«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӨП ШҮЙГІН БОЛСА, МАЛ КҮЙЛІ

Өңірде мал шаруашылығы жылдан-жылға өркендеп келеді. Алдағы уақытта қызылжарлық шаруалар елімізде көш бастауды жоспарлап отыр. Етті, сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен айналысуға ниеттілердің саны артуда. Төрт түлік өсіріп, мыңғырған мал айдаймын дейтіндерге мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған. Алайда табысына қарай аталған істің машақаты да аз емес. Мыңдаған түлікке қарайтын маман табудан бастап, оларға жайлы орын дайындап, талапқа сай күтім жасау қиынның қиыны. Бүгінде қорасында бір-екі сиыры бар адамның өзі күзде жемшөп іздеп сабылып, әуреге түсіп жүргенде, жүздеп, мыңдап мал ұстайтындардың жауапкершілігі тіптен ауыр. Жаз жаңбырлы болып, шөп шүйгін шыққанымен іс біте қоймайды. Тиісті нормаларға сай мал азығын дайындап, сақтау да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Егер бұл істе бір қателік кететін болса, табыс азайып, шығын артады.

Ауыл шаруашылығынан түсер табыс артып, тауарлы-сүт фермалары көптеп ашылып жатыр деп қанша мақтанғанымызбен, өңірде ірі қараның саны жыл сайын азайып бара жатқаны байқалады. Солтүстіктің суығында сиыр бағып, сауудың оңай емес екені анық. Ұлттық статистика бюросы жариялаған деректерге сүйенсек, 2019 жылдан бері облыстағы сиыр саны 350 мыңнан кем болмаған. Тіпті кей кездері ірі қараның саны 500 мыңға дейін жеткен. Алайда өткен жылы бұл көрсеткіш 280 мыңға төмендеп, биылғы жылдың қаңтарында Қазалжардағы ірі қара 276 мың деп көрсетілген. Аймақта аталған көрсеткіш бойынша алда тұрған Тайынша, Қызылжар, Уәлиханов аудандарының әрқайсысында 30 мыңның үстінде мал бар. Соңғы деректер өңірде 395 мың қой- ешкі, 146 мың жылқы барын көрсетіп отыр.

Малдың сырын білетін қазақ «Сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтпаған ғой. Түптеп келгенде алатын өнім беретін жемшөпке тікелей тәуелді. Істің мәнін білмейтін көп шаруаның ұтылар тұсы да осы. Аталған салада шетелдік фермерлер әлдеқашан алға озып, ғылымның соңғы жетістіктерін енгізіп үлгерді. Мыңдаған малды ала жаздай шабылған құр көк шөппен асырауға болмайды. Қажетті технологияны, үйретер мамандарды сырттан әкелуге болар. Алайда мал азығы қалай да өзімізде өсірілуі керек. Әрі бұрынғыдай жаңбыр мен жайлы жазға сеніп отырмай, жаңа әдістерге жедел көшкен жөн.

Былтыр өңірде аталған салаға қатысты өткен кеңейтілген жиында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың көп жұмыс тек қағаз жүзінде ғана атқарылып келгенін ашып айтқаны бар. Министр отандық малшылардың негізгі көрсеткіштер бойынша көршілес елдерден артта қалып, әлемдік нарықтағы бәсекеге төтеп бере алмай отырғанын жеткізді. Ірі қараның салмағы да, одан сауылатын сүт те өзгелерден аз екен. Мұның бір себебі ретінде Айдарбек Сейпілұлы мал азығының дұрыс дайындалмауын атап көрсетті.

2023 жылы өңірдегі жиын-терім уағында ауа-райы тосын мінез танытып, дала жұмыстарына кедергі келтіргені бар. Сол жылғы құрғақшылық салдарынан мал азығының тапшылығы туындап, көп шаруалар қыста шөп таппай қиналғаны елдің есінде. Кейін мұның себебі ретінде өңірдегі көпжылдық шабындықтардың жаңартылмай келе жатқаны айтылды. Екі жыл бұрын көпжылдық шабындықтардың үлесі жалпы шөп жиналатын алқаптардың 58 пайызын алып жатқан. Мамандар шабындықтағы көпжылдық шөптер жыл өткен сайын аз өнім бере бастайтынын айтады. Сондықтан оны уақытында жаңалап отырудың маңызы зор. Алайда облыста өз шабындығына күтім жасамай, 5-10, тіпті 20 жыл бойы шөп шауып келе жатқан шаруашылықтар бар. Осыны ескерген кәсіп иелері былтыр біржылдық шөп алқаптарын 125 мың, сүрлемді 30, сүрлемдік күнбағыс көлемін 30, өзге мал азықтық дақылдарының алқабын 18 мың гектарға жеткізді. Суармалы алқаптардың көлемі де екі есеге жуық артып, 8 мың гектарға тиісті технология тартылды.

Аталған жұмыстардың өңірде оң нәтиже беріп жатқанын, бұл бағытта асығыстыққа баруға болмайтынын облыс әкімінің орынбасары Марат Тасмағанбетов жуырда шаруалардың басы қосылған жиында айтты.

– Біздің шаруалар мал азығын дайындауды меңгерді. Бүгінде өз мүмкіндігімізге сай сүтті бағыттағы мал шаруашылығына арналған теңгерімді рацион ұстанып отырмыз. Шетелдіктер де сапалы жемшөпті жоғары бағада алуға дайын. Көп мамандар жоңышқаның құнарлы азық екенін айтуда. Өңірде жоңышқа өсірудің оң тәжірибесі бар. Мемлекет өңірдегі алғашқы мал азығын даярлайтын зауыт құрылысына қолдау көрсетті. Былтырғы қолайлы ауа райында дайындалған азық шамамен екі жылға жетеді. Оның ішінде құнарлы азық түрлерінің қоры мол. Бұрын шаруалар сүрлемдік жүгері өсіріп келсе, бүгінде соя да мал шаруашылығына пайдалы дақыл ретінде егілуде, – деді Марат Иманбайұлы.

