«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН АУЫЛ

Наурыз айының ортасы болып қалса да, солтүстіктің қытымыр қысы әлі де етек-жеңін жинар емес. Биылдыққа молынан түскен жауын-шашынның үстін осыдан екі-үш күн бұрын ғана жаңартқан қар күн сәулесіне шағылысып, айналаны нұрландыра түскендей. Тылсым табиғаттың әсем көрінісін тамашалаумен жол қысқарып, Аққайың ауданындағы Дайындық ауылына тез жеттік.

Дайындық ауылының орналасқан аумағын жерұйық десе болғандай. Оның табиғаты да, адамдары да, бүгінгі тыныс-тіршілігі де сондай ойға итермелейді. Өңіріміздегі үлгі тұтар елді мекендерінің бірі ретінде бұл ауыл туралы қанша жазсақ та, артық етпейді. Аталмыш елді мекен биыл 87 көктемін қарсы алып отыр. Бұл ауыл Наурыз мерекесін қалай өткізетінін білгіміз келді.

Ауылға алыстан көз тастаған кезде ол ақ көрпеге оранып алып, мүлгіп жатқан сыңайлы… Алпыс шақты түтіні бар ауылдың әр үйінің алдында қыбырлап жүрген адамдарды қотанға кірген кезде ғана байқайсың. Ұзын, жалғыз көшеге енген көлігімізді қарсы алған иттердің үрген дауысынан жол-жөнекей келе жатқан екі-үш адам назарын бізге аударып, Құдайы қонақтармен бас изеп, амандасты.

Көшеден сыртқары орналасқан мешіттің төбесіндегі алтын күмбездер күнге жылтырап, көзге алыстан ілігеді. Мешіттен әрі екі ғимарат көрінеді. Бірі – клуб, екіншісі жақында қолданысқа берілгелі отырған балабақша. Біз соларға қатарласа жалғасқан мектепке атбасын тіредік. Өйткені, ауылдық жердегі кез келген мерекені жас жеткіншектер бастайтыны сөзсіз. Мектеп ауласында биік өскен шыршалардың ортасында гранит тастан соғылған ескерткішке Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар мен еліне аман оралғандардың есімдері жазылыпты. Отан қорғауға сол жылдары бір кеңшарға бағынған Кеңес, Үшқұдық, Жаңа қоныс, Дайындық ауылдарынан 100-ге жуық жауынгер аттаныпты, 70-і туған топырағына оралмапты.

Мектеп іші қарбаласқан тірлік. Шағын ғимараттың ішінде сабақтар да өткізілуде. Сайлауға дайындық та осында жүргізілуде, түкпірдегі кабинеттен домбыраның үні шығады. Аталмыш мектептің директоры Талғат Рамазанов білім ошағы туралы қысқа ақпараттар берген соң Наурыз мерекесіне қалай дайындалып жатқандарын көрсету үшін жас өнерпаздар жиналған кабинетке қарай бастады.

– Ауылымыз – ұйымшыл. Тұрғындар үшін мектепте, мешіт пен клубта, шаруашылықта жұмыс бар. Өткен ғасырдың 90-жылдары ауылымыздың жартысы көшіп кетіп, мектебіміз кішірейіп, ғимараты апаттық күйде болған еді. 1998 жылы Біржан Шәймерденов елді көтеру жұмысын білім шаңырағынан бастап, оны күрделі жөндеуге 2 миллион теңге қаржысын бөлді. Жас кәсіпкер үшін бұл қомақты ақша екендігі сөзсіз. Ауыл оның осы бастамасына әлі күнге дейін риза. Бүгінге дейін ол мектепке көп қарайласады. Балабақшаны да өз қаржысына салып, жақында оны қолданысқа бермек, – деді мектеп басшысы.

Жастары 10-12-лер шамасындағы жеті оқушы әдемі күйді күмбірлетіп жатыр екен. Олардың “Болашақ” атты домбырашылар үйірмесіне қатысып жүргендеріне биыл – үшінші жыл. Десек те, ынталы әрі талантты балалар домбыраның қос шегінде ойнайды. Әрине, мұны үйірме жетекшісі Ырысгүл Қонысбайқызының еңбегі деп білеміз. Мектеп директоры домбырашы оқушыларының аудан орталығында өтетін айтулы мерекелерге жиі шақырылатынын мақтан етті. Сондай-ақ, былтыр мектептің екі оқушысы Мөлдір мен Альмира аудандық сайыста вокалдан бірінші орынды иеленіпті. Сол жеңімпаздар “Есіңе мені алғайсың” әнін тамылжыта орындап берді. Бұл жас өнерпаздардың Наурыз мерекесіне дайындап жатқан бағдарламасының бір үзігі ғана. Жылда мектеп әкімшілігі ауыл тұрғындарына арнайы бағдарлама жасайды. Биыл да әр сынып өз шаңырағын құрып, ата-аналардың көмегімен дастарқан жайып, өнерлерін көрсетіп, баршаға мерекелік қуаныш сыйлайтындарына сенімді.

– Біздің ауылда барлық мереке қызықты өтеді. Наурызға жылда ерекше дайындаламыз. Өйткені, бұл мерекенің өткізілетін мерзімінің өзі адамның көңіліне үлкен шаттық ұялатады. Қазақтың үлкен талғаммен қалыптастырған салт-дәстүрін білу – ұрпаққа парыз. Соның көбін біз мектеп қабырғасында үйренеміз. Біздің ұйымдастырған шараларымызға ауыл үлкендері риза болса, қуанамыз, – дейді оқушы Жұлдыз Сауырбаева.

Мектептен шығып, ауылдың сыйлы қариясы, Губайдуллиндер отбасының асыл қазынасы Гүлсира әжейдің үйіне соқтық. Ол бұл ауылға 1957 жылы келін болып түсіпті. Ұлты – татар, жаны қазақ қария Дайындық ауылының жарты ғасырлық тарихын көз алдында өткізген.

– Мен Шарифке тұрмысқа шыққан кезде жас болатынмын. Бөтен ел, басқа ұлт. Бастапқыда бұл ауылда қалай өмір сүремін деген қорқыныш болды. Ауылдың тұрғындары – асыл, менің күдігімді тез сейілтті. Тіршілік қиындықсыз болмайды, көрдік. Бірақ ауыл тұрғындары ынтымағы мен бір-біріне деген сыйластығын ешқашан жоғалтқан емес. Бүгінде ауылдың ахуалы жақсы. Тұрғындардың жұмысы бар, балашаға өсіп жатыр. Осыдан артық не керек?! Мереке болса ел болып тойлаймыз. Оған басшы болып Біржан баламыз жүреді. Ол көз алдымызда өскен бала ғой, кейін еліне келіп азаматтығын көрсетіп жатыр. Жастарымыз өнерлі, тәрбиелі. Ауылда елдің бірлігін, берекесін, ырысын ұстап отырған 2-3 азаматымызға рахмет, – дейді қария.

Бұл ауыл да өткен ғасырдың 90-жылдары Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурызбен қауышып, шара халықтық сипатқа ие болған. Қария замандастарының қатары азайып бара жатқанын айтқан кезде мұңайып қалды. Сәл үнсіздіктен соң әңгімесін жалғастырып, ұрпақтың аман-саулығын, елдің тыныштығын тілеп, батасын берді.

Жұрт мақтан тұтқан Біржан Әбділманұлына жолықпақ оймен “Дайындық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соқтық. Директор жұмыс бабымен біздің алдымызда ғана кетіп қалыпты. Шаруашылықтың бригадирі Ринат Губайдуллин басшысының жоқтығын білдірмей, мән-жайға қанықтырды. Көктемгі-күзгі маусымдық жұмыстарда бұл шаруашылықтағы еңбеккерлер саны 120 адамға жетсе, қыста мұнда 85 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Бүгінгі күн қорадағы малдар төлдеп, еңбеккерлердің шаруасы көбейген кез. Қатар-қатар салынған қора-қопсылардың қасында біраз адам еңбек етіп жүр. Сиырларын сауып болған сауыншылар үйлеріне қарай беттеп барады. Ерлер болса ірі қарадан қан алып жатқан мал дәрігеріне көмектесіп, соның қасында шоғырлана қалыпты. Олар үшін мұның барлығы күнделікті тіршіліктің көрінісі болар, ал сырт көздің жұмыла еңбек етіп, арасында әзілдесіп жүрген адамдардың жанарынан бір-біріне деген сыйластықтың, бірліктің ұшқынын байқамай қалуы мүмкін емес еді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp