Қалима әжей (есімі өзгертілген) есікті әзер ашты. Сәлден соң ғана, менімен бірге келген қорғаушысын көріп, көңілі жайланғандай болды. Күнұзаққа жалғыз отырып, іші пысады емес пе, өткен өмірі жайлы біраз әңгіме шертті. Анасын, бауырларын, студенттік өмірін, қызмет атқарған кездерін, ұлы Маратты есіне алды.
– Мен мектепте жақсы оқыдым. Ойқалада тұратынбыз. Үйдегі қыздардың кенжесі болғандықтан, үлкендердің қамқорлығын сезініп өстім. Үлкен әпкем көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Соның ақыл-кеңесімен Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені, кейін институтты бітірдім. Орыс мектебінде оқығандықтан, қазақ тіліне шорқақтау болдым. Құдай берген талап шығар, достарымның көмегімен туған тілімді тез үйрендім. Түркі тілдес, бір-біріне ұқсас алты ұлттың тілін білемін, немісшем де жаман болған жоқ, – дейді қария.
Қалима әжей әңгіме барысында анасын жиі еске алып, оның он екі құрсақ көтергенін айтып өтті. Өзі алты жаста болғанда отбасын тастап кеткен саудагер әкесі жайында тіс жарған жоқ. “Кішкенекөл ауылында тұрғанда төркініме көп келе алмадым. Күйеуім қызғаншақ болды, жібермейтін. Оның үстіне бала-шаға бар. Бір келгенімде төсек тартып жатқан анамның: “Сорлы қызым-ай. Бағың жанбады-ау”, – деп жанарына жас алғаны есімде. Ол күйеуімнің мінезін, оның маған қол көтеретінін білетін еді”, – деп өткен өмірінің күйінішті сәттерін есіне алғанда қарияның қабағы түйіліп, бетіндегі әжімдері тереңдей түсті.
Жұбайымен 43 жыл отасқан. Өзінен он жас үлкен адаммен шаңырақ құруға туыстары қарсылық білдірсе де, оның “бақытты қыламын” деген сөзіне сеніп, 1967 жылы етегінен ұстаған. Он сегіз жылдан кейін ауыз қуысынан жаман аурудың белгілері шығып, бірнеше ота жасатқан мүгедек жұбайы зайыбының бағып-қағуымен тағы 28 жыл өмір сүріпті. “Балаларым қол көтерсе, әкелерінің өнегесі. Бала күндерінде әкелері жұдырық ала жүгіргенде, шырылдап ара түсуші еді. Қазір өздері соны істеп отыр”, – дейді кейуана.
Мектептегі қызметпен қатар, отбасылық тірліктің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кезде бала тәрбиесінің қай жерінде қателесті екен деп ойладым. Менің қойған сауалыма ол өзінің балаларына қол көтеріп тәрбиелеуден, қатыгездік көрсетуден алыс болғандығын айтты. Алайда, мені ұлдың үшеуі де сөзге келіп қалса, аналарына неге қол көтереді деген ой мазалай берді.
Мүгедек адамды бағып қана қоймай, оның дөрекі мінезін, балағат сөздерін көтеруге де үлкен төзімділік керек-ау?! Оған екінің бірі шыдамасы анық. “Өзім әкесіз өскендіктен, балаларым сондай күй кешпесе екен дедім. Бәріне шыдадым. Сол бейнетім балаларымнан қайтатын шығар деп өзімді жұбатушы едім. Үмітім ақталмады. Қолымды жылы суға малады деген ұлдарымнан таяқ жегенім жаныма батады. Не дейін?” – дейді.
Сотта істі болып жүрген ортаншы ұлының анасымен кикілжіңі 2010 жылы басталыпты. Тайынша ауданында тұрып жатқан әке-шешесін Петропавлға көшуге көндірген – осы ортаншы ұл. Ол ата-анасының жиған-терген ақшасына үш бөлмелі үй сатып алып, өз атына рәсімдеген. “Жайлы үй, рахатқа батасыңдар. Өзім асыраймын”, – деп “қамқоршы” болған балаға қалай сенбесін?! Өкінішке қарай, отағасы жаңа қоныста бір күн ғана түнеп, бақилыққа атанған. Әкесінің қырқын өткерген соң ортаншы ұл анасын: “Келлеровкадағы үйіңе барып тұр”, – деп қуа бастайды. “Жалғыз өзім ол жақтан не аламын? Жұрт не дейді?” – деп анасы баласының айтқанына көне қоймайды. Осыдан кейін дау-дамай өрши түседі. Баласы анасына қол көтеруге дейін барады. Ақыры ана мен бала арасындағы дау-жанжалға құқық қорғау органдары араласуға мәжбүр болыпты. Бірақ қасарысқан ұл үш жылдан кейін үйді сатып жіберіп, шешесін далада қалдырған. “Балама осы пәтерді сатып алуға ақшаны өзім бергендігімді растайтын құжат болмады. Одан қолхат алуды ойламаппыз. Сондықтан әділдіктің түбіне жете алмадым. Балам: “Зейнетақың бар, күніңді көресің”, – деп үш пакетті қолыма ұстатып, қуып шыққан кездегі ішкі күйзелісімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес”, – дейді ұлынан жәбір көрген ана жыламсырап.
Марат деген баласының қамқорлығын, көңілін, сезімін ана сағынышпен еске алады. “Сол балам тірі болса, осылай жүрмес едім”, – дейді жанары мөлтілдеп. Марат – 2008 жылы сүйек ауруынан қайтыс болған. Үйленбей, өмірмен ерте қоштасқан баласының қайғысы әлі күнге дейін қабырғасын қайыстырып отыр. Келлеровкадағы үй сол Мараттікі екен. Әжей баласының үйін сатып, азын-аулақ қаржыны депозитке салып, оны зейнетақымен үстемелеп, бір бөлмелі пәтерге әзер дегенде қол жеткізген. Ерте ме, кеш пе бұл пәтерге де таласатындар табылатынын сезіп отыр. Далада қаңғырып, бір пәтерден екінші пәтерге көшіп жүргенде қол ұшын беруге жарамаған балаларына өкпесі қара қазандай. Үш ұлы мен бір қызы айналасын қанша қорыса да, олардың қолына тигізбеймін дейді. “Пәтерді тарту ететін адам немесе мекеме табылады. Мәселен, мешітке мұрагерлік жазсам, ертеңгі күні олар менің адам сияқты жаназамды шығарып, жерлеп, аруағымды разы етеді”, – дейді ана күрсініп.
Қазақстан Републикасы Конституциясы 27-бабының 3-тармағында “Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті” деп атап көрсетілген. Қалима әжей бұл жағын білді ме, білмеді ме, әйтеуір сот төрелігіне жүгінуге асықпаған. Тек қорғаушысының айтуымен ғана өз құқығын қорғауға бел буыпты.
– Бірде азық-түлік дүкенінің алдында есікті ашуға шамасы жетпей тұрған қарияға кезіктім. Әңгімелесе келе оның басынан өткен оқиғаларды білдім. Зорлық-зомбылыққа қаным қас. Сондықтан оның қорғаушысы болатынымды айтып, іске кірістік. Алимент талап ету туралы сотқа өтініш білдірген кезде мен де, анасы да балалар ойланып, райларынан қайтар деп ойлаған едік. Бірақ үмітіміз ақталмады. Ортаншы ұлы бетбақтырмай сот соңғы сөзін айтқанға дейін саудаласты, – дейді қорғаушы Анатолий Рассказов.
Сот үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында шешім шығарып, баланы анаға ай сайын үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алимент төлеп тұруға мәжбүрледі. Бұл – қорғаушы сұраған төлемнен үш есе төмен. “Осылай өз ұлыммен жауласып отырған жайым бар, – дейді ана ашуға булығып. – Маған оның ақшасы қажет емес еді. Ойланар деп едім, ойланбады. Анасын жерге қаратқан, еш жанашырлығы жоқ адамнан қандай қайыр күтуге болады?! Ол сотта өзін ештеңесі жоқ бейшара етіп көрсетті. Оның қалай өмір сүретінін мен білемін. Анасы қаңғырып жүргенде жүрегі бүлк етпеді-ау. Енді, бүкіл елге қарабет болсын. Бала күннен “мама” деп келген ұлымның сотта “Мына әйел” деп маған саусағын шошайтқаны жүрегіме қатты батты. Оның түсінігінде мен жалақор әйел екенмін. Менің зейнетақым бір басыма жетер. Ал баламның шынымен “шіріген бір жұмыртқа” екендігіне көз жеткіздім. Солар үшін өмірімді, еңбегімді сарп еткен күндерім үшін өкінемін. Енді үлкен ұлды да сотқа беріп, одан да алимент талап етемін. Ол да ананың ақ сүтін ақтамаудың қандай абыройсыздыққа әкелетінін көрсін”.
Ал араққа салынып кеткен кенже ұлы көше кезіп, үй-күйсіз жүр. Ол былтырға дейін анасымен бірге тұрып келіпті. Қырыққа жақындаған ұлдың масыл болғаны өз алдына, ішіп алса, анасын соққыға жығатын әдеті де бар екен. Соңғы рет ұлынан қатты таяқ жеген қария он күн бойы аурухананың жансақтау бөлімінде жатып, есін әзер жиған. Сот оған анасының қасына жолауға тыйым салыпты. “Осында қаңғыбастар түнейтін жер бар дейді. Қайда екенін білесің бе?” – деп бір әңгімені бастағысы келді де, “Жоқ, керегі жоқ. Ол да бәрібір ештеңені түсінбейді”, – деп сөзін кейін қайтып алды…
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.