
Ғабит Мүсірпепов атындағы ауданда ірілі-ұсақты екі жүзден астам шаруашылық бар. Алайда солардың арасында “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алар орны зор. Шаруашылық басшысы Серік Малаев бүтін бір ауылдың жағдайын жасап отыр десек, артық айтпаспыз.
Тоқсаныншы жылдардың басы. Қиындықтар елді есеңгіретіп тастаған шақта іскер азамат Тахтабродское ауылдық округіндегі Ковыльное ауылында диірмен ашып, тұрғындарды нанмен және кебекпен қамтамасыз еткен. Ал екі жыл өткен соң өзінің жеке шаруашылығын құрып, егіншілікпен айналыса бастады. “Ақселеу” деген атқа ие болған агроқұрылымның арқасында болашағы бұлыңғыр елді мекеннің екінші тынысы ашылды.
– Тәуелсіздік – еліміздің ең басты құндылығы. Сол құндылықты сақтау қиын болғаны сөзсіз. Көктемгі егіс және күзгі орақ науқанында шаруашылықтың жұмысына қажет маман жетіспеді. Жұмысшыларды сырттан шақырған кездерім есімде. Алайда келіп-кетіп жұмыс істейтін кісінің көңілі алаң. Әрі жыл сайын сырттан механизатор шақырумен ісіміздің алға баспасын түсіндім. Сондықтан қажетті мамандарды ауылға көшіріп әкелуді қолға алдық. Бұл қадам өз жемісін берді. Бүгіндері ауыл тұрғындарының саны төрт жүзге жетті, – дейді Серік Татыбайұлы.
Бүгінгі таңда серіктестікте 15 мың гектар алқап болса, соның басым бөлігіне дәнді дақылдар егіледі. Ал қалған 35 пайызы майлы дақылдардың еншісінде. Қазір шаруашылықтың егістік алқаптарында сапалы әрі өнімділігі жоғары техникалар жүр. Соңғы бір жарым жылдың ішінде тағы 200 млн. теңгеге жаңа техника сатып алынған. Бұдан бөлек, серіктестік асылтұқымды ірі қара өсіруді де қолға алды. Герефорд тұқымды 490 сиыр мен 200 бас жылқы өрісте жайылып жүр.
Қолдағы барды уыстан шығармай, ұқыпты ұстап және тиімді пайдаланған іскер азамат тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлуде. Елді мекендегі үйлерге ауызсу кіргізіліп, көшелер түгелдей жарықтандырылған. Ал 2019 жылы зығыр сабанымен жағылатын қазандық іске қосылып, ауыл мектебі, Школьная көшесінің бойындағы өндірістік нысандар мен тұрғын үйлер бір орталықтан жылытылатын болды. Кеңшардың бұрынғы ескі сауда орталығының ғимараты толық жөндеуден өткізіліп, онда азық-түлік дүкені, фитнес орталығы, наубайхана мен монша ашылған. Тұрғындар саламатты өмір салтын ұстануы үшін үстел теннисі, жүгіру жолы, велотренажер және басқа жаттығу қондырғылары қойылған.
Білікті басшының ауылдағы жұмысшылардың жалақысын көбейту, еңбек өнімділігін ұлғайту бағытындағы да тындырымды істері баршылық. Серіктестіктегі орташа жалақы – облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы ең жоғарылардың бірі. Кәсіпкер туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып, жас мамандар мен қоныс аударушыларды аталмыш ауылға тартуды жалғастырмақ. Бұл мақсатта шаруашылық есебінен жыл сайын төрт-бес үй салынуда. 2015 жылдан бері ауылға оңтүстік облыстардан 16 көпбалалы отбасын көшіріп әкелген. Мақсат – ауыл тұрғындарының санын арттыру арқылы жергілікті мектепті сақтап қалу. Жаңа қоныстанушылардың барлығы шаруашылық есебінен тұрғызылған баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтылған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.