
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің: “Бізге жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі”, – деген сөзі әр кезеңде де өзектілігін жойған емес. Елімізде мұғалім мәртебесін көтеру үшін тиісті заңдар қабылданып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр, ұлағатты мамандықтың абыройын асқақтатып жүрген жандарға ықылас ерекше. Әсіресе, болашағынан үміт күттіретін жас мамандардың әр жетістігі білім саласына жарық түсірер шырақтай көрінеді. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлбағыш Кемеңгерованы ерекше атап өтуге болады. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің түлегі, қазақ филологиясы мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар жас маманның жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай.
Гүлбағыш Ақжігітқызы 2018 жылы “Тәлімгер және жас маманның педагогикалық дуэті” атты кәсіби шеберлік және тиімді тәлімгерлік, “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” байқауларының облыстық кезеңдерінде жеңіс тұғырынан көрінсе, өткен жылы ІІІ республикалық “Жас маман” байқауында бірінші орынды еншіледі. Былтыр Тараз қаласында өткен республикалық “Дарынды балаларға – талантты ұстаз” байқауында өңір намысын қорғап, екінші орын алды.
Еңбекқор, ізденімпаз жас маман шәкірттерінің де танып-білуге құлшынысы зор екенін айтады. Олардың бойындағы осы ұшқынды маздатуды өзінің міндеті санаған педагогтың жетекшілігімен оқушылары талай байқауға қатысып, сенімін ақтады. Облыстық, республикалық деңгейде өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадаларда, шығармалар мен ғылыми жобалар байқауларында жүлделі орын алған шәкірттері ұстазының мерейін үстем етті.
– Әркімнің үлгі тұтар, соған қарап бой түзер адамы болады. Мен Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, ұстазым Жанар Қалиеваға еліктеймін. Ол кісінің алдында білім алған жылдары мұғалім мамандығын таңдаған адам өз ісін қалтқысыз сүюі керек екенін түсіндім. Бүгінгі таңда өзім таңдаған білім саласында еңбек етіп жүргендіктен, алдыма келген оқушыларға бар білгенімді үйретіп қана қоймай, олардың бойында ізденімпаздық қасиетті қалыптастырғым келеді. Себебі, өзін-өзі жетілдіріп жүретін адам зор жетістіктерге жетеді, таным көкжиегі де кең болады, – дейді Гүлбағыш Кемеңгерова.
Жас маманның бойындағы қызметіне деген осы бір адалдығы ескерусіз қалған жоқ. Тынымсыз еңбегі үшін әр жылдары түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталып, жоғары білікті ұстаз атансам деген арманына жақындап келеді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.