
Кеше Достық үйінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың қатысуымен облыстық ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшелері, өңірлік басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырған бүгінгі алқалы жиынымыз бәріміз үшін маңызды. Таяуда Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел бірлігін, ынтымағын сақтауда Ассамблеяның қоғамда атқарып отырған рөлін ерекше атап көрсетті. Бұл сессияға біздің облыстан қырық төрт адам қатысты. Сессияда “Мәңгілік Ел” патриоттық актісі қабылданды. Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі болған Ассамблея болашақта да еліміздің дамуына зор үлес қосады деген сенімдемін, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Содан кейін Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында алға қойған міндеттерді орындау бағытында атқарылатын іс-шаралар туралы баяндама жасады. Бүгіндері біздің өңірімізде жүздеген тұрғындарды қамтыған 24 облыстық және 154 аудандық этномәдени орталық жұмыс істейді. Соңғы жылдары облыс аумағында 47 қоғамдық келісім кеңесі мен 16 аналар кеңесі құрылды. “Үлкен ел – үлкен отбасы” жобасының аясында көптеген адамға көмек көрсетіліп, 284 мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырылды. “Сомониен Север” тәжік мәдени орталығының төрағасы Анваршох Амиршоев өз этнос өкілдерінің Қызылжар өңірінде бірлік пен ынтымақта өмір сүріп, еліміздің дамуына үлес қосып жатқанын тілге тиек етті.
Отырыс барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары болып “Кентрон” армян этномәдени орталығының төрағасы Геворг Геворкян бірауыздан сайланды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы, өңір басшысы Ерік Сұлтанов жиналғандарды 1 мамыр мерекесімен құттықтап, достықты, ұлтаралық келісімді, азаматтық бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі, төл мәдениетті, тілді, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау мен дамыту бағытында атқарған жұмыстары үшін облыстық этномәдени орталықтарының төрағаларына облыс әкімінің грантын тапсырды.
Ерік Хамзаұлы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, көктемгі егіске дайындық, алда тұрған міндеттер туралы сөз сөйлеп, сұрақтарға жауап берді.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.