«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТАЛЫҒА ҚОЛДАУ БАР

Мамлют ауданындағы Андреевка ауылының тұрғыны Қуаныш Қаражұмановтың жолаушылар тасымалымен айналысып жүргеніне 10 жылдан асты. Бастапқыда екі автобуспен аудан орталығына жақын елді мекендерден жолаушылар тасыса, өткен жылы Мамлютка қаласындағы автобекетті сатып алып, кәсібін кеңейтті. Рас, бұл мәселе оңай шешіле қойған жоқ, бірқатар кедергілер жолын кескестеп, оның шешімін кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалымен бірге тапқан болатын.

Содан бері ол палата қызметкерлерінің көмегіне сенім артып келеді. Бұл жолы кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытып, мекемеге тағы да бас сұқты. Палата қызметкерлері ынталы кәсіпкердің бұл талабын қолдап, қажетті құжаттар жинауға, бизнес-жоспар құруға көмектесті. Нәтижесінде Қуаныш Қаражұманов “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 3 миллион теңге мемлекеттің несие қаржысына қол жеткізіп, оған сегіз жылқы мен бірнеше қой сатып алды. Екі ауылдасын жұмысқа қабылдады.

– Қуаныш Қаражұманов – үлгі тұтарлық кәсіпкер. Ол жолаушылар тасымалы бизнесін жақсы үйлестіріп, енді өз іскерлігін басқа бағытта сынап көрмекші. Осындай еңбекқор жандар діттеген ойларын қашанда жүзеге асырады, – дейді кәсіпкерлер палатасы Мамлют аудандық филиалының директоры Нина Василенко.

Жанар СҮЛЕЙМЕНОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp