Ресейге сүт тауарларын тасымалдаумен айналысатын жергілікті бизнес өкілдері облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің көмегіне жүгінген болатын. Тауарларының Қазақстан-Ресей шекарасында ұзақ уақыт кідіріп қалатынын айтып, шағымданған кәсіпкерлердің мәселесін палатаның заңгерлері шешіп берді.
“Сүт одағы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Кузлякиннің айтуынша, Ресейдің Есілкөл қаласындағы ветеринарлық бекетте құжаттарды рәсімдеу жұмысы ұзаққа созылып, тауар өндірушілерді қаржылық тәуекелдерге душар еткен. Өйткені, жүктің шекарада кідіруі тауардың сапасына кері әсер етеді. Үстіміздегі жылғы шілде айында көліктер шекарада 17 сағат бойы бөгелген.
– Тез бүлінетін сүт өнімдерін тасымалдаған кезде санитарлық ережелер мен температуралық режімді сақтау керек. Кәсіпкерлер тауарды жеткізу кестесін қадағалап, төтенше жағдайларға дайын болуы қажет. Сондықтан біз Ресейдің Есілкөл ауданы бойынша ветеринария және фитосанитария бөлімінің басшысы Сергей Тертышнойға және Омбы облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Юрий Герасименкоға бекеттегі ветеринарлық куәліктерді жеделдетіп беру мүмкіндігін қарастыру туралы ресми сауал жолдадық, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Жақында Омбы облысы бойынша Ресейдің ауыл шаруашылығын бақылау басқармасынан ресми жауап келді. Хатта автоматтандырылған “Меркурий” ақпараттық жүйесін қазақстандық ақпараттық жүйелермен интеграциялау жұмыстары жүріп жатқандықтан осындай жайттардың орын алып отырғандығы, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатындығы жазылған. Басқарма жүк кідірісін азайту үшін ветеринария бекетіне қосымша мамандарды жұмылдырмақ.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.