«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ыстық маған сол сәттер

“Туған жердің түтіні де тәтті” де­ген рас-ау. Шалғайда жүргендіктен болар, жұпар исі аңқыған ауылымды жиі ойлаймын.

Менің балалық шағым Жамбыл ауданына қарасты Талпын ауылында өтті. Асыр салып ойнаған, ата-әжемнің ертегісін тыңдаған сол бір алаңсыз күндер-ай! Енді ойлап отырсам, келмеске кеткен сол бір шақ ұмытылмас уақыт екен. Іргесі бөлінбеген бұл ауылда ақылдың кені саналатын ақ сақалды ардақты жандар аз емес-ті. Жылдан-жылға олардың да қатары сиреп барады.
Бүгінгі күні 9 ғана үй қалған ауыл қарапайым, жұпыны ғана тұрмыс кешуде. Ауылға жол түссе, марқұм Серәлі атамның, Асылтас, Алтын апаларымның басына барып, дұға оқытып, зиярат етемін. Серәлі атам мені, үлкен немересі болғандықтан ба, ерекше жақсы көретін. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеуші еді. Бір күні атамның қолына жазушы Сафуан Шаймерденовтің “Күміс керуен” атты кітабы түсіп, қуанғаны-ай! Оны маған оқытып, өзі ұйып тыңда­ды. Шыбықты ат қылып мінген балалық шағы есіне түсті ме екен, ара-тұра күрсініп қойды.
Атамның ыстық алақаны мен мейірімді сөздерін сағынып, әлі күнге елегіземін. Қайран аташым-ай, жүрегі кең, бар жақсылығым балаға деген риясыз көңіліңді сол кезде түсінбеппін. Біреудің ала жібін аттау, қиянат жасау атамның жанына жат еді. Енді ойлап отырсам, нар мінезді адам екенсің ғой. Атамның тіккен етік-мәсісін ауылдың қарттары ғана емес, көршілес елдердің ақсақалдары әдейілеп келіп қалап алатын. Сонда бір қабақ шытып, қытымырланбаушы еді.
Ал Асылтас апам қазанға бауырсақ пісіргенде айнала тұра қалып, етегімізді тосатынбыз. Қолдан дайындалған дәмді тамақтарын қатты сағынамын. Ол кісі жаз шыға маған арнап алаша тоқитын. Бізге үйрете жүріп, әдемі өрнектерді нақыштай салатын. Тек, алаша, кілем тоқуды ғана емес, апамнан үйренгенім көп. Қазақтың жол-жоралғыларын, әдеп-ибасын ауызбен айтып қана қоймайды, өзінің сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, адамгершілік қасиеттері арқылы үлгі бола білетін. Ата-әжемнің өсиеттерін жадымызда мықтап ұстаушы едік. Әжем мен анамның ене мен келін болып жүз шайысқандарын көрмеппін. Осы күні босаға аттамай жатып отауын бөліп, сөз көтермейтін келіндерді көргенде таңғаламын.
Уақыт дегеніне көндіреді. Бойжеттім, білім қуып әсем Алматыға келдім. Жолым болып Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түстім. Тағдырдың жазуы шығар, жүрегім қалаған азаматпен шаңырақ көтердім. Осы күні балалардың тәрбиесіне үлес қосып жүрген мұғалімдердің бірімін. Үлкендерден алған тәлімім осы күнге дейін маған азық болып, өмірлік жолымды таңдауға көмектесті.
Гүлнар ЕГІНБАЕВА.
Алматы облысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp