«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН

Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – екінің біріне, егіздің сыңарына бұйыра бермейтін жауапкершілігі зор мамандық. Біздің өңірімізде терең білімімен, жайдары мінезімен шәкірт жүрегіне жол салған мұғалімдер аз емес. Солардың бірі – Рахат Әзімбаева десем, қателесе қоймаспын.

Жуырда жаңаша оқыту технологияларын меңгеру мақсатында Петропавлдағы “Өрлеу” педагогикалық шеберлік орталығында біліктілікті арттыру курсынан өткен едім. Бұл төрт апталық курсқа облыс бойынша қырықтан астам мұғалім шақырылып, екі топ бойынша дәріс алдық. Мен Гүлзат Кенжебекқызы жетекшілік ететін топта болдым. Курс барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдетіп оқытудағы, соңғы жылдары енгізілген жаңалықтармен таныстық. Есімдері елімізге белгілі тіл ғалымдарының, ақын-жазушылардың еңбектеріне шолу жасадық. Алғашқы дәрісте жетекшіміз тарапынан қойылған сауалдарға арамыздағы бейтаныс әріптесім бірнеше рет жауап беріп, көзге түсті. Сөз саптауынан, ойын анық жеткізе білуінен оның өз мамандығын жетік меңгергені әрі жан-жақтылығы, өткен ғасырдағы, қазіргі заман, әлем әдебиеттерін терең білетіні көрініп-ақ тұрды. Сабақ үстінде Гүлзат Кенжебекқызы: “Бұл кісі – Рахат Омашқызы, облысымыздағы бетке ұстар ұстаздарымыздың бірі”, деп таныстырды. Сол күннен бастап біз, облысымыздың әр түкпірінен жиналған мұғалімдер онымен жақын араласып кеттік. Өмірде мақтау мен құрметке тоқмейілсімейтін, “мен білемін” деп, білгенін бұлдап, кісімсімейтін жандар сирек кездеседі ғой. Рахат Омашқызымен таныса келе оның осындай қарапайым, ой-өрісі кең, айналасына мейірім шуағын төгуге ынтық екенін ұққандай болдық. Көпшілігіміз топқа сіңісе алмай, сабаққа бірден кірісе алмай жүргенде бізді Рахат Әзімбаева бір мақсаттың төңірегіне топтастыра білді. Берілген тапсырмаларды тез әрі шығармашылықпен орындаудың жолдарына қанықтырды. “Болашақтың бағбандарын тәрбиелеп отырған әрбір ұстаз қазақтың әдебиетін жетік білуі керек”, – деп бізді төл туындыларды оқып келуге дағдыландырды. Әрине, тіл маманы болған соң біздің кітапсыз күніміз жоқ. Әйтсе де, көркем туындыларды саралап, таңдап оқуды біз Рахат Омашқызынан үйренгенімізді жасыра алмаймыз.
Мақаламыздың кейіпкері – Рахат Әзімбаеваның еңбек жолына үңілсек, тек жетілу мен жетістіктерден тұратыны аңғарылады. 2007 жылы М. Әуезов атындағы Семей мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген ол облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицей-интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде Рахат Әзімбаева көптеген шәкірт тәрбиелеп, оларды білім нәрімен сусындатты. Оның алдын көрген оқушылардың дені бүгінде шетелдерде, еліміздің өзге де өңірлерінде жемісті қызмет атқаруда. Рахат Омашқызы облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, облыс әкімінің грантын алған.
Пән мұғалімі ретінде өзінің “Тіл-таным” атты авторлық бағдарламасы арқылы дарынды шәкірттерді оқытып келеді. Шәкірттері республикалық, облыстық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайысының, атап айтқанда: “Жарқын болашақ”, “Мың бала”, “Тіл – тәуелсіздік символы” байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Өзінің авторлық екі бағдарламасы: “Тілтаным” және “Қазақ тілін қатынас құралы ретінде меңгерту арқылы коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыру” республикалық байқауға ұсынылып, жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, ұстаздың бес оқу-әдістемелік құралы жарық көргенін айта кеткен жөн.
Ізденімпаз жанның ой толғанысын өз сөзімен өрнектесек: “Қазіргі білім беру саласында бірқатар шешілмеген проблемалар бар. Мектепте табысты білім алған оқушылардың бәрі бірдей өмірден өз орындарын таба алмайды. Осыдан бүгінгі мектеп тәжірибесінің тиімсіз екендігін айқын байқауға болады. Бұл оқу үдерісіне өзгеріс енгізіп, жетілдіру қажеттілігіне негіз болып отыр. Яғни, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жалпы білім беретін орта мектептің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңартудан бастау алуы тиіс. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін практикада тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді сіңіруі керек. Жеке тұлғаның әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал етуі тиіс. Мұның бәрі мектепте қалыптасады…”.
Ол алдында отырған оқушыларының, ең бірінші, тәрбиелі болғанына баса назар аударады. Өйткені, ғұлама әл-Фарабидің: “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы” дегенін жақсы біледі. Сонымен қатар өрендерді өз елінің нағыз патриоты болуға шақырудан жалыққан емес. “Елін шын сүйген адам ұлтына адал қызмет етпей қоймайды. Мен шәкірттеріме осыны үнемі айтып отырамын. Қазір әлем қарқынды өзгеруде. Ұлттық құндылықтарымыздың, соның ішінде қазақ баласына тән мінездердің жоғалып кетпеуі үшін әрбір ұстаз күресуі керек”, – дейді ол. Еселі еңбегімен, көркем мінезімен ұстаздық деген ұлы мамандықты жанына серік етіп, сол арқылы шәкірттерінің жүрегіне жол тапқан Рахат Омашқызы осындай жан.

Нұрлыбек ҚИСЫҚОВ, “Привольная” орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp