«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘМШІ ӘНДЕРІН ШЫРҚАДЫ

Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов атындағы “Менің Қазақстаным!” әншілер байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Оған өңірімізден 13 үміткер қатысты.

Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған дәстүрлі байқау жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашуды көздейді. Шараны облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының халық шығармашылығы және мәдени қызмет орталығы ұйымдастырды.

Барлығымызға бала кезден таныс “Ақ бантик”, “Өмір-өзен”, “Бәрінен де сен сұлу”, “Ақмаңдайлым”, “Мойынқұмда”, “Теріскей”, “Кешікпей келем деп ең” және сазгердің тағы басқа жүрек қылын тербейтін әндері бұл жолы да шырқалды. Әншілер сазгердің екі әнін орындау керек еді. Дода тартысты болды. Себебі, бұл сыннан сүрінбей өткен үміткер облыс намысын республикалық додада қорғайтын болады. Асығы алшысынан түскен Алма Жанай үстіміздегі жылы қазан айында Астана қаласында өтетін байқаудың ақтық сынына қатысатын болады. Байқаудың бас жүлдесін ұтып алған жас әнші – Қызылжар ауданының тумасы.  

Бірінші орын Есіл ауданынан келген Мерей Үсенге бұйырды. Ал қызылжарлық Дамир Есболов пен айыртаулық Алтынкен Көшекбаев екінші орын алды. Үшінші орынға қызылжарлық Медет Ибадуллаев пен ақжарлық Асқар Тораев жайғасты.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp