
Таңғажайыптар әлеміне тамсанып, ертегілер еліне еліктейтін пәк көңілді балаларға арналған Президент шыршасы әдеттегідей “Айналайын” ойын-сауық орталығында өтті. Жасыл шырша тойы бұл жолы да өңіріміздің белсенді де алғыр, оқуда озат ұл-қыздарын аңсай күткен сыйлықтар мен тәттілерге кенелтіп, ұмытылмас әсер сыйлады.
Киімдері көздің жауын алар “патшайымдар” мен “сұлтандар”, монтиған “ақ қозылар” мен азулы “арыстандар” бір-біріне жымыңдасып, төбе тіреген шыршаға бір тамсанып, ән мен биі үзілмеген сахналық қойылымдарға қол шапалақтап, мәре-сәре болысты. Облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері балаларды ертегілер әлеміне жетелеп, қиялдарына қанат бітіргендей болды.
Салтанатты шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен экран арқылы барша қазақстандық балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. “Біздің ұлы Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өмір сүріп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Айналасын алтын арайға бөлеген жасыл шырша – базарлы балалықтың белгісі. Шырайын шашқан осы шыршадай жайнап өсе беріңдер!” деген лебізін білдірген Президент жасампаз істердің барлығы өсіп келе жатқан бақытты ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалып отырғандығын айтты.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов та балаларды айтулы мерекемен құттықтап:
– Жаңа жыл – сендер үшін ең жарқын, ғажайып мереке. Бүгін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңажылдық шыршасына жиналып отырмыз. Бұл – Елбасының барша жас қазақстандықтар үшін жасаған үлкен сыйы. Елімізде жас ұрпақтың жақсы оқуына, өсуіне, дамуына барлық жағдайлар жасалған. Сендер, тәуелсіз Қазақстанның жас өрендері, Отанымыздың нағыз патриоттары болуға тиіссіңдер. Мәңгілік Ел идеясын іске асыру – жас ұрпақтың еншісінде. Оқуда озат, ел игілігіне үлес қосу жолында үлкен азамат болыңдар! Әр бүлдіршіннің жаңажылдық арманы орындалсын! – деді.
Жылы лебіздерді жүрегімен қабылдаған балалар Елбасы мен облыс әкіміне ризашылықтарын білдірген соң Аяз ата Ақшақармен бірге алып шыршаның шамын жақты.
Бұл күні балалардың ішінен ең сәнді де мәнді костюм иелері анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айыртау ауданындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернаттың оқушысы Анжела Сурнина мен Әлімжан Әріповтің “Нұрлы Жол – болашаққа” атты киімі көптің көңілінен шығып, оларға бас жүлде – ноутбук табыс етілді. Виктория Спицина, Надежда Исакова, Анна Раковчен, Виктор Якубинский есімді балалардың да карнавалдық киімдері ерекшелігімен көзге түсіп, бұл оқушылар бірінші орынға ие болды. Ал “Қазақстан халқы Ассамблеясы” болған Татьяна Чернигина, кемпірқосақ болып киінген Дарина Андреева, “ЭКСПО – 2017” тақырыбында киім тіктірген Исмаил Гулов пен Кристина Селедцова екінші орынның жүлдесімен марапатталды. Үш үшінші орын Әлішер Молдияровқа, Ділназ Шопановаға және Дияз Зелинскийге бұйырды. 13 бала ынталандыру сыйлығын алды.
Жасыл шырша тойына шақырылған өрендердің барлығына ел Президентінің атынан киім-кешек, оқу құралдары, тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.