«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫС ДӘНІ ЫСЫРАПСЫЗ ЖИНАЛУЫ ТИІС

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Қызылжар және Есіл аудандарында болды. Мұнда өңір жетекшісі күзгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Диқандармен кездесу барысында Ерік Сұлтанов сары алтынды шашау шығармай, дер кезінде жинап алу міндетін қойды. Мұнымен қоса, өңір басшысы шаруалар қауымына етті ірі қара әлеуетін арттыру қажеттігін де ескертті.

“Якорь СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 6 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Оның 4 мың 400 гектары – бидай. Бүгінде диқандар сары алтынның 45 пайызын жинап үлгерген. Шаруашылық басшысы ауа райы қолбайлау болмаса, күзгі дала жұмыстарын қазан айының басында аяқтауды жоспарлап отыр.

Ерік Сұлтанов мұнда Қызылжар ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Ауданда бүгінгі күні 301 шаруашылық жұмыс істейді. Олар биыл 134 мың 500 гектарға дән еккен. Бүгінгі күні оның жартысынан астамы қамбаға құйылыпты.  

– Орақ науқанына 7 қыркүйектен бастап кірісіп кеттік. 6 мың 304 гектар алқаптың бүгінгі күні 55 пайыздан астамын жинап алдық. Табиғат-ана оң қабақ танытса, алдағы онкүндікте науқанды аяқтаймыз. Еш мәселе жоқ. Техника, жанар-жағармай – барлығы жеткілікті, – деді өңір басшысымен әңгіме барысында “Лесное” серіктестігінің директоры Михаил Христевич.

Егіншілермен тілдескен өңір басшысы Ерік Сұлтанов қолда бар мүмкіндіктерді мейлінше пайдаланып, күзгі дала жұмыстарын мерзімінде аяқтауды тапсырды. Облыс әкімі, сондай-ақ, мал шаруашылығын қатар алып жүру керектігін баса айтты. Бұл ретте алдағы уақытта өсімдік шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі қысқартылып, олар ірі қара өсіруге бағытталмақ. Өңір жетекшісінің назарынан “Петерфельд-Агро” серіктестігі де тыс қалмады. Олар 4,5 мың гектарға дән сіңірген. Айта кету керек, шаруашылық асылтұқымды мал ұстаумен де айналысады. Қазіргі күні симменталь тұқымды Зеңгібаба саны – 766. Шаруашылық оның 200 басын сатылымға шығармақ. Ал олардың орнын біржылдық төлдері баспақ.

“Боголюбов және К” серіктестігіне тиесілі астық қабылдау қосынының сыйымдылығы – 46 мың тонна. Бүгінгі күні мұнда қырдан 3 мың тоннаға жуық өнім жеткізілген. Ал “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі болса картоп және жүгері жинауға кірісіпті. 270 мың гектар алқаптың жартысынан астамы жиналып алынған. Гектар берекелігі 280 центнерден айналуда. Серіктестік биыл 40 гектар алқапқа пияз өсіріпті. Қазіргі күні оның 20 гектарынан 750 тонна өнім алыныпты.

Аталмыш серіктестік басшысы Геннадий Зенченко облыс әкімін елді мекенде тұрғызылып жатқан Спорт сарайының құрылысымен таныстырды. Маусым айында іргтасы қаланған нысан келер жылдың наурызында халық игілігіне берілмек.

Өңір басшысының бұдан кейінгі жұмыс сапары Есіл ауданында жалғасты. Онда Ерік Сұлтанов “Атамекен-Агро Корнеевка” серіктестігінің қырманы басында болды. Қазір мұнда жаңа астық бастырылып жатыр. Жұмыс алдағы 10 күнде толығымен аяқталмақ. Облыс әкімі есілдік диқандармен де кездесті. Бүгінде ауданда 80 серіктестік, 200-ге жуық шаруа қожалығы егіншілікпен айналысуда.

– Біз биыл 13 мың 500 гектарға дән сіңірдік. Оның 8 мыңы бидай болса, қалғандары – майлы дақылдар. Жалпы алқаптың 40 пайызын жинап алдық. Қазір жауын-шашынның салдарынан жұмысымыз тоқтап қалды, – дейді “Пушкинское” серіктестігінің директоры Николай Козленко.

Қазіргі күні аудан бойынша бидайдың 66 пайызы орылып, 48 пайызы жиналып алынған. Гектар берекелігі орта есеппен 14-20 центнерден айналуда. Жер баптаған шаруалар ауа райы дес берсе, алдағы екі апта көлемінде науқанды аяқтауды жоспарлап отыр.

Облыс әкімі ауылдықтардан қысқа қаншалықты дайын екендіктерін сұрап, жалпы бұл бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыс жайлы құлағдар етті. Дайындық 100 пайызға жуық. Бұдан соң өңір жетекшісі Бұлақ ауылындағы “Әулие Голд Майнинг” серіктестігіне барды. Болашақта мұнда алтын өндіру жұмыстары қолға алынбақ.

– Айдың соңында серіктестікке соңғы үлгідегі қондырғылар жеткізіледі. Сосын оны құрастыруымыз қажет. Бүгінгі күні жалпы жұмыстың 65 пайызы орындалды. Өндірісті қараша айының соңында іске қосамыз, – дейді кен орнының басшысы Александр Кононенко.

Сондай-ақ, облыс әкімі серіктестік жұмысшылары үшін тұрғызылып жатқан жатақхананың құрылысымен де танысты. Ол 90 адамға шақталған. Кәсіпорын толықтай іске қосылған жағдайда мұнда 120 адам жұмыспен қамтылмақ. Бұдан соң Ерік Сұлтанов “Азия-Торанғұл” серіктестігінің танап басына аялдап, жергілікті диқандар қауымымен кездесті. Осы жерде “Агро-химснаб” серіктестігінің басшысы облыс әкімінен жанар-жағармайға қатысты туындаған мәселені шешіп беруін сұрады.

– Қазір бұл мәселе шешілу үстінде. Қажетті сұйық отынға осы айдың соңында қол жеткіземіз деп ойлаймын. Біз тапсырысты 15 мың тоннаға берген болатынбыз, ол сол қалпында қалды. Бас-аяғы 53 мың тонна қосымша жанар-жағармай жеткізіледі, – деді Ерік Сұлтанов.

Шаруалар қауымымен әңгіме барысында облыс әкімі оларға бірнеше тапсырма жүктеді.

– Мемлекет басшысы бізге мал шаруашылығымен айналысуды тапсырды. Алайда, Есіл ауданында бұл істің жайы мәз емес. Барлық бағдарламалар тиісті деңгейде орындалуы қажет. Аудан әкімі жағдаймен жақсы таныс. Жылдың аяқталуына да аз ғана уақыт қалды. Дей тұрғанмен, қол қусырып отыра бермей, шара қолдану керек. Олқылықтың орнын тым болмаса келер жылы толтырғандарыңыз жөн, – деді өңір басшысы.

Есілдіктерді қинаған жол мәселесі де келер жылы шешімін таппақ. Ол туралы өңір басшысы баян етті.

– Жолдың жағдайы нашар. 51 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл ретте мен Елбасына инновациялық тәсілді қолдануды ұсындым. Мемлекет басшысы құптады. Нәтижесінде біз 5 жыл ішінде облыс жолдарын қалпына келтіреміз. Егер жыл сайын республикалық бюджеттен бізге 10 миллиард теңге қаржы бөлінетін болса, біз тағы 5 миллиардын бөлеміз. Жоба жүзеге асса, келер жылы 700-750 шақырымға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, – деді Ерік Хамзаұлы.

Облыс әкімі жұмыс сапары соңында “Ильинское” серіктестігінде болды.

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp