Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында біз болашаққа нақты жоспармен нық қадам басудамыз. Елбасының “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауы барша қазақстандықтарды Мәңгілік Ел болу мұратына жетелейтін маңызы зор құжат деп есептеймін.
Бүгінде әлем елдері жаһандық дағдарыс қыспағында тұр. Біздің еліміз үшін де қазір сындарлы сәт туды. Нарықтың құбылып тұруы – заңдылық. Сондықтан бүгінде отандық нарықта ғана емес, әлемдік нарықта да бірталай құбылыстар орын алуда. Соған қарамастан, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дамудың даңғыл жолына бастайтын сындарлы шешімдер қабылдап, тек алға қадам басуымызға барынша жағдай жасауда. Әсіресе, дағдарысқа қарсы тұрақтандыруда халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған шаралар әрі қарай жалғасын тауып жатқаны көңіл қуантады.
Бүгінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы еңбек адамдарына деген қолдау ерекше екенін баса айтқым келеді. Қазір елімізде жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндік қарастырылуда. Тек әрбір адамда шынайы ықылас, ынта болуы керек. Елбасымыз еліміздегі экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші аграрлық сектор екенін айтып, жаңа технологиялар мен өндіріс инфрақұрылымдарын енгізу арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің өсімін 1,5 есеге арттыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда 2015 жылы аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалына бизнесті қолдауға 120 өтінім түсті. 42 адам арнайы кәсіпкерлік курсынан өтсе, 36 адам “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-дан несие алды.
Мағжан Жұмабаев ауданы – кәсіпкерлікті қаржыландыру мен бөлінген қаржыны игеруде облыс бойынша бірінші орында. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 36 кәсіпкер 50 миллион теңгенің қаржылай қолдауына ие болды. Әсіресе, егіншілік, мал шаруашылығы саласын дамыту ерекше қарқын алғаны байқалуда. Осы орайда кәсіпкерлердің құжаттарын дайындап, бизнес-жоспар құруда филиал кеңесшілерінің атқарған еңбегі зор. Біздің мамандар ел игілігі жолында шынайы еңбек етіп, кәсіп ашуға ниет еткен әрбір адамға қол ұшын созуға әрқашан дайын.
Биылғы жыл басынан бері 22 адамның өтінімі қабылданды. Олардың барлығы өз ісін бастап, кәсіпкер болуды қалайды. Мемлекет басшысы жақында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап көрсеткеніндей, алдағы уақытта да бөлінетін қаржы көлемі ұлғаятыны көптеген қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатыны сөзсіз. Бұл өз кәсібін ашуға ынталы азаматтарды қанаттандыра түседі.
Еліміздегі ынтымақ пен бірліктің арқасында жұдырықтай жұмылып, Елбасымыз алға қойған айбынды міндеттерді бұлжытпай жүзеге асыруға тиіспіз. Әрбір азамат табысты жұмыс істеп, Қазақстанды өркендетуге өз үлесін қосуы керек. Біз осы мақсатты жүзеге асыру үшін аянбай еңбек ететін боламыз.
Нұржанат ШӘРІМОВ,
кәсіпкерлер палатасы
Мағжан Жұмабаев аудандық
филиалының директоры.