Ауылдағы ағайын шілде айы басталысымен шөп шабу науқанына қызу кіріскен болатын. Жауапты шақ басталғалы шабындыққа шалғы түсірген Мамлют ауданының шаруалары да уақытпен санаспай еңбек етуде.
Биылғы жоспарға сәйкес ауданда жалпы 38 мың тонна шөп шабу жоспарланған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанат Елиясовтың айтуынша, бұл жергілікті шаруалардың жылдық қажеттілігін толықтай қанағаттандырмақ.
– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табандылығының арқасында бүгінгі күні 17,3 мың тонна шөп шабылды. Бұл – жалпы жоспардың 45,5 пайызы. Шаруалардың қарқындары жақсы. Жауапты науқанға білек сыбана кіріскен жергілікті 54 агроқұрылымның 100-ден астам бригадасы қас қарайғанша шабындық басында бір адамдай еңбек етуде. Ауа райы осы қалпынан танбаса жеткілікті мөлшерде шөп жинап аламыз. Шөп шабуды мерзімінде аяқтау үшін агроқұрылымдарда жұмыс күші де, техника да жеткілікті, – дейді Жанат Сағындықұлы.
Бөлім мамандарының айтуынша, шөптің өнімділігі облыс бойынша былтырғы деңгеймен шамалас. Гектарынан 8-10 центнерді құрауда. Шаруалар оны шауып қана қоймай, тасымалдауды да бастап кеткен. Аталмыш науқан тамыз айына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
Күннің ыстығына қарамастан, қарқын алған шаруалар бірер күннен кейін шөптен басқа да мал азықтарын дайындау жұмыстарын атқармақ. Мәселен, қорды молынан қамдап алуға ниетті жергілікті агроқұрылымдар күзге дейін 13 мың тонна пішендеме және 30 мың тоннаға жуық сүрлем дайындауды жоспарлап отыр.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.