«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шәкірттің жаққан шырағын

Өңірдің білім саласының “Алтын қорында” ұстаздар әулеті ретінде 40 отбасы тіркелген. Мұғалімдік жолды атадан балаға мирас етіп, бұл үрдісті бірнеше буыннан бері үзбей келе жатқандардың бірі – Рамазановтар әулеті. Бір шаңырақтан шыққан ұстаздардың саны 20-дан асады. Ал ортақ еңбек өтілі – 230 жыл шамасында.

Ұстаз болуды қастерлі мін­дет санайтын әулеттің өкілі Сапар Рамазановтың бірінші мамандығы – техник-механик. Туған жері Жамбыл ауданы Үлгі ауылында 90-шы жылдардың басына дейін осы кәсіп бойынша еңбек еткен. “Қайта құру” за­маны келіп, кәсіпорындар, ша­руашылықтар жабыла баста­ғаннан кейін Сапар Бектұр­ған­ұлына да заманға сай бейім­делуге тура келген.

“Мұғалімдік жұмысты кішкентайымнан көріп өскендіктен осы салаға бет бұрдым. “Маши­на тану” пәні менің бұрынғы жұ­мысыммен байланысты болды. Кейін әкем тарихшы болған­дықтан, мен де осы пәнді таң­дап, білім алдым. 2000 жыл­дары жоғары оқу орнына түсіп, “Тарих-география пәнінің мұға­лімі” мамандығын игердім. Бү­гінде мұғалімдік еңбек өтілім – 31 жыл. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде, қазақ-түрік лицейінде еңбек ет­тім. Қазір Петропавлдағы Жұмабек Тәшенов атындағы 20-шы орта мектепте география пә­ні­нен сабақ беремін, педагог-зерттеушімін”, – дейді ұстаз.

Рамазановтар әулетінде мұ­ғалімдік жолды Құрмаш Рамазанұлы бастауыш мектептің мұғалімі болып бастаған. Ол – Са­пар Бектұрғанұлының атасы. 1903 жылы туған, көрші ауыл­дағы мол­дадан хат таныған жан. Ал он бес жасынан бастап, яғни кеңес өкі­меті орнағаннан кейін ұжымдас­тыру ісіне ара­ласты. 1934 жылдан бастап Ор­тақшыл, Үлгі мектептерінде бас­тауыш мұғалімі болып 30 жыл қызмет атқарды. Соғыс ардаге­рі. “Құрмет белгісі” ордені және “Еңбектегі ерлігі үшін” меда­лімен марапатталған. 1963 жылы 60 жасқа келіп өмірден өткен.

“Әкем Бектұрған Петропавл педагогикалық училищесін біті­ріп, Үлгі сегіз жылдық мектебінде 16 жыл мұғалім, 5 жыл оқу ісі­нің меңгерушісі, 25 жыл мек­теп директоры қызметін атқар­ды. Жылдар бойы ауыл мәде­ниетін көтеруге, жастарды адам­гершілігі мол, рухы биік тұлға етіп тәрбиелеуге үлесін қосты. Ұзақ жылғы ұстаздық ең­бегі үшін “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” атағы берілді, “ҚР білім беру ісінің озық қызметкері” төсбел­гісімен марапатталды. Білім са­ласында 46 жыл қызмет атқар­ды, қазіргі таңда зейнеткерлік демалыс­та”, – деген Сапар Бектұрған­ұлы үлкен әулетте білім саласы бойынша еңбек еткен жандар­ды атап шықты.

Қазір төртінші буын мұғалім­дік қызметті жалғастырып жа­тыр. Соның бірі – қызы Ақерке. Ол Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін біті­ріп, облыстық білім басқарма­сында 3 жыл әдіскер болып қыз­мет атқарған.

Ұстаздың пікірінше, соңғы жылдары мұғалімдік әйелдер­дің мамандығына айналып ба­рады. Негізінен ер адамдар өнеркәсіпті, мемлекеттік қыз­мет­ті таңдайды, осылайша биік мансапқа жетуді ойлайды. Бұл бір себебі болса, екіншіден бала­мен жұмыс істеу, әсіресе қа­зіргі уақытта тілін тауып, білім-тәрбие беру оңай емес. Бұл – қиын, әрі зор жауапкершілік ар­татын мамандықтардың бірі.

“Қазір мен еңбек етіп жатқан мектепте 30-дан астам мұғалім болса, соның жетеуі ғана ер адам. Осыдан 5-10 жыл бұрын­ғы балалар мен қа­зіргі бала­лардың айырмашы­лығы жер мен көктей. Бүгінгі ба­лалардың дүниетанымы ғана емес, тәр­биесі де бөлек және оқу­шы­лардың көбінің оқуға де­ген құш­тарлығы төмен. Бұрын бала на­шар баға алса соны жоюға ты­рысатын, намыстанатын. Қазір оқушыны нашар ба­ға­мен “қор­қыта” алмайсың. Әрі бұрынғы бағдарламамен са­лыс­тырған­да қазіргі мектеп бағ­дарламасы оқушы үшін күрделі деп есеп­теймін. Ал жалпы оқи алмайтын оқушы болмайды, оны оқыта ал­майтын мұғалім болуы мүмкін”, – дейді ол.

Сапар Бектұрған­ұлы өмірде де, ұстаздық жолда да әкесін үлгі тұтады. Се­бебі ата-анасы үнемі жол көр­сетіп, ба­ғыт-бағдар беріп отыр­ды. “Ба­лаңды тәрбиелемес бұ­рын, өзің­ді тәр­биеле” деген тәм­сіл бар. Кейіп­керіміздің “Бұл сөз әке­ме қа­рата айтылғандай”, – дегені та­ғылымды ұстаз, өнеге берер ас­қар тау бола білген жан­­ның құр­метін асырғандай. Әр ісі­мен, жү­ріс-тұрысымен үлгі бол­ған ол ұстаздық жолды таң­да­ған бала­ларына да түзу жол­ды көрсетті. Мектептегі алғаш­қы ұс­тазы – нағашы апасы Ай­сұ­лу Мағзұм­қызының да есімі әркез есінде.

Сапар Рамазановты көпші­лік әнші ретінде де жақсы тани­ды. Ол “Жігіт сұлтаны” байқауына қатысып, облыстық кезеңнің жеңімпазы атанғанын біреу бі­лер, біреу білмес.

“Әке-шешем де ән айтады. “Жігіттің жақсысы нағашыдан” дейді ғой, нағашыларым да ше­тінен өнерпаз. Мектепте оқып жүргенде домбыра ансамблі болды, соған қатыстым. Домбы­ра шертуді үйреткен әкем. Ал нағашым, анамның інісі клуб меңгерушісі болды. Сол кісінің жанында әскерге дейін, барып келгеннен кейін көп жүрдім. Түрлі байқауларға қатысатын­быз. 1996 жылы ауданда “Жігіт сұлтаны” байқауы болды. Сон­да бірінші орын алдым. Кейін облыстық кезеңге қатысып, бас бәйгені жеңіп алдым. Жігіт сегіз қырлы, бір сыр­лы болуы керек. Сол байқауда жұртты таңғал­дыр деген тапсырма болды. Қа­жымұқан атамыз сияқты кү­шімді көрсетейін деп “Волга” кө­лігіне 5 қызды отырғызып, ті­сіммен сүйредім. Республика­лық тур Шымкентте өтті. Бірінші кезеңнен өткенім­мен, екіншісіне қатыса алма­дым. Ыстық ауа райына шыдамай, қан қы­сымым көтеріліп, ауырып қал­дым” – дейді Сапар Бектұрғанұлы.

Мектепте сабақтан тыс жұ­мыс көп. Түрлі бай­қаулар, кеш­тер ұйымдастыры­лады. Сол кезде бойдағы өнер оқушы­ларға ән айтып, сцена­рий жазуға, қойылым қоюға кө­мек. Жал­пы бала сабақ қызықты өтсе ғана есте сақтайды. Әрі қазіргідей түрлі технология да­мыған заманда оқушыны қы­зық­тыру өте қиын. Сол се­бепті мұғалімдер барынша түрлен­діруге тырысады. “Осын­дай­да өнер керек-ақ, кейде та­қы­рып­ты ұғындыру үшін өлең шыға­рамын. Көштен қалмау үшін үне­мі ізденісте болып, бі­лімді же­тіл­діріп отыру қажет”, – деп ойын түйіндеді Сапар Ра­мазанов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp