
Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында ТМД елдерінің білім саласы қызметкерлері мен мұғалімдерінің IV съезі өтті. Оған 10 мемлекеттен делегация қатысты. Қазақстаннан барған 30 делегаттың арасында болған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Кариновамен әңгімелесіп, ауқымды шарадан алған әсерлері жайлы сұраған едік.
– Биыл біздегідей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері де 25 жылдығын атап өтуде. Сонымен қатар, үстіміздегі жыл ТМД елдерінде білім жылы болып жарияланған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы біздің еліміздің білім жүйесі көрген қиыншылықтарды ТМД-ға мүше мемлекеттердің барлығы да басынан өткерді. Арада ширек ғасыр өткенде сол кезге көз жүгіртетін болсақ, білім саласының көп ілгері жылжығаны байқалады. Аталмыш елдер университеттерімен тығыз да сындарлы мемлекетаралық ынтымақтастық қалыптасып, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп, ұлттық білім беру жүйесін үйлесімді реформалауға барлық жағдай жасалды. Біздің еліміздің білім жүйесінің ТМД мемлекеттері арасында алатын орны жоғары екендігін әр жақтан келген әріптестеріміз де атап көрсетті.
– Қазақстандықтар басқа елдердің өкілдеріне не ұсынды және олардан қандай жаңашылдықтар көрдіңіздер?
– Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан, оның ішінде біздің облыстың қатысуымен көрме ұйымдастырдық. Қазақстанның білім жүйесі ТМД елдерінің қызығушылығын туғызды. Мәскеу қаласындағы бір білім кешенінің жұмысымен таныстық. Ресейде оңтайландыруға байланысты 2010-2015 жылдар аралығында реформалар жасалған екен. Мысалы, 2010 жылға дейін Мәскеуде 3 мың мекеме жұмыс істеп келген болса, білім ұйымдарын бір-біріне қосу арқылы олардың 600-і қалған. Бір мектеп директорының басқаруында орта білім беретін 2 мектеп, мектепке дейінгі 5 білім беру ұйымы және қосымша білім беру мекемесі бар. Соңғысының бірі – музыка, екіншісі спорттық бағытта жұмыс істейді. Яғни, баланың балабақшаға келгеннен бастап, оқу бітіргенге дейінгі өмірі бір мектептің көлемінде қамтылған. Ресейдің тәжірибе ретінде ұсынған білім кешенінің жұмысын облыс орталықтарында немесе үлкен қалаларда жүзеге асыруға болатынына көз жеткіздік.
– Біздің елде, облыста балғындарды балабақшалармен қамту мәселесі шешімін таппай келе жатыр. Бұл жағынан келгенде ТМД елдерінде жағдай қалай екен?
– Жиында білім саласының әр жақты мәселелері көтерілді. Соның ішінде балабақшалармен қамту мәселесі бойынша Қазақстан мен Белоруссия өкілдері баяндама жасап, Мәскеу қаласының тәжірибесі көрсетілді. 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды міндетті түрде мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту мәселесі оларда да өткір тұр. Біз бүгінгі күні балабақшамен қамту деңгейін 97 пайыз деп белгілеп отырмыз, Мәскеуде ол 85-87 пайыз. Қазіргі 4 жылдық мемлекеттік бағдарламада 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз қамтысақ, 2020 жылдан басталатын мемлекеттік білім бағдарламасы 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерге бағытталатын болады. Осының барлығы жүйелі түрде жасалып келе жатқан жұмыс.
– Өзіңіз дарынды балаларды қолдау мен дамыту үшін ынтымақтастықты қамтамасыз ету қажеттігі жөнінде мәселе көтерген екенсіз. Сол туралы айтып беріңізші.
– Менің ол жақта көтерген мәселем негізгі тілдердің бүгінгі күндегі өміршеңдігі, оның қажеттілігі жайлы болды. Біздің балаларымыз тілді білуіне қарай (қазақ, орыс, ағылшын) барлық халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобаларға қатысады. Бізде халықаралық білім алмасу жүйесі бар. Бүкіл әлем ашық болып тұрған қазіргі жағдайда “тек қазақ тілін білсем болды” деу жеткіліксіз. Қазақ тілін білу – міндетіміз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, деңгейін көтеру – азаматтық, патриоттық парызымыз. Алайда, орыс, ағылшын тілін білу – қажеттілік. Экономикалық, саяси байланысымызды, өндірістік және тауар айналымын дамыту, адамдардың өмір сүру деңгейін көтеру, балаларымыздың бүкіл ел, әлем көлеміндегі бәсекелестікте өзінің лайықты орнын алуы үшін көп тілді үйренуге машықтануымыз керек. Мәселен, көршілес облыстармен байланысқа түсіп, сауда-экономикалық жұмыстарды ілгерілету үшін саяси да, экономикалық тұрғыдан да қажет тіл ретінде Ресейдегі Омбы қаласының 7 мектебінде қазақ тілі оқытылуда. Орыс тілінің біздің Қазақстанда оқытылуы да осындай саясат. Біз осы саясатты жаңартылған білім мазмұнының көлеміне сыйғызып отырмыз. Басқа елдерден келген әріптестеріміз біздегі жаңаша оқыту жүйесіне жақсы баға берді. Көп тілді білу саясаты адамның қабілетін арттырады. Елдің беделін көтеру үшін оны сыртқа да таныту қажет. Басқа тілдерді үйрену, білу бізді әлемдік деңгейге көтеріп, өзімізді көрсетеді. Біз сол міндетті атқардық. Мен съезде өзге әріптестеріме осы ойымды нақты жеткіздім деп ойлаймын.
– Еліміздің білім беру жүйесінің басқалармен ұқсастығы немесе артық-кем тұстары бар ма екен? Съезден қандай ой түйдіңіз?
– Біздің бүгінгі күні функционалдық сауаттылыққа қарай жылжып келе жатқан бағытымызды Ресей Федерациясы да ұстануда. Жалпы білім берудегі бағытымыз дұрыс деген ой түйдік.
Сұхбаттасқан
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.