«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТЕРІН ШЕБЕРЛІККЕ БАУЛИДЫ

Әліби Бейсенов Есіл ауданына қарасты Аяған Шәжімбаев атындағы Явленка қазақ орта мектебінде технология пәнінен сабақ береді. Ол осы ұжымда үш-ақ жыл қызмет етсе де, темірге тіл, жаңқаға жан бітірген шебер және өз ісінің маманы ретінде таныла білді. Көптеген шәкірттері аталмыш пәнге қызығушылық танытып, шеберлік өнердің қыр-сырын үйреніп алды. Алғашқыда оқушылар оқтау, ұршық, қараторғайдың ұясы, орындық, балтаға сап, тағы басқа сияқты үй шаруасына қажет құралдар мен бұйымдарды өз қолдарымен жасай бастады. Қолдары жаттыға келе, қазақы дөңгелек үстел, астау, бесік жасап, көрмелерден жүлделі орындар алды. Әліби Бейсеновтің қиялынан туған биіктігі 4 метрлік “Бәйтеректің” макеті мектеп мақтанышына айналды.

“Шәкірттерімнің бәрі шебер бола қоймас, бірақ “Етікшіні балға мен бізі асырайды, егіншіні кетпеннің жүзі асырайды” дегендей, келешек өмірлерінде мектепте үйренгендері оларға қажет болады деп ойлаймын”, – дейді ұстаз.  

Ұстаз оқушыларымен бірлесіп, былтыр Жеңіс күніне тақтай, фанер, қатырма қағаз, тағы басқа қолжетімді материалдардан немістің “Тигр” танкісін құрастырды. “Жигули” автокөлігіне тіркелген танк макеті жүріп кеткенін көргенде аудан жұртшылығы таң-тамаша болған еді.

Биылғы Жеңістің 70 жылдығында Кеңес Одағының “Т-34” танкісі мерекелік шерудің сәні болды. Орталық алаңға жиналған көпшілік танкіні қаумалап суретке түсті. “Макетті жасау үшін оқушылар қиялдарын, алгебрадан алған білімдері мен құрастырушылық шеберліктерін, еңбек етуге деген табандылықтарын шынайы өмірде пайдаланды. Сөйтіп, олар өздерінің еңбектерінің жемісін көрді. “Бұл шәкірттерімнің қиялын одан әрі ұштай түседі”, – дейді еңбек пәнінің мұғалімі.

Ә. Бейсенов білім мен шыдамдылық, еңбексүйгіштік, мұқияттылық сияқты өзінің бойындағы қасиеттерін оқушыларының бойына сіңіруде.

Ысқақ АРҚАЕВ,

қоғамдық тілші.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp