«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – БЕРЕКЕ БАСЫ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы машина жасау кәсіпорындарын қолдауға арналған дағдарысқа қарсы республикалық шаралар жоспарына ұсыныс енгізген болатын. Аталмыш жоспар аясында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен төрт ұлттық компания (“Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ, “Қазақтелеком” ҰК” АҚ, “Самұрық-Энерго” ҰК” АҚ) арасында жалпы сомасы 9,1 млрд. теңгенің жергілікті үлесті дамыту жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумы жасалды. Меморандумға байланысты отандық тауарөндірушілермен, атап айтқанда, “ЗИКСТО” АҚ мен “Қазтемір-Транс” АҚ арасында сомасы 3,78 млрд. теңгеге 300 жүк вагонын жеткізіп беруге “ПАМЖЗ” АҚ мен “Жөндеу” ЖШС арасында сомасы 498 млн. теңгеге арнайы машина жасауға “ПАМЖЗ” АҚ мен “АргомакТрансСервис” ЖШС арасында сомасы 41 млн. теңгеге көтергіштер әзірлеуге; “Ақниет-БН” ЖШС мен “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС арасында сомасы 200 млн. теңгеге өнім шығаруға жалпы сомасы 4,5 млрд. теңгеден асатын келісімдерге қол қойылды.

Бұдан басқа “ЭКСПО – 2017” нысандарын салу аясында “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен имараттар зауыты” ЖШС 850 млн. теңгенің металл құрылмаларын жасап беру туралы шартқа тұрды. Облыстың “Народные окна”, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты”, “Анисифиров” ЖШС-лері сияқты кәсіпорындар да келіссөздер жүргізуде. Мемлекеттік органдармен және мемлекеттік тапсырысқа қатысатын компаниялармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде қазақстандық тауарлардың үлесі 2 еседен астам өсті (34%-дан 89%-ға дейін). Биыл Елбасының тапсырмасымен жасалған “Нұрлы Жол” мемлекеттік бағдарламасына орай 107 нысан Қазақстанда жасалған тауарларды пайдаланатын болады.

Үстіміздегі жылғы 18 наурызда облыстық әкімдікпен бірге өткізілген кәсіпкерлердің “Қазақстанда жасалған” форумында жалпы сомасы 560 млн. теңгенің 9 меморандумы мен келісіміне, сол сияқты отандық құрылыс материалдарын пайдаланып, Петропавл қаласында биыл жалпы алаңы 48 мың шаршы метрден астам жалгерлік тұрғын үй салуға меморандум жасалды. Бүгінгі күні осы тапсырыстарды жүзеге асыруға арналған шаралар атқарылуда.

– “ЗИКСТО” АҚ бұл күндері “ҚазтемірТранс” АҚ-ның тапсырмасын орындау үшін жоспарлы түрде жұмыс істеуде. Оған кәсіпорынның 742 қызметкері жұмылдырылған. Бұл тапсырыс келісім бойынша жыл соңына дейін аяқталуға тиіс, – дейді бас директордың орынбасары Валерий Спицин.

“ПАМЖЗ” АҚ-ның маркетинг бөлімінің басшысы Бекжан Есжановтың айтуына қарағанда, “Жөндеу” ЖШС мен “АргомакТрансСервис” ЖШС-нің ұңғымаларды жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге, сонымен бірге цементтеуге арналған көтергіш агрегаттар жөніндегі тапсырысы мамыр айында Ақтау қаласына жөнелтілетін болады. Ақтаулық “ТұлпарМұнай-сервис” ЖШС де осындай екі агрегатқа тапсырыс беріп отыр.

– Біздің зауыттың 170 қызметкері мамыр айының соңына дейін “ЭКСПО – 2017” үшін көрме кешендерінің павильондары құрылмаларын жасаумен айналысады. Елордадағы “Астана опера” театрының қаңқасы біздің кәсіпорынның өнімінен тұрғызылғандығын мысалға келтіре отырып, кез келген тапсырысты орындау қолымыздан келетіндігін атап айтқым келеді. Осының өзі отандық тауарлардың да бәсекеге төтеп бере алатындығын көрсетеді, – дейді “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен имараттар зауыты” ЖШС-нің директоры Арыстанбек Бекқожинов.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp