«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫНТЫМАҚТЫҢ ОРДАСЫ

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Әркім өз шаңырағының берекесін тасытып, мерейін өсіру үшін өмір сүреді. Сөйте тұра, ел ішіндегі ең бір құрметті, ардақты, берекелі әулеттерге деген қызығушылық, сондай болмаққа ұмтылу да адам баласына жат емес”, – деген болатын. Қай елді мекенде болсын, берік те берекелі отбасылар баршылық. Солардың бірі – Рамазановтар әулеті. Отағасы Бектұрған Құрмашұлы мен отанасы Жанболсын Бәйкенқызы екеуінің шаңырақ көтергендеріне биыл елу жыл толғалы отыр. Бір шаңырақ астында жарты ғасыр бойы жарасымды өмір сүру айтуға ғана оңай.

Жамбыл ауданындағы Үлгі ауылында өсіп-өнген Рамазановтар әулетінің өнегесі елге үлгі боларлық. Отбасының ақылшысы Бектұрған Рамазанов – 45 жыл еңбек өтілімен зейнетке шыққан ұлағатты ұстаз. Ол әкесінің ақылымен мұғалімдік мамандықты таңдаған. Оқуын 1964 жылы аяқтап шығады. Содан бері Үлгі мектебінде мұғалім, одан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, соңғы 24 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, сатылап көтерілген Бектұрған Құрмашұлының табан аудармастан бір мекемеде жұмыс істегеніне таңданбасқа лаж жоқ. Өскелең ұрпаққа білім нәрін себе білген жанның еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1980 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері” атағы, 1992 жылы педагогикалық еңбегі үшін “Халық ағарту ісінің үздік қызметкері” төсбелгісі, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы мерекелік медалі және облыс әкімінің Алғыс хаты мен бірнеше мақтау қағаздары – білікті де, білгір басшының табан ет, маңдай терімен келген марапаттары.

Алақаны аялы, сөзі майдай жұмсақ, әулеттің анасы Жанболсын Бәйкенққызы кітапханашылықтан зейнет демалысына шыққан. “Алтын алқа” алқасымен марапатталған ардақты ана өміріне дән риза. Тапқан-таянғандарын балаларына жұмсап, соларды тарықтырмауға тырысты, бәрін де оқытып, арнайы білім әперді. Бүгінде тәлім-тәрбиесін немере-жиендеріне үйретіп, шаңырақтың құт-берекесін кіргізіп отырған – аяулы әже.

Жұбайлық өмірдің өз қиындықтары бар. Олар жарты ғасыр бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бектұрған аға: “Аталарымыз әкені асқар тауға теңейді. Неге? Өйткені, ол айналасындағы тал-терекке, өзен-көлге қорған болып тұрады. Әрбір шаңырақтың әкелері де өз ата-анасына, зайыбы мен балаларына сондай қорған болуы керек дегеннен шығады. Біздің отбасымыздың басты құндылығы – балаларымызды адал да тәрбиелі, заманына сай азамат етіп өсіру. Балаларымыздың санасына қазақи тәрбиені сіңіріп, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуге баулимыз. Түзу жолдан танбай, халық игілігі үшін қызмет етсе, одан асқан бақыт жоқ”, – десе, Жанболсын апай: “Қаншама түзу жолдың да кедір-бұдыр тұсы табылады емес пе? Оның қасында адам өмірінде не болмайды – бәрі болады. Кейде пенде осынау өмірге үлкен сүйіспеншілікпен қарайды, кейде одан мүлде түңіліп кетеді. Бірақ қандай қиын жағдайда, қандай мәселені болсын ақыл таразысына салып, шешу керек. Өкінішке қарай, қазіргі жастардың көбі үйленуге асыққанымен, үй болып кетуге тырыспайды. Олар өз тағдырларына тым жеңіл, жүрдім-бардым қарайды. Осындай пиғылдан қаншама сәби тірі жетім болып жүр. Қанша сәби балалар үйінде тәрбиеленуде. Ал бұл дегеніміз салтымыз бен дәстүрімізге сын емес пе?! Жастарға айтарым: адам, мейлі ол ер болсын, әйел болсын, адал, еңбекқор, ізетті, кішіпейіл болуы керек. Соған қоса ол жанындағылармен үнемі сыйластықта жүрсе, оған мына өмір де қызықты, қымбат көрінеді. Бір-бірімізге шуақ шашып, жылы сөз айтуды әр кез ұмытпайық”, – дейді.

Мәуелі бәйтерекке ұқсаған Бектұрған мен Жанболсын Рамазановтар үлкен-кішіге бірдей сыйлы. Олардың тәлімді тәрбиесін көріп, өнегелі отбасында тәрбиеленген ұл-қыздары өз алдарына түтін түтетіп, шаңырақ көтерген. Үйлі-баранды болып, ата-анасына немере-жиен сүйгізіп отыр. Тұңғыш қыздары Гүлден – Семей қаласында тұрады, математика пәнінің мұғалімі. Ұлы Сапар №20 мектепте географиядан сабақ береді. Сабыр деген ұлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызметкер болса, Гүлтай есімді қыздары – химия-биология пәндерінің мұғалімі. Сондай-ақ, қолдарында тұратын ұлы Бақыт қазақ-түрік лицейінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, келіні Айнагүл осы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, ал Бағдат пен Жазира да аға-апаларының жолын қуып, жоғары білім алып, мемлекеттік қызметте еңбек етуде.

Жүрген ортасына сыйлы ұстаздың жеті баласы да әке жолын қуып, педагог болды. Ең бастысы, шаттық ұялаған шаңырақта ұлттық тәлім-тәрбие берудің негізі мықтап қаланған. Әулеттің берекесін кіргізіп отырған қос қазынасы, еңбекқорлығымен танылған ұл-қыздары барда бұл отбасының мерейі әрқашан үстем болмақ.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp