Өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарына кірісті. Барлық сақтық шараларын қатаң ұстанып жатқан шаруалар алдымен егістік алқапта ылғал жабуды қолға алды. Бұл жұмысқа алғашқылардың бірі болып кіріскен Айыртау ауданының диқандары 373,9 мың гектар алқапқа дән себуді жоспарлауда.
Арықбалық ауылындағы “Агро-фирма Желқуар 2003” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне елімізде жарияланған карантин режімі көктемгі дала жұмыстарын бастауға кедергі келтірмеді. Серіктестік директоры Еспол Айсабаевтың айтуынша, биыл 15331 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын сіңіру көзделген. Соның ішінде бидай, жүгері, арпа, күнбағыс, соя егіледі. Бүгінде шаруашылықта 600 гектардан астам егістік алқапқа ылғал жабу жұмыстары жүргізілген.
– Биыл тұқымның сапасы жақсы. Минералды тыңайтқыш пен гербицидтен тапшылық туындамауы тиіс. Егіске қажет минералды тыңайтқыш 3502 тоннаны құрайды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанармай қоры жеткілікті. Ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылып, қырдағы еңбекке сақадай сай, – деді серіктестік басшысы.
Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын диқандар осылайша қырдағы еңбектің көркін қыздыруда. Ырыздық-несібені Жер-Анадан іздеген шаруалар биыл да мол өнімге қол жеткізуден үмітті.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Айыртау ауданы.
СУРЕТТЕ: серіктестік басшысы Е. Айсабаев.