«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖЕМІСІ

Ауыл шаруашылығын, әлеуметтік салаларды дамытуда, Мемлекет басшысы алға қойған азық-түлік бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыруда жұмыс берушілер мен облыстың ауыл шаруашылығы кәсіподақтары ұйымдарының тиімді жұмысы маңызды болып табылады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының “Ақселеу” ЖШС басшысы Серік Малаев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы Евгений Теровецтің әлеуметтік әріптестік бойынша жемісті еңбегін үлгі қылуға болады. Серіктестікте жастармен жұмыс, ұрпақтар сабақтастығы жақсы жолға қойылған.

Кәсіподақ комитеті мен серіктестік арасындағы қарым-қатынас 2013-2015 жылдарға жасалған ұжымдық шарт негізінде құрылған. Ол құжатта еңбек қарым-қатынасы мен келісімі, жұмыс және демалыс уақыты, жалақы төлеу, еңбек және денсаулық сақтау, жұмысшыларды жұмыспен және әлеуметтік қамту саласындағы кепілдіктер, кәсіподақ құрамын сайлау шарттары қарастырылған. Ұжымдық шарттың басты мақсаты ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін, жұмыс сапасын арттыруды көздейді. Серіктестік директоры Серік Малаевтың айтуынша, ол жас мамандардан жұмыс сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа ұсыныстар жасайтын кәсіби мамандар командасын қалыптастыруды міндет етіп отыр.  

Кәсіпорын “Ақселеу” ЖШС 2020 жылға дейінгі дамыту стратегиясын жасап, жоспардың орындалуын қатаң қадағалайды. Машина-трактор паркі 90 пайыз жаңартылған. Негізінен “Джон Дир”, “Челенджер”, “Хорш”, “Морис”, тағы басқалар сияқты техникалар алынған.

Өндірісті басқарудың да жаңа әдістері енгізілуде. Барлық учаскелерге ЖШС-нің диспетчерлік орталығымен байланыстырылған бейнебақылау орнатылып, ауыл шаруашылығы техникасы жұмысына спутниктік мониторинг жүргізіледі. Бұл еңбеккерлердің жұмыс сапасын, жауапкершілігін, еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырды. Өткен жылғы егін орағы кезіндегі ауа райы жағдайын ескере отырып, кәсіпорын биыл қабылдау, кептіру, сұрыптау қызметтерін атқаратын 5500 тонналық шағын элеватордың құрылысын жүргізіп жатыр. Бес адамды жұмыспен қамтитын элеваторды Қазақстан Конституциясы күніне орай тапсыру көзделген.

“Ақселеу” ЖШС негізінен аумағы 15000 гектарды құрайтын егіншілікпен айналысады. Және Елбасының ет өндірудің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға орай асылтұқымды репродуктор құрылды. Асылтұқымды мал санын 700 басқа жеткізу көзделуде.

Кәсіпорынның тұрақты және тиімді жұмысының нәтижесінде түскен қаражат әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсалуда. Серіктестікте еңбек ететін жүзге тарта адамның барлығы да кәсіподақ мүшесі. Ковыльное ауылының бос тұрған үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, оларға жас механизаторлар мен мұғалімдер қоныстандырылды. Ауылдағы үйлердің жартысына жуығына серіктестік балансындағы су тарату құбырынан тіршілік көзі тартылған. Көшелер жарықтандырылған. Заман талабына сай наубайхана, монша жұмыс істейді.

Ауылда мектеп түлектері мен орта арнаулы, жоғары оқу орындарын бітірген жастарға баса назар аударылады. Бүгінгі таңда машина-трактор шеберханасында 23 жас маман еңбек етіп жүр. Ковыльное ауылындағы орта мектептің жөндеу жұмыстарына серіктестіктен жыл сайын 1 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Мектеп жанындағы 25 бүлдіршінге шақталған шағын орталық та серіктестіктің қамқорлығында. Білім ошағының аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының 1-4-сыныптарда оқитын балғындары шаруашылық есебінен тегін тамақтандырылып, осы санаттағы оқушыларға “Мектепке жол” акциясы аясында көмек көрсетіледі. Еңбек әулеттері мен үздік жұмысшылар да кәсіпорын басшысының назарынан тыс қалған емес. Олардың шаруашылыққа сіңірген еңбектері дәріптеліп, оқушылармен, жастармен кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

Кәсіпорын жұмысшылары үшін осызаманғы жаттықтыру құрылғыларымен жабдықталған фитнес-орталықта демалу тегін. Жалақы мәселесі ұжымдық шарт бойынша шешіледі. Кәсіпорынның еңбекақы төлеу ережесіне сәйкес жұмысшыларға жалақы үш бөлім бойынша белгіленеді. Олар: тікелей еңбекақы, жұмысшының біліктілігін ескере отырып, жалақы белгілеу, жұмыс сапасына қосымша ақы төлеу және оның соңғы нәтижесіне жыл қорытындысы бойынша сыйақы беру арқылы жүзеге асады. Шаруашылықтағы жұмысшылардың өткен жылғы орташа еңбекақысы 76600 теңгені құрады.

Егіс науқаны кезінде жұмысшыларға ыстық ас 50 пайыз жеңілдікпен беріледі, сонымен қатар іңірде тағы бір мәрте қосымша тегін тамақ ұйымдастырылады. Серіктестік жұмысшылары ауқатты тұрады. Ауылдықтардың өздерінің жеке шаруашылықтарын ұстауға мүмкіншіліктері мол. Шаруашылық басшысы өз жұмысшылары мен мектеп қызметкерлеріне ірі сабақты жемшөп пен жемазықты жеңілдетілген бағамен ұсынады. Бұл қамқорлықтан еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер де тыс қалмайды.

2014 жылы жұмыс берушінің ұжымдық шартта қарастырылған міндеттерін орындауға 10 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс беруші кәсіподақ комитетін еңбеккерлердің жалғыз өкілі және олардың еңбек құқықтарын қорғаушы ретінде қабылдайды. Барлық мәселелер ұжымдық шарт негізінде бірлесе отырып шешіледі. Оның орындалуын ұйымның кәсіподақ жиналысында құрылған комиссия мүшелері қадағалайды.

Ұжымдық шарт негізінде әрекет жасайтын кәсіпорын басшысы мен кәсіподақ комитетінің үйлесімді жұмысының арқасында жұмысшылар өздеріне деген қамқорлықты үнемі сезінеді. Ол қамқорлықты жұмысшылар өмір сүру деңгейлерінің артқанынан, мәдени демалыстарының жақсарғанынан сезініп, өздері де еңбек өнімділігін арттырып, жақсы көрсеткіштерге жету үшін толық қайтарыммен жұмыс істеуде. Кәсіподақ комитеті мен шаруашылық басшылығы алдында әлі де бірлескен жоспарлар көп.

Альфред МАВЛЮТОВ,

“Солтүстік Қазақстан облысы

ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің

 жергілікті кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp