедияның тоғызыншы томындағы “Рүстем-дастан” атты мақаладан мынадай сөйлемдi байқаймыз: “Шаһнаманың” кейбiр тараулары революциядан бұрын да Ораз молданың, Сердалының, Мұхаметжан Сералиннiң, Жүсiпбек Қожа Шайхыисламовтың аударуымен жарық көрген болатын”.
Бiрақ бұл Сердалы жайында бiлгiсi келген оқырманның сұранысын қанағаттандырмайтындығы анық. Ол қашан туды, қай жердiң тумасы, қандай еңбектерi бар деген сұрақтарға жауап табу қиын. Ал ендi энциклопедиядағы авторлардың аттары хронологиялық тiзбекпен жазылған. Одан Сердалы қазақ топырағында қызылордалық Ораз молдадан кейiн екiншi болып Фирдоусидiң атақты “Шахнамасын” аударған ақын болып шығады. Бұл жайында “Қазақ әдебиетi тарихының” екiншi томының екiншi кiтабында былай делiнедi: “Ораздан 50-60 жылдан кейiн, яғни ХIХ ғасырдың соңғы кезiнде бұл әйгiлi шығарманың (“Шаһнаманың” – С.Б.) қазақ топырағында екiншi аудармасы жасалды. Мұны жазған Көкшетау төңiрегiнде туған белгiлi ақын Сердалы Мырзалыұлы”.
Ораз молда Жүсiпұлы жайында әлi де толық, арнайы зерттеулер қажет. “Шаһнаманың” тұңғыш аудармасы таза қазақ тiлiнде емес, екiншiден, өлең түрiнде емес, прозамен жазылған, үшiншiден, баспада жарияланбаған. Ал Сердалының аудармасына көңiл бөлсек, бiрiншiден, ол қазақ тiлiнде жазған, екiншiден, өлең түрiнде, үшiншiден, баспадан шыққан. Бiрақ Ораз молдадан бiр айырмашылығы, ақын түгел “Шаһнаманы” емес, ол поэма iшiндегi “Рүстем” дастанын ғана аударған. Сондықтан да Сердалыны әлем классикасына айналған “Шаһнаманы” (толық болмаса да) өлең түрiнде қазақ тiлiне тұңғыш аударушы десек те болатын сияқты.
Осы орайда ақынның шығармашылығына тоқтала кетсек. Ең бiрiншi “Мен Ақан серiнi көрдiм” деген деректi мақалаға көңiл бөлсек, оның авторы – Сердалының туған құда баласы Хамит Тiлеубаев. Онда былай делiнедi: “Ақан өмiрiмен хабардар болуымның тағы да бiр себебi, менiң үлкен апамды Қарауыл iшiнде Сердалының ұлы Жәмшитке ұзатты. Ал Сердалы (Мырзалының үлкен баласы) Ақанмен тұстас әрi қоныстас, заманында бiлiктi, қисса-жырлар жазып, “Шаһнаманы” аударған адам. “Сал-сал” мен “Зарқұмды” аударып, Қазан баспасына жiбергенде, оларды Мәулiкей дейтiн бiреу пайдаланып кетсе керек. Содан кейiн Сердалы “Рүстем” дастанын қолға алады. Бұл жырдың кіріспесінде ол былай дейдi:
“Жәрдем бер тiл, жағыма бiр Құдайым,
Шаттық бер, екi дүние қылма уайым,
Жамиғат, құлақ салып тыңдасаңыз
Хикаят “Рүстемнен” сөз қылайын.
Бұрын жаздым “Зарқұмдай” асыл затты,
Оларды жұрт естiп, дәмiн татты.
Бұл өлеңiм Қазанда баспа болып,
Шығыпты бiр Мәулiкей деген атты”, – деп келiп, ақынның балалары жайында айтып кетедi. Бұл жерде бiзге белгiлiсi “Шаһнаманы” аударғаны, ал ендi Сердалының басқа да еңбектерi бар екендiгi қызықтыратын жайт және ол туындыларын басқа бiреу иеленiп кеткендiгi жайында үзiндiде анық байқалып, басқа бiр мәселенi тудырып отыр. Сонымен Хамит Тiлеубаевтың айтуынша, ақын “Сал-сал” мен “Зарқұмды” аударған көрiнедi, бұған қарағанда Сердалы қазақ әдебиетiнде өзiндiк орны бар ақын деп айтсақ, қателеспейтiн шығармыз. Бiрақ анық бағасын халықтың өзi бере жатар.
Жоғарыда айтылған Мәулiкей деген кiм? Бұл сұраққа жазушы, ғалым Әбен Сатыбалдиев былай жауап бередi: “Мәулiкей (немесе Мүлкәй) Юмашиков – қазақтың әдеби мұраларын жинап-терiп бастырып шығаруға көп еңбек сiңiрген адам. Бiз оның бастамасымен өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарынан бастап, революция тұсына дейiн қазақ тiлiндегi қырыққа жуық қиссалардың Қазанда басылып шыққанын бiлемiз. Мәселен, халық арасына кең тараған атақты “Дариға қыз”, “Тамимдар”, “Жұм-жұма”, “Сал-сал”, “Сейт-Батталғазы”, “Тақа-ба”, “Қарабек”, “Наушарбан” деген қиссалар осы Мәулікейдiң қолымен шыққан. Осылардың көбiнде ол өлеңмен кiрiспе жазып, өзi немесе бұл қиссаны қалай тапқандығы туралы мәлiметтер бередi, кейде “дүние жалған” жайын толғап, дiни уағыздарға да түсiп кетедi, – дей келе “Сал-сал” жайында, – “Ал “Сал-сал” дейтiн қиссаның кiрiспесiнде Мәулікей өзiнiң бұл қиссаны iздеп ұзақ сапар шеккенiн, әуелi Түменге барып, одан таба алмаған соң пароходпен он бес күн жүрiп, Омбыға келгенiн баяндайды. Тағы да бiр жерiнде ол Тасеке дейтiн бiреудiң үйiнде қонып жатып, қиссаны бiр ақынның аузынан жазып алғандығын айтады. Бiрақ ол ақынның аты-жөнi кiм екенiн айтпаған”, – дейдi. Байқап отырғанымыздай, Мәулiкей дегенiмiз – қазақ сахарасында жүрiп, көптеген жыр-дастандарды жинап, қағаз бетiне түсiрiп, кiтап қылып шығарып, қазақ әдебиетiне еңбегiн сiңiрген фольклорист екен. Бiрақ “тура биде туған жоқ” демекшi, бiздер “Сал-сал” мен “Зарқұмды” төл иесiне қайтаруды мақсат тұтқандықтан, кейбiр жайттарды ашуымызға тура келедi. Сердалы өз дастанында еңбегiнiң басқа бiреудiң есiмiмен шыққанына кейiп:
Мен жаздым деп қиссаға қол қойыпты,
Бiр Мәулiкей деген есер ноғай,
Бұл “Рүстем” “Зарқұмдай” Қазан барса,
“Сал-сал” мен екеуi баспаланса
Ноғай сөзi өлеңге келмейдi
Тiлi бөтен шығады миға салса.
Келтiрiлген үзiндiде ақын “Рүстем” мен “Сал-салды” баспаға жiбермекшi, бiздерге белгiлiдей Мәулiкей “Зарқұм” мен “Сал-салды” бiрге қоса жазып әкеткен (төмендегi үзiндiге назар аударсаңыз), сонда ақын не себептен “Рүстеммен” бiрге “Сал-салды” жiбермекшi деген ой туады. Бiздiң ойымызша, Сердалыдан Мәулiкей “Сал-салды” Айыртауда жатып, өзi қағаз бетiне түсiрген, сонан соң қалада кiтап қылып шығарған. Ал ақынның және қолжазбасы бар емес пе? Мiнекей, Сердалы қолында қалған қолжазбаны Қазанға “Рүстеммен” қоса жiбермекшi. Сердалы жырда былай дейдi:
Озар болса тағы да баспаға енер,
Нағылып өлең қылмай жасырайын. Яғни, ақын “тағы да” деп “Сал-сал” жайында айтып отырған секiлдi, себебi, “Рүстем дастан” бұрын жарияланбаған. Бұдан қорытатынымыз, Сердалы “Сал-сал” жарияланғанымен де, өз атынан қайта жiберсе керек. Сердалының дастанына үңiлсек:
“Мәулiкей бай мұнда үш жыл тұрған,
Өлең қылған Зарқұмды, сонда көрген.
Шу мен Тобыл, Троицк бәрiн қыдырып,
“Зарқұм” мен “Сал-салды” баспа қылған.
Бұл өлеңге Сердалы басайын атын,
Көрiнсiн тыңдағанға жақсы затың.
Мәулiкейдiң аруағын бiр қашырдым,
Рүстемнiң ендi жазайын хикаятын”, – дейдi. Яғни, Сердалы да Мәулiкейдiң көп жердi аралап, соңында “Зарқұм” мен “Сал-салды” содан жазып әкеткенге ұқсайды. Омбы қаласы Ақмоланың (1895-1918), Сiбiр казак әскерiнiң (1808-1917), Батыс Сiбiр (1824-82) және Дала генерал-губернаторлығының әкiмшiлiк орталығы болғаны белгiлi. Сердалы елi осы аймақтарда орналасқан. Сондықтан да Омбы деп тек қаланың аты емес, сонымен қатар оған қараған жерлердi де солай атаған.
Содан кейiн Сердалы “Рүстем” дастанды аударып, 1901 жылы Қазанда “Қисса-и Рүстем” деген атпен бастырып шығарады. Сердалы еңбегiнiң кiрiспесi ретiнде өлеңмен сонау Адам Ата мен Хауа Анадан бастап пайғамбарлар жайлы, халифалар мен сахабалар, имамдар мен әулиелер жайында толғанып, олардың қанша ұлы адамдар болса да, өлiмдi жеңе алмағанын баян етедi.
Ажал келiп жөнелген пайғамбарлар,
Тағы да отыз үш мың сахабалар
Абу Бәкiр, Омар менен Осман, Әли
Хасан, Хусейн және өттi шахзадалар.
Бұлардан соң төрт имам тағы да өттi,
Бiздерге имам Ағзам дiн түзеттi.
Қожа Ахмет Йассауи әулиелер
Рухтары бұ күнге шейiн бiздердi сүйер.
Осындай сарынмен келiп өз қоғамындағы ел жақсыларының да қатары азайып, өзi де бiраз жасқа келгендiгiн мына жолдардан аңғартады:
“Күн күнде кетiп жатыр жақсы-жаман
Бiзде келiп тұрмыз жол аузына”, – деп жырлайды. Қиссаның соңында “Қисса-и Рүстемнiң” авторы кім деген ой туындайды. Оған себеп жырдың соңында жазылған мына жолдар болып отыр:
“Мұны жазған молла Хасен менiң атым,
Өзiм өлсем, өлмейдi жазған хатым.
Фазыл iнiм қалаға бара қалсаң,
Жiбергiн баспашыға аманатым
Бұ Рүстем тәмам болды қолыңа ал,
Бiр Құдайға тапсырып поштаға сал”, – дейдi. Сонан соң ең соңғы сөйлемдерiнде тағы да:
“Аманат баспашыға мына сөзiм,
Тапсырған бұл Фазылға үшбу кезiм.
Мешжанда мен Хасен ноғай затым
Қырғызда моллакамда тұрдым өзiм.
Бiр мың үш жүз он сегiз хижриада
Жамағат тамам болды мiне сөзiм”, – деп қисса аяқталады. Келтiрiлген соңғы үзiндiлерден Хасен “Қисса-и Рүстем” авторы болып тұр. Жазушы Әбен Сатыбалдиев осы жолдармен танысқаннан кейiн мынадай тұжырымдарға келген екен: “…өзiнiң қолы қысқа екенiн, сондықтан бастыртуға шамасы келмейтiнiн айтып, әлгi Фазыл деген кiсiден көмек сұрайды. Демек, бұл дастанның Тобыл маңынан шыққан Хасен молда жасаған тағы бiр аударма нұсқасы бар. Бұл сияқты нұсқалар, iздей берсе, әлi көптеп табылуы да мүмкiн, – дей келiп, – “Сал-сал” мен “Зарқұм” дейтiн қиссаны Мәуликәйдiң пайдаланып кеткендiгi туралы нақ осы дау жоғарыдағы Хасен молда аудармасынан да шыға келдi. Бiрақ онда Хасен молда Мәулікейдi Сердалының аудармасын пайдаланып кеттi деп айыптамайды, “Сал-сал” мен “Зарқұмды” өзiм қисса етiп жазып едiм, соны Қазан жiберсем, Мәулiкей дейтiн бiреу өз атын қойып шығарыпты”, – деп ренжидi.
Бiрiншiден, Ә.Сатыбалдиевтiң қай жерден қателескенiн аңдап көрсек, алғашқы қателiк негiзiнен Қазан баспасынан немесе Сердалының өзiнен кеткен, олар кiтаптың сыртына және бiрiншi бетiне дастанның атын жазғанымен, автордың атын жазбаған. Яғни, тұңғыш рет қиссаны қолға алған адамға еңбек иесiз болып көрiнедi. Сонан соң дастанның iшiнде Сердалының есiмi бiр-ақ рет ұшырасады. Ал жырдың соңында Хасен молданың аты автор ретiнде бiрнеше жерде кездеседi, сондықтан да оқып отырған адам әбден шатасуы мүмкiн. Әбен ағамыздың да қателескен жерi осы болса керек. Мақаламыздың басынан Сердалыны “Қисса-и Рүстемнiң” иесi деп таныстырып келiп, не себептен оның туындысында тағы бiр автор жүр деген сұрақ туындаған шығар. Оған жауапты “Қазақ әдебиетi тарихынан” бергендi жөн көрдiк: “Кейбiр әдебиет зерттеушiлерi Сердалының бұл аудармасы Құсайындiкi (Хасендiкi – С.Б.) деп шатастырып жүр. Шынында, Құсайын аудармашы емес, Сердалы еңбегiн кiтап қып бастырушы, көшiрушi ғана. Қолжазбаны өз қолымен көшiрiп, Қазанға жiберген Құсайын кiтаптың соңына өз атын қосқан… Революцияға дейiнгi басылған қазақ кiтаптарының көпшiлiгiне тән нәрсе – бастырушы, жинаушы адам екiншi автор болып, оның аты кiтапта қосарланып жүретiн әдетi бар. Сондықтан “мұны жазған” деген бiр сөзге сүйенiп, бұл кiтапқа Құсайынды ие етсек, онда Сердалыға қиянат жасаған боламыз”, – дейдi. Бұған бiздердiң алып қосарымыз жоқ.
Қорыта айтқанда, тәуелсiз елдiң тарихы бүгiнгi күнi ешкiмге жалтақтамай жазылуы керек. Ақиқатты байрақ етiп ұстап, бұрын атын да атауға рұқсат етiлмеген саңлақтарымыздың жарқын есiмдерiн туған халқымен қауыштыру – бүгiнгi ұрпақтың парызы деп түсiнемiн.
Саят БАЙМҰРАТҰЛЫ,
тарихшы.
СУРЕТТЕ: 1901 жылы Қазанда шыққан “Қисса-и Рүстем” кітабының мұқабасы.