«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТҮБІ — ИГІЛІК

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірімізге Ресей Федерациясы Қорған облысының делегациясын бастап келген губернатор Алексей Кокоринді қабылдап, бірқатар келелі мәселелерді талқылады. Жұмыс сапары барысында екі облыс арасындағы ынтымақтастық және әріптестік байланысты нығайту мақсатында меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.

Облыстық әкімдікте өткен ресми кездесу барысында өңір басшысы Ерік Сұлтанов Қорған облысының губернаторы Алексей Кокорин бастаған делегация мүшелерін таныстырып, шекаралық ынтымақтастық бойынша өзекті мәселелерді талқылау мен бірнеше келісімдерге қол қою жоспарланғанын айтты.

– Екі облыс арасындағы іскерлік қарым-қатынас ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан әрдайым Ресей Федерациясының жақын әрі сенімді көршісі болған, алдағы уақытта да солай болып қала береді”, – деп атап көрсеткенді. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ екіжақты қарым-қатынасты дамытуға үлкен мүмкіндік беруде. Одақтың арқасында Қазақстан аумағы мен Ресейге еркін тауар айналымы енгізілді. Осы кездесу өзара тиімді серіктестік қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, іскерлік байланысымызды күшейте түсетініне сенімім зор, – дей келе Ерік Хамзаұлы қазіргі таңда облысымыз 80-нен астам елмен әріптестік байланыс орнатқанын тілге тиек етті. Бірақ көп жылдар бойы Ресей Федерациясы біздің басты сауда-экономикалық серіктесіміз екенін баса айтқан өңір басшысы бүгінгі таңда денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт салаларында да өзара ынтымақтастық әрі достық қарым-қатынас орнағанын жеткізді.

Қорған облысының губернаторы Алексей Кокорин өз сөзінде Солтүстік Қазақстан облысы жақын әрі сенімді көрші екенін айтып, біздің өңірдің жеткен жетістіктері мен жеңісіне әрқашан тілеулес болып отыратындарын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл іскерлік кездесу екі елдің достығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді, ал Кеден одағы көршілес облыстардың экономикасын жақындастырып, тауар айналымында өзара тиімді қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етуде. Облыс әкімі Ерік Сұлтановқа өзінің шынайы ризашылығын білдірген губернатор алдағы уақытта ынтымақтастық байланыс одан әрі нығайып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туатынына сенім білдірді.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев екіжақты әріптестік қарым-қатынас пен облысымыздың экономикалық және инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан мен Қорған облыстарының өзара қарым-қатынасы барлық салаларда жақсы дамуда. Екі облыстың спортшылары спорттық шараларға да белсене қатысатынын баса айтып өткен баяндамашы ынтымағымыз бен достық қарым-қатынасымыздың берік екенін дәттеді.

Мұхтар Наурызбайұлы ауыл шаруашылығы құрылымындағы байланысқа кеңінен тоқталды. Бүгінде облыс “Кургансемена” агрохолдингімен байланыс орнатқан. 2015 жылы Қорған облысынан 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымы жеткізілді.

Өнеркәсіп саласында да байланыс бар. Жаңа бизнес бастамалар қолға алынуда. Қорғанның бірқатар кәсіпорындары біздің облысқа ерекше қызығушылық танытуда. Ресей Федерациясына қазақстандық азық-түлік өнімдерін жөнелтуге де бүгінгі таңда ерекше басымдық берілуде. Осы орайда Түмен қаласында бір күндік жәрмеңке ұйымдастыру көзделіп отырғаны айтылды.

Баяндамашы облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 40 пайызы ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететінін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 5,5 миллион тоннадан астам астық жиналды. Ресей ғалымдарымен астық тұқымын ауыстыру және ауыл шаруашылығы дақылдарын жаңарту бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл мәселе былтыр желтоқсан айында Ресей Федерациясы ғалымдарының қатысуымен өткен семинар-кеңесте де жан-жақты талқыланған болатын. Жыл сайын біздің облысымыз алыс-жақын шетелдерге 1,5 миллион тонна бидай экспорттайды. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен мал шаруашылығына ерекше назар аударылуда. Облыстың машина жасау кәсіпорындары да серпінді дамуда.

Өңірдің минералды-шикізат кешені зор әлеуетке ие. Пайдалы қазбалардың 286 кен орны зерттелді. Қазақстанда өндірілетін шикізат өнімдерінің ішінде қалайының – 65, цирконийдің 37 пайызы біздің өңірде шоғырланған.

Жиында Қорған облысы губернаторының орынбасары, облыстық экономикалық даму департаментінің директоры Сергей Чебыкин де сөз алып, жиналғандарды өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен кеңінен таныстырды. Ол Солтүстік Қазақстан облысымен сауда-экономикалық байланыс жақсы дамып отырғанын атап көрсетті.

Алқалы жиында Петропавл қаласындағы “Көпбейінді құрал-жабдықтар зауыты” ЖШС-нің директоры Сергей Федосеев пен академик Г.А.Илизаров атындағы “Травматологиялық қайта қалпына келтіру және ортопедия” ғылыми орталығының директоры Александр Губин сөз алып, өздерінің ой-пікірлерін білдірді.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Қорған облысының губернаторы Алексей Кокорин хаттамаға қол қойды. Сондай-ақ, екі облыстың мемлекеттік органдары және шаруашылық субъектілерімен бірқатар келісімдер мен меморандумдар жасалды. Әсіресе, кәсіпкерлік, туризм салаларында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылғанын баса айтып өткен жөн. Денсаулық сақтау саласы бойынша да үшжақты меморандум жасалды.

Сол күні Ерік Сұлтанов пен Алексей Кокориннің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Журналистер тарапынан қойылған түрлі сауалдарға басшылар тұшымды жауап берді.

Жұмыс күнінің екінші жартысында облыс әкімі бастаған топпен бірге Қорған облысынан келген делегация мүшелері Петропавлдағы “Мұнаймаш”, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы мен “Petromali Company” ЖШС, “Зенченко және К” КС сияқты бірқатар кәсіпорындарда болып, өңірдің өндірістік әлеуетімен жақынырақ танысты.

“Мұнаймаш” акционерлік қоғамы 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда мұнай өнеркәсібі саласына арналған құрал-жабдықтар шығарылады. Акционерлік қоғамның басқарма мүшесі, директордың коммерция жөніндегі орынбасары Сергей Ерофеевтің айтуынша, зауыт Түмен, Омбы облыстарымен етене байланыста. Кәсіпорынның басты мақсаты – шекаралас аймақтармен әріптестік аясын кеңейту. Делегация мүшелері “Petromali Company” ЖШС-нің жұмысымен танысуға да мүмкіндік алды. Диірмен кешені тәулігіне 70 тонна ұн шығарады. Кәсіпорын директоры Рудик Арутюнян екі облыс басшыларына кәсіпорынның ерекшелігі жайлы баяндады. Қазақстанның кейбір аймағы мен Ауғанстан, Қырғызстан елдеріне өнімдер жеткізіледі. Жоғары және бірінші сұрыпты ұн шығарылады. Алдағы уақытта кәсіпорын өндірісті кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлауда. Осы орайда өңір басшысы Ерік Сұлтанов кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай және кеңес беру жағынан ерекше қолдау көрсетілетінін айтты. “Индустрияландыру картасына енгізілген жобаларға ерекше басымдық берілуде. Сондай-ақ, біз кәсіпкерлерді оқытумен ұдайы айналысамыз”, – деді ол.

“Зенченко және К” КС сүт зауытында тәулігіне 50 тонна өнім шығарылады. Коммандиттік серіктестік директоры Геннадий Зенченко сүт өнімдерінің 24 түрі шығарылатынын, Астана, Қарағанды, Қостанай, Қазақстанның өзге де аймақтары тұрғындарының қажеттілігін өтеп отырғандарын айтты. Алдағы уақытта нарық ауқымын кеңейтіп, Омбы облысымен келісімдер жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен кәсіпорын басшысы Қорған облысымен де байланыс жасауға дайын екендерін жеткізді.

“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” бүгінгі таңда мұнай-газ саласы үшін бұрғылау кешендері, саңылауларды күрделі жөндеуден өткізуге арналған агрегаттар шығарумен айналысады. Өңір басшыларының назарына өнімдерді ұсынған зауыт директоры Қуаныш Бишімов кәсіпорын жұмысы туралы әңгімеледі. Алексей Кокорин уран өндіруге арналған құралдарды шығару бойынша ынтымақтастық байланыс орнатуға қызығушылық танытты.

Қорғандық меймандар сапар соңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, өңіріміздің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін жәдігерлермен танысты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp