«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ЫРЫСТЫҢ ЖОЛЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірімізге жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев бастап келген делегация мүшелерімен кездесті.

Алдымен қонақтар мұнай-газ өндіру, мұнай-газ өңдеу, мұнай-химиялық , химиялық, газ, энергетика және өнеркәсіптің басқа да салалары үшін жабдықтар шығаратын, еліміздегі ең ірі машина жасау кәсіпорындарының бірінен саналатын «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да болып, өндіріс кешенінің әлеуетімен танысты.

Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов өндірістің барысы жайлы әңгімелеп, кәсіпорын мұнай-газ саласында 300 бірліктен астам түрлі құралдарды, ұтқыр бұрғылау кешендері мен басқа да жабдықтарды шығаратынын айтты.

Кездесуде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясының бас директоры Ренато Морали өнеркәсіп салаларына арналған жабдықтарға ерекше қызығушылық білдірді. Батысқазақстандықтар зауыттың құрылымдық-технологиялық орталығында жобалардың эскиздік нұсқаларын көрді. Сондай-ақ, қонақтар «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС мен «Мұнаймаш» АҚ-да болды.

Облыс басшысы Е. Сұлтанов қонақтарды ресми қабылдау кезінде өңірдің өзге облыстармен әріптестік байланысы нығайып келе жатқанын, бұл «Нұр Отан» партиясының ХҮІІ съезінде Елбасымыздың өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру екенін, мұндай кездесулер өрлеудің жаңа деңгейіне жеткізіп, сауда-саттық, мәдениет, білім салаларында да байланыстарды нығайта түсетінін айтты.

Е. Хамзаұлы агроөнеркәсіп кешені өңіріміздегі жетекші сала болып отырғанын, машина жасау өнеркәсібі жақсы дамығанын, он кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтар шығарумен айналысатынын қонақтардың назарына салды.

Өз кезегінде, Бағдат Азбаев өңірлердің өзара байланысын нығайту екі жаққа да тиімді екенін жеткізді. Ренато Морали өңірдегі бірқатар өндіріс ошақтарында болғанда көргендерінен ерекше әсер алғанын тілге тиек етті.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін меморандумға қол қойып, ортақ мақсаттағы істерге сәттілік тіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp