«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТЕРІ – МАҚТАНЫШЫ

“Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз”, – деген екен жазушы Лев Толстой. Қырық жылдан астам уақыт шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан Алданыш Нұрпейісовті осындай ұстаз дер едім. Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінде ұстаздық еткен ол бүгінде білім ордасын басқарып отыр.

Алданыш Нұрахметұлы – еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. Ардақты ұстазымыз қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Қадыр Мырза Әлі, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Белгібай Шалабаев сынды азаматтардан дәріс алғанын мақтанышпен айтып отырады. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Шаханов тәрізді аты аңызға айналған тұлғалармен кездесіп, тағылымы мол әңгімелеріне қаныққан. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы еңбек жолында мектеп директорының тәрбие, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін де атқарды.
Талай шәкірттің жолын ашып, үлкен өмірге түлетіп ұшырған аяулы ұстаздың еңбегінің жемісі – оқушыларының жетістігі. Алданыш Нұрахметұлы менің және басқа да сыныптастарымның қоғамда жауапкершілігі мол азамат болып тәрбиеленіп, қалыптасуымызға үлес қосты. Оның шәкірттері түрлі салада еліне адал қызмет етіп жүр.
Тәжірибелі ұстаз Дәуқара орта мектебінде отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Осы уақыт бедерінде ауыз толтырып айтарлық нәтижеге қол жеткізді. Осының барлығы ең алдымен, тиянақты, әр іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын басшының арқасында деп ойлаймын. Мектепке жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, материалдық-техникалық жарақтануы жақсарды. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған арнайы мультимедиалық кабинет те ашылған. Жаңаша оқу бағдарламасына сәйкес 7,10-сынып оқушыларына химия, биология пәндері ағылшын тілінде оқытылады.
Мектепте “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында да біршама жұмыстар қолға алынған. Атақты жерлесіміз Орынбай Бертағыұлының мұраларын жинастырып, үлкен мұражай ашуды жоспарлап отыр.
Ол сан мәрте мектептің игілігі үшін тындырған жұмыстары мен білім беру саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін мақтау, марапатқа ие болды. 2006 жылы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын алып, Айыртау ауданына 90 жыл толуына орай мерекелік медальмен марапатталған.
Ол – ұлағатты ұстаз ғана емес, отбасында қамқоршы жұбай, ақылшы әке. Зайыбы Күләш апаймен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген ұстазымыз жуырда зейнет жасына толып, еңбегінің жемісін көретін сәтке жетті.


Айғаным ЕРБОЛАТҚЫЗЫ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 2 курс студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp