«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЗЫҒЫН ЕҢБЕКТЕН ТАПҚАН

“Еңбек” бағдарламасының бір тармағы – халық тығыз орналасқан өңірлердегі жұмысқа қабілетті отбасыларды маман тапшы облыстарға көшіру. Әр облыс осы бағдарлама негізінде жасалған өз жоспарын жүзеге асыруда. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Қызылжар өңіріне көшіп келушілердің саны күн санап артуда.

Биыл оңтүстіктен солтүстікке ба­ғыт алғандардың ішінде ерлі-зайыпты Нұркелді Мінтайұлы мен Сәден Тегірқызының шаңырағы да бар. Булаево қаласына қоныс теп­­кен бұл отбасы мемлекеттік көші-қон бағдарламасына дән ри­за. Олар 2019 жылдың күзінде Қы­тай Халық Республикасынан та­ри­хи Отаны – Қазақстанға орал­ған екен. Қандастарымыз алды­мен Ал­маты облысындағы Екпінді ауы­лы­на көшіп бармақ болған. Бұл әулет бұрыннан бері мал ша­руа­шылы­ғы­мен айналысады. Ше­ка­раның ар­ғы жағында да атакә­сіпті нәсіп етіпті. Сондықтан шөбі шүй­гін, жайылымы кең жер ізде­ген.

– Бізге дейін Қазақстанға көшіп кел­ген ағайын-туыстарымыз та­би­­ғаты әсем, жері құнарлы, шөбі шүй­гін әрі мал шаруашылығымен ай­на­лысуға ең қолайлы өңір – Сол­­түс­тік Қазақстан облысына кө­шуге кеңес берді. Мен былтырғы жыл­дың қараша айында Мағжан Жұ­ма­баев ауданының орталығы – Бу­лаево қаласына келіп, бұл жақ­тағы жағдайды өз көзіммен көріп кеттім. Шынында да, табиға­ты тамаша, ауа райы біздің тұрған аймаққа ұқ­сас екен. Содан осын­да көшіп ке­луге бел будым, – дей­ді отағасы.

Биылғы наурыз айында Булае­воға қоныс аударған отбасы са­лы­­нып жатқан көп тұрғын үйлер­дің бі­ріне орналасты. 1989 жылы ша­ңы­­рақ көтерген Нұркелді Мін­тай­ұлы мен Сәден Тегірқызы екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген. Тұң­ғыш­­та­ры Бектұрған Қытайда қал­ған ата-әжесінің қолында тәр­бие­ленуде. Қауіпті індеттің беті қайт­қаннан кейін олар да Қазақ­станға оралуды көздеп отыр екен. Спорт­қа жақын ортаншы ұлы Аман­ның облыстық спортқа да­рын­ды бала­ларға маманданды­рыл­ған мек­теп-интернат-кол­леджге оқуға тү­сіп, дене шынық­ты­ру пәнінің мұға­лімі маманды­ғын меңгермек ойы бар. Ал үйдің кенжесі Жадыра – мектеп оқушы­сы. Ата-анасы оның құжаттарын №4 Булаев орта мек­тебіне тап­сырған.

– Таңмен таласа тұру – мен үшін жастайымнан қалыптасқан үй­реншікті әдет. Қол қусырып оты­ру деген маған мүлдем жат. Көшіп келе бірден аудандық жұмыспен қамту орталығының көмегіне жү­гіндім. Мал бағу туралы ұсыныс түс­кенде зайыбым екеуіміз қуана келістік. Өйткені, төрт түліктің пай­дасын біздің халқымыздан артық білген де, бағалаған да ешкім жоқ болар, сірә. Ата-бабаларымыз төрт түлікті ырысы мен берекесі, дәулеті мен байлығы деп тани оты­рып, мал өсіруді негізгі кәсібі ете біл­ді ғой. Біз осы дәстүрді жалғас­тыруымыз керек, – дейді Нұркелді Мінтайұлы.

Қоныс аударған кезде төлене­тін жәрдемақыға мал баққаннан тү­сетін табысты қосқан олар үш жыл­қы сатып алған болатын. Қа­зір екі бие байлап, саумал мен қы­мыз сатып отыр. Үйінің жанына қо­ра-қопсыны да салып үлгерген. Әзірге Қазақстан Республикасы аза­маттығын алған жоқ, сол ғана мемлекеттік грант немесе мал ша­руашылығын дамытуға арналған “Сыбаға” және “Құлан” бағдарла­маларының игілігін көруге қолбай­лау болып тұр. Бұл, әрине, алда­ғы уақытта шешілетін мәселе.

Еңбекқор отбасы ешбір кедер­гіге қарамастан алдына қойған мақсатқа жету үшін бір адамдай тер төгуде. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” демекші, отағасына мал бағуға ұлы Аман кө­мектессе, отанасы қызы Жадыра­мен бірге бие сауып, ұлттық на­қыштағы ою-өрнекпен көмкеріл­ген көрпе-жастық тігіп, үй шаруа­сы­мен айналысады. Бұл үйдің мү­шелері ортақ мақсат үшін жұмыл­ған. “Еңбек түбі – береке” деген, сірә, осы шығар!

Мағжан Жұмабаев ауданында 2019 жылы 36 бірпәтерлі үй са­лынған болатын. Сол жылы көшіп келген отбасылардың ішінен ең­бек­ке қабілетті адамдардың 48-і білім беру, ауыл шаруашылығы, ден­саулық сақтау, мәдениет, құ­ры­лыс және қызмет көрсету сала­ларына жұмысқа орналасса, же­теуі өз кәсібін ашқан. Ал биылғы жылдың соңына дейін тағы 57 бас­пана пайдалануға берілмек. Шіл­де­ге дейін ауданға 42 отбасы қо­ныс аударды. Табиғаты сұлы Мағ­жан Жұмабаев ауданына тағы 22 шаңырақ көшіп келуге ниет білді­ріп отыр екен. Биыл келген еңбек­ке жарамды 51 адамның 17-і жұ­мыс­пен қамтылды. Сондай-ақ, 18 азамат өз кәсібін ашу мақсатында мем­лекеттік грант алу үшін құжат­тарын тапсырған. Қоныс ауда­ру­шы­ларды жұмысқа орналас­тыру әлі де жалғастырылуда.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp