«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТТІҢ ЖЕҢІСІ – МҰҒАЛІМНІҢ ЖЕМІСІ

Тауағаш орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Бекайдар Шаймерденовтен “Ұстаздық жолға қалай келдіңіз?” деп сұрағанымда алған жауабыма өзім тосылып, не дерімді білмей қалдым. Туған ауылынан жыраққа шықпаған бала Бекайдар Тауағаш орта мектебін бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге асықпаған. “Ауылда бір жыл бойы не оқуға түспей, не жұмыс істемей, тек үй шаруасымен жүрдім. “Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын” деп Абай атамыз айтқандай, бос жүруден жалығып, келесі жылы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Жолым болып, бірден оқуға түсіп, ойда жоқта студент атандым. Осылай аяқасты таңдаған мамандығым бүгінде өмірімнің мәніне айналғанын өзім де байқамай қалдым”, – деп күле жауап берді Бекайдар Бексұлтанұлы.

Алайда, ол оқуын бітірген соң да бірден алған мамандығы бойынша жұмыс істемей, Өскемен қаласында Отан алдындағы әскери борышын атқарады. Әскери қызметін өтеп келген соң Есіл ауданындағы Еңбек негізгі мектебінде ұстаздық етеді. Бірақ бір-екі жылдан кейін ол бастауыш мектеп мәртебесін алады да, жұмыссыз қалған жас жігіт екі қолға бір күрек іздеп, “Қазақдорстрой”, “Көкшетау жолдары” фирмаларында жол салатын бригада құрамында еңбек етеді. Өзінің бес жыл оқып, диплом алған мамандығына 2011 жылы қайта оралады. Бүгінгі күні осы мамандықты меңгеріп, өзінің білгенін басқаға үйретіп жүрген Бекайдар Шаймерденов: “Қазір ұстаздыққа аяқастынан болса да келгеніме ризамын. Жалпы мұғалімдік өтілім алты жыл, соның төрт жылында өзімнің туған ауылымда еңбек етіп жүрмін. Жұмысым өзіме ұнайды”, – деп ағынан жарылды.  

Бекайдар Шаймерденов аз уақыттың ішінде мамандығын жақсы меңгеріп, оқушыларының өз пәніне деген қызығушылығын арттыра білді. Оның оқушысы Ақмарал Рүстемова Қазақстан тарихынан облыстық олимпиадада бірінші орынды иеленді. Бір айта кетерлігі, ол – республикалық жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыттағы пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде бірінші орын алған 35 баланың ішіндегі жалғыз ауылдық оқушы.

– Өзім қазақ болған соң елімнің тарихын білуім керек деп түйдім. Сондықтан Қазақстан тарихынан бастадым. Ұстазымның жетекшілігімен олимпиадаға дайындық барысында “Шың” кітабының көмегі зор болды. Кестелер, диаграммалар сыздық, оқулықты, Интернетті пайдаландық. Мектепте үнемі ұйымдастырылатын тарихқа байланысты түрлі конкурстар, мектепішілік олимпиадалар, басқа жарыстардың да көмегі мол. Сабақтар қазіргі заман технологияларымен түрлендіріліп өткізіледі. Осының нәтижесінде жеңіске жеттім деп ойлаймын, – дейді Ақмарал Рүстемова.

Бекайдар Бексұлтанұлы оқушысын алтыншы сыныптан бастап олимпиадаға дайындай бастаған. Ақмаралдың өзі де білімқұмар, мақсатшыл, мектепішілік сайыстарда үнемі өзін көрсете білетін оқу озаты. Тауағашта орта білім беретін жаңа мектеп ашылғалы мұғалімдер де жаңаша жұмысқа көшкен. Олар бұрын екі ауысымда білім берсе, қазір түске дейін сабақ оқиды, түстен кейін қосымша сабақтар, олимпиадаларға дайындықтар, түрлі шаралар өткізеді. Ұстаздардың жаңа технологияларды пайдаланып жұмыс істеуіне арналған интерактивті тақталар, компьютерлендірілген лингафон, информатика, тарих, химия, физика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері кабинеттері бар. “Бұрын сабақты тек картамен өткізсек, қазір интерактивті тақталарды қолданып, Интернет мүмкіншіліктерін пайдаланамыз. Оқушылар да заманауи технологияларды жақсы меңгерген, керегін өздері іздеп, табады. Балалардың барлығының дерлік үйлерінде Интернет бар. Ауылдағы жалғыз мәселе – жолдың жоқтығы”, – дейді Бекайдар Шаймерденов.

Мұғалімнің берген білімін әрі қарай дамытып әкету үшін оқушының сол пәнге деген қызығушылығы, талабы, қабілеті де болуы керек. Талаптың тұлпарына мініп, олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, ұстазының мерейін үстем еткен Ақмарал: “Республикалық сайыста бұдан да қиын болады, сондықтан оған осы бастан дайындалып, білімімді толықтыра түсуге тырысамын”, – дейді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) олимпиада жеңімпазы Ақмарал Рүстемова мен тарих пәнінің мұғалімі Бекайдар Шаймерденов.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp