Қазақ халқында “Шөбере қолынан су ішкен жан – өмірдегі бақытты жан” деген жаныңа жақын қасиетті сөз бар. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз де осы қатардан орын алып, шөбере қызығына бөленіп отыр. Кездесе қалсаң, “айналайын” деген жылы сөзімен аймалап, күн сәулесіндей шапағатына бөлейтін ақ жаулықты ана Нағима Шәріпова Тайынша қаласында тұрады.
Біз білетін Нағима әжеміздің жаны – бұлақтың суындай мөп-мөлдір. Өзінің сабырлы мінезімен, мейірімділігімен отбасында аяулы ана, ақылшы әже, әке орнына әке болып отырған ерекше жан. Нағима Уәлиқызы – ата-анадан жалғыз. Тағдырдың жазуы болар, бір әке, бір шешеден өрбіген 13 баладан осы кісі ғана өсіп-жетілген, алдында ағасы, соңынан ерген бауырлары жоғы, әрине, өкінішті. Бірге туған бауырлары болмаса да, ол өмірге ерекше құлшыныспен қарайды, ата-анасының үмітін ақтауға тырысып, еңбекке ерте араласқан. Кейін Кеңес Шәріпов деген азаматпен тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Жолдасы Кеңес екеуі 33 жыл бірге отау құрып, өмірге жеті бала әкелді. Алғашқыда темір жолда, кейін Тайынша өңірінде ішкі істер бөлімінде қызмет атқарған Кеңес атамыздың өмірі ұзақ болмады.
Нағима әжеміз балаларының ортасында тағы да жалғыз қалды. Тағдырдың қатал сынына төтеп беріп, балаларына өзі тәрбие берді, еңбектен де қол үзбеді. Аудандық тұрмыстық қызмет көрсету үйінде 25 жыл тігінші болды. Зейнет жасына жеткенше осында еңбек етіп, көпшіліктің алғысына бөленді. Әжеміздің суреті үнемі Құрмет тақтасында тұратын.
Балаларының әрқайсысы – өз алдына бір-бір отау тіккен, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Қиындықтан қорықпайтын, байлыққа қызықпайтын мінезінің арқасында Нағима әжеміз – өз отбасына ғана емес, өзгеге де сыйлы жан. Ағайын-туыстың, тіпті, көршілерінің, жолдастарының да қуанышы мен қайғысын жанымен түсініп, ақыл-кеңесін беруден ешқашан тартынбайды. Нағима әжеміздің көңіліне кірбің түсіп, ана жүрегі жараланған тағы бір ауыр кезең – қызы Айманның өмірден ерте озғаны. Бірақ “Артында бар оңалар” дегендей, қызының артында ұрпағы қалды. Сол ұрпақтан Нағима әжеміз Саят есімді шөбере сүйді. Енді шөбере қолынан су ішіп, бақытты жандар қатарына енді. Бұл күні 13 немере, 12 шөбере сүйіп отырған әжеміздің кейінгі жас ұрпаққа айтары да мол.
– Шаңырақта ең бірінші татулық, сыйластық болуы тиіс, өйткені, өмірдің ұлы жолы – үйіңнің табалдырығынан басталады, – дейді асыл ана. Өмірде көргені көп, көкейге түйгені мол әзиз ана адал еңбек етіп отбасын шаттыққа бөлеу әр адамның парызы екенін айтады.
Әжеміздің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Бүгін қажырлы еңбегінің зейнетін көріп, өнегелі тәрбиемен өсіп, көркейген ұл-қыздары аналарын аялап, перзенттік борыштарын абыроймен өтеуде, ал асыл әже болса, сексенді еңсеріп, ұрпағының ортасында бақытты күн кешуде.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша ауданы.