Мектеп бітірген түлек үшін өмір бойғы серігі болатын мамандығын жаңылмай таңдауы маңызды. Әмір Мәжитов дүниедегі көп кәсіп түрлерінің ішінен жас ұрпақтың енді ғана кемелденіп келе жатқан сана-сезіміне білім нәрін сіңіру арқылы әлемді танытатын ұстаздық мамандықты таңдағанына өкінбейді. 44 жылдан бері ұстаздық етіп келе жатқан Әмір Шадатұлы Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясында физика пәнінен сабақ береді. Ол 1976 жылы Петропавл қаласындағы К.Ушинский атындағы педагогикалық институтты физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған.
Педагогтік жолға түскен осы жылдар арасында білім жүйесінде қаншама өзгерістерді көріп, ұстаздықтың ыстық-суығына бірдей төзіп, оның қыр-сырын жақсы меңгерді. Бүгінде Әмір Шадатұлы – өзі қызмет атқарып жүрген білім ордасының мақтаныш тұтар маңдайалды ұстазы. Жоғары санатты мұғалім соңынан ерген жас мамандарға жол сілтеп, үлгі-өнеге болуда. Аудан, облыс көлемінде физика пәні бойынша өтетін түрлі семинарларда оның сабақтары көпшілік талқысына салынып, озық іс-тәжірибесі өзгелерге таратылады.
Ұстаздың айтуынша, физика пәнін жалғыз теориямен ұғындыру мүмкін емес. Сондықтан ол сабақта өтілетін материалды өмірмен байланыстыра отырып, нақты мысалдар арқылы түсіндіреді. Бала жүрегін баулыған ұстаз әр шәкіртін адастырмай, биік шыңдарға жетелейді. Оқушыларының пәнге қызығушылығын оята отырып, оларды ғылыми жобалар жазуға тартады. “Ғылыми жоба жазу кезінде оқушы көп оқиды, ізденеді, тәжірибе жасап көреді. Бір оқушымның “Жылу двигательдері және оның қоршаған ортаға әсері” тақырыбы бойынша жүргізген зерттеуі ғылыми жобалар сайысында жоғары бағаға ие болды. Мектепте алған білім олардың болашақ өміріне жол ашады”, – дейді Әмір Мәжитов.
Уәлиханов ауданының Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша көрсеткіші (2014-2015 оқу жылында – 81,8, өткен жылы – 83,54) соңғы бірнеше жыл қатарынан жоғары нәтижелерге ие болса, Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясы соның көш басында келеді. Оқушылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне мұғалімдердің біліктілігімен қатар, мектептің соңғы үлгіде жабдықталған материалдық-техникалық базасының да зор ықпалы бар. Білім ошағындағы пәндер бойынша арнайы кабинеттер оқушылардың сұраныстарын қанағаттандырады. Ұстаз өз кәсібінің қыры мен сырына үңіле отырып, әр баланың жан дүниесін танып, білімге деген құштарлығын оятуға тырысады.
Әр жылғы түлектердің кемінде төрт-бесеуі Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде арнайы пән ретінде физиканы таңдайды. “Биылғы оқу жылында да физика пәнін таңдаған төрт оқушы болды. Олардың біреуі пән бойынша берілген 25 сұраққа түгел дұрыс жауап берсе, екі оқушым 21 ұпайдан алды. Тағы бірі 16 сұраққа дұрыс жауап берді”, – деген Әмір Шадатұлы алдынан ұшқан түлектердің көбі техникалық мамандықтарды таңдап, сол бойынша Қазақстанның белді оқу орындарында грантпен оқып жүргендерін мақтанышпен жеткізді. Ал Олжас Әнуаров деген оқушысы Назарбаев Университеті ашылғанда аталмыш оқу орнына грантпен түскен екен. Қазір ол шетелдердің бірінде техникалық мамандықты меңгеруде.
Әмір Шадатұлы – білікті ұстаз болуымен қатар, сүттей ұйыған отбасының тірегі. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген асқар таудай әке, ардақты жар. Қызы аудандық телекоммуникация бөлімінде жұмыс істесе, егіз ұлының сыңары әке жолын қуып, ұстаздықты таңдаған. Екінші ұлы – машина жасау ісін меңгерген білікті маман.
Ұстаз білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы адал еңбегі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін бірнеше мәрте облыс әкімінің, білім басқармасы басшысының мақтау қағаздарымен марапатталған. Үстіміздегі жаңа оқу жылы қарсаңында Әмір Мәжитұлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