Былтыр өңірдегі шаруалар қысқа 414 мың тонна пішен, 509 мың тонна сүрлем, 1244 мың тонна шөп, 872 мың тонна сабан дайындаған. Кей аудандарда 1,5-2 жылдық қор қамдап алған кәсіп иелері де бар. Алайда сарапшылар пішен мен шөпке ғана арқа сүйемей, шырынды, құнарлы азық түрлерінің үлесін арттырып, макро, микроқоспаларды пайдалану керек дейді. Өкінішке қарай, өңірде тек мал азығына ғана маманданған ірі ша руашылықтар жоқ. Әр серіктестік жемшөпті өз малы үшін даярлап, одан артылса ғана сатылымға шығарады. Бір шаруа әрі егіншілік, әрі мал шаруашылығы, әрі шөп дайындаудың басын ұстағандықтан үшеуін де ақсатпай алып жүруі қиын. Шет елдерде мал азығын дайындайтын арнайы ірі компаниялар жұмыс істейді екен. Олар тек бір саламен айналысып, бар күшін сапалы шөп өсіруге арнағандықтан, өнімі де сұранысқа ие. Ал малшылар болса ол жағына алаңдамайды, әрі кәсіби мамандар дайындаған азықтың төрт түлікке пайдасы да мол. Бұл туралы өңірге жұмыс сапары барысында Еуропа шабындық, жайылым иелері федерациясы атқарушы комитетінің мүшесі, мал азығын өндіру институтының сарапшысы Сергей Панчук баяндап берді. Австриялық маман Қызылжарда өз керегі үшін ғана жем- шөп өсіріп қоймай, шетелдік нарықты да бағындырудың мүмкіндігі мол екенін айтады.

– Өзім бұл салада 16 жыл тер төгіп жүрмін. Осы уақытта 200 мың гектардан астам аумаққа шөп тұқымын септім. Оның басым бөлігі жоңышқа алқабы. Жоңышқаны сақтап, малға берудің түрлі жолы бар. Соның бір жолы – арнайы зауытта шөп ұнтағын өндіру. Бүгінде ТМД елдерінде өндірілетін шөп ұнтағы 50 мың тоннаға да жетпейді. Бұдан бөлек, жоңышқаны сығымдап, сол күйі сатылымға шығару мүмкіндігі бар. Шетелдік нарықта мұндай шөптің тоннасы 350 долларға бағаланып отыр. Өңірде мал азықтық базасы нығыз фермалар аз. Соңғы 5 жылда жаңа фермалар пайдалануға беріліп жатыр, алайда жемшөп базасы жабдықталмаған. Мұның бәрі болашақта үлкен қиындыққа ұрындыруы мүмкін, – дейді сарапшы.

Сергей Панчуктың сөзінше, алқаптарды суару арқылы тәуекелдерді еңсеріп, тек өз өңірімізді ғана емес, оңтүстік облыстарға да құнарлы шөп жеткізу жолы бар. Оны қойшы, америкалық фермерлер жыл сайын 1,7 млн. тонна шөпті контейнерге салып, кемемен Қытайға сатады екен. Аспан асты елімен шекаралас Қазақстандағы шаруалардың қандай пайдадан құр қалып отырғанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз.

– Даниялықтар шөпті ешқандай қоймасыз ұзақ уақытқа сақтаудың технологиясын ойлап тапты. Бүгінде Копенгаген қаласы құр сабанмен жылытылып отыр. Жалпы Қазақстанда мал азығының ішкі нарығын қалыптастыру керек. Әр шаруаның жемшөп даярлайтын мүмкіндігі жоқ. Өнімділігі жоғары бір комбайнның өзі 1 млн. доллар тұрады. Сондықтан ұсақ шаруалардың сапалы қыстық қор жасауға қолы жете бермейді. Әр аудандағы дәнді дақылдарды сақтайтын қамбалар сияқты, елімізде кемі 20- 25 мал азығын өндіретін ірі зауыт болуы қажет. Сонда кәсіп иелері қыстан қысылмай шығады. Ресейде ондай өндіріс орындары біртіндеп ашылып жатыр, – дейді австриялық сарапшы.

Осы саланы тереңірек зерттеп жүрген мамандар өңірде шөп егудің технологиясы сақтала бермейтінін айтады. Мол өнім жинау үшін шөп қатарларының арасы 12,5 сантиметрден аспауы керек. Егер ондай болмаса, алқапқа екі рет тұқым егу қажет. Қатарлардың арасы тым ашық болса арамшөп көбейіп, шығымдылық азаяды. Жетілген шөпті қандай биіктікте шабудың да өз талаптары бар.

Жыл сайын қарт құрлық төрінде әлемнің мыңға жуық ғалымы бас қосып, шөп дайындау мәселесін талқыға салып, соңғы жетістіктерін таныстырады. Ең өкініштісі аталған жиынға тұтас ТМД-дан соңғы 8 жыл бойы небәрі 2 зерттеуші ғана қатысыпты. Оның бірі – қазақстандық 85 жастағы ғалым Мейірман Ғалиолла. Осының өзі елімізде аталған мәселенің ескерусіз қалып, маман даярлаудың алға баспай тұрғанын көрсетеді. Жол көрсетер сарапшылар мен ғалымдар болмаған соң шаруалар да қателікке ұрынып, алға адымдай алмай келеді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp