«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫСТЫҚ МЕКЕН

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы мерейтойын біз Алматыда қарсы алдық. Онда он адамнан құралған солтүстікқазақстандық делегация өкілдері республикамыздың сол кездегі астанасына форумға барған едік. Соның қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен “1992 жылғы 13-15 желтоқсан аралығында Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы халқының форумын өткізу туралы” қаулы қабылданған болатын.

Тоқсаныншы жылдардың басы Қазақстан үшін ең бір қиын кезең болды. Ол кезде өзінің тәуелсіздігін енді ғана алған еліміздің алдында тұрған басты міндет қолда бармен күнелту еді. Кеңес одағының ыдырауы тұсында саяси қауіп оты өршіп, халықтар арасындағы алауыздық шиеленісе бастағандықтан, бұрынғы КСРО азаматтары алдында “Не істеу керек? Қайда қашу керек?” деген сұрақтар кес-кестеп шықты. Бұл өте қауіпті үрдіс болатын. Құлдыраған экономика, энергетикалық дағдарыс пен қаржының жоқтығы, оның үстіне кеден, шекара, жаңа азаматтық деген түсініксіз жайттар адамдарды әбігерге түсірді. Ол, әсіресе, солтүстікте айрықша сипатқа ие болды. Себебі, өңіріміз Ресеймен шектес еді. Көпшілікті толғандырған мәселелердің бірі – этносаралық қатынастар. Осыған байланысты түрлі митингілер де ұйымдастырыла бастады.

Петропавлда ол кезде бірнеше ұлттық-мәдени орталық құрылған болатын. Сондықтан біз штаб ретінде өз диаспораларымызбен жұмыс жүргізуге кірістік. Олардың бірі тарихи Отандарына қайтқысы келетіндерге жәрдемдессе, енді бірі жерлестерінің жаңа жағдайға қалыптасуларына көмек қолдарын созды. Қаланың орталық алаңдарында ұйымдастырылған митингілер түрлі бейберекетсіздіктерге үгіттеуге бағытталды. Сондай жиындардың бірінде орыс қауымдастығының жетекшісі, музыкант Владимир Максимович Кардашов алаңға жиналғандар алдында сөз алып, өзінің биязы үнімен:

– Қайырымды жандар, сіздер не істеп жатырсыздар? Бұл жер біздің Отанымыз, сіздермен осы жерде қанша жыл бірге тұрдық, – десе, кәрістердің ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі, профессор Феликс Алексеевич Сим 1937 жылдың қысында өзінің және жүзден астам кәрістердің отбасын Қиыр Шығыстан жер аударып, қазақ жеріне, оның ішінде Петропавл маңына әкеліп тастағандығын айтып, оларға жергілікті халықтың көрсеткен көмегін тілге тиек етті. Сол сәтте дүрліккен бұқара сап тыйылып, олардың жүріп өткен жолдарын көз алдарынан өткізгендей болды.

1992 жылдың желтоқсаны. Алматыдағы Спорт сарайына түрлі салада еңбек етіп жүрген қайраткерлер, зиялы қауым, ғалымдар, депутаттар, түрлі ұлт өкілдерінен құралған мемлекеттік қызметшілер, діни конфессия мен ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері жиналды. Бұл ел халқының басын қосып өткізген ең алғашқы үлкен кеңес болатын. Онда Президентіміз адамдардың пікірлерін тыңдап, көңіл күйлерін бағамдап, көпэтносты мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтап, болашаққа жоспар әзірлеуді көздеді. Кеңес одағы ыдыраған тұста Балтық жағалауындағы елдер мен Кавказда ұлтаралық шиеленістер басталып, оның өзге өңірлерде де белең алу қаупі туындады.

Кеңес барысында өткір де қызу пікірталастар болғандығы күні бүгінге дейін есімде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бәрін байыппен талдап, жиынға қатысушыларға олардың әрқайсысы бойынша нақты шешім қабылдауда ортақ көзқарас болуы керектігін түсіндірді. Кеңесте сөз алғандардың ойларын қорыта келе Президент өтпелі кезеңнің қиындығына тоқталып, болашақтағы жоспарларын да ортаға салды.

Елдегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін бірігу идеясы пайда болды. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру шешімі де 1992 жылы өткен форумда қабылданды. Сол кездерді Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ол кез еліміздің ертеңін айқындайтын, нақты шешім қабылдайтын жылдар болатын, қандай да бір шалыс қадам жасау ел дамуының бүкіл траекториясын түбегейлі өзгертуі ғажап емес еді”, – деп еске алады.

1995 жылдың наурызында Алматыдағы Үкімет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алғашқы сессиясы өтті. Оған ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері мен еліміздің зиялы қауым өкілдері шақырылды. Басты тақырып “Ортақ үйіміздегі келісім мен бейбітшілік үшін” деп аталды. Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы құрамында “Қазақ тілі” қоғамынан – Қ.Омаров, кәрістердің ұлттық-мәдени орталығынан – Ф.Сим, “Лад” қоғамынан – В.Кардашов, әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығынан – К.Гусейнов, армян ұлттық-мәдени орталығынан – Р.Аракелов, неміс ұлттық-мәдени орталығынан – Э.Шутяева, татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығынан осы жолдардың авторы барса, делегацияны Солтүстік Қазақстан облысы кіші ассамблеясының жетекшісі В.Маслаков басқарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші және одан кейінгі сессияларында мемлекеттік тілмен қатар, елімізді мекендеген өзге халықтардың да тілдерін дамыту, адамдарды патриотизм мен интернационализмге тәрбиелеу, Қазақстан Конституциясының алғашқы жобасын талқылау секілді маңызды мәселелер қарастырылды. Ассамблея мүшелері сессияға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік кеңес құқығымен қатысты. Әр сессия соңында республикадағы барлық этностық топтардың мүдделері ескерілетін құжаттар қабылданып отырылды.

1995 жыл. Елде тағы да қиын жағдай. Энергетикалық дағдарыс, жарық жоқ, кәсіпорындардың барлығы тоқтады. Петропавлда қорғаныс саласындағы зауыттардың жабылуынан отбасыларын асырап отырған он мыңнан астам адам жұмыссыз қалды. Әр жерде түрлі митингілер ұйымдастырылып жатты. 1995 жылы Қазақстан халқын құжаттандыру басталып, тұрғындар алдында азаматтықты таңдау құқығы тұрды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “ХХI ғасыр тоғысында” атты кітабында: “Біздің тарихымыздың қиын кезеңінде Ассамблея шынайы халық өкілдігінің ұйтқысы бола білді. Ол елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық жаңғыруы жолында күрделі мәселелерді шешуде басты рөлге ие барлық ұлттарды топтастырудың қоғамдық органы ретінде құрылды”, – деп жазды.

Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс орын алған жоқ. Себебі, адамдардың этностық ұстаным бойынша бөлінуінің алдын алу үшін барынша жағдай жасалды. Бұл ретте посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің көбінде мұндай олқылықтар орын алып жатты. Елімізде өңір басшыларына, депутаттарға, қоғам қайраткерлері мен Ассамблея өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелді. Халықтың көңіл күйі мен ертеңге деген сенімі біздердің әр қимылымыз бен әр сөзімізге тікелей байланысты болды.

Бәрін жаңадан бастадық. Дінге жүгіну, тарихқа үңілу, әр этностың мәдениеті – тек іргетас қана емес, түрлі этностардың бірлесіп өмір сүруінің философиясы. Қазақтардың қонақжайлылығы, немістердің дәлдігі, кавказдықтардың қарттарға бас июі, еврейлердің білімділігі. Біз осылардың бәрін бір-бірімізден үйренуді өзімізге мақсат еттік.

Маған біздің “Сабантой” мерекемізге жас-кәрісіне, ұлтына қарамастан, халықтың көптеп жиналып, өз шеберліктерін танытуы, татарлардың ойындарына етене араласулары қатты ұнайды. Мұндағы басты қасиет – адамгершілік, бір-бірлерімен сыйластықта өмір сүру.

2001 жылы жаңа елордамыз Астанада тәуелсіздігіміздің он жылдығын атап өтердің алдында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Жиынның негізгі бөлігінен соң Ассамблеяның көптеген өкілдеріне мерейтойлық медальдар табысталды. Олардың қатарында мен де болдым. Кешкісін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен арнайы фуршет ұйымдастырылды.

Әр сессиядағы басты тақырып – халық бірлігін нығайту, елдің қауіпсіздігі мен одан әрі дамуы төңірегінде әңгіме өрбіді. Ассамблея өзінің құрылған күнінен бастап негізгі міндеттерін толығымен атқарып, Қазақстанның жаңа жағдайда қарқынды дамуына мүмкіндіктер туғызуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі бүгінде шетелдерге де кеңінен танымал.

Астанаға Қазақстан халқы Ассамблеясының 15-ші сессиясына келгенім ойыма оралады. Қалыптасқан дәстүр бойынша сессия жұмысы басталғанға дейін делегацияларды басшылар қарсы алып, біз жаңа астананың заманауи құрылыстарымен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Бас қаланы әр кез аралаған сайын сәулет кешендеріне, сарайларға, мұражайларға, стадиондарға, саябақтарға таңданысым басылмады.

2010 жылы солтүстікқазақстандық делегация өкілдері үшін айрықша болды. Біз “АЛЖИРҒА” жол тарттық. Жоқ, бұл – солтүстік Африкадағы мемлекет емес, бұрынғы Ақмола қаласынан таяқ тастам жерде, мидай жазық далада, желдің өтінде салынған “Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері”. “АЛЖИРДЫҢ” атауы осы.

Өз халқымен күрес үшін мұны 1937 жылы сол кездегі билік басындағылар ойлап тапқан. Одан бері 70 жыл өтті, алайда сол шақтағы жазықсыз адамдарды қанау, қинау картиналары көз алдымыздан өткендей болды. Сондықтан да болар, жол бойы бізді бір үнсіздік биледі. Осылайша лагерь орналасқан жерге де келіп жеттік. Бұрынғы Ақмоланың орнында қазір Қазақстанның бас қаласы Астана бой көтерсе, бұрынғы лагерь орналасқан жер де бүгінде адам танымастай болып өзгергендігіне көз жеткіздік.

Ұзақ жылдар бойы тележурналист болғандықтан, мен саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы материалдарды көп зерттеп, солақай саясаттың құрбаны болғандардың балаларымен сұхбаттасып, депортацияға ұшырағандар мен жер аударылғандар жайлы бірнеше циклдық хабарлар әзірлеген болатынмын. Алайда, мұнда көргеніміз ешкімді де бейжай қалдырмады. Лагерьден тек жүк вагоны ғана қалыпты. Кезінде оған әйелдер мен балаларды тиеп, осында әкелген. Бұл жердегі барактардың барлығы тың игеру жылдары жермен-жексен етілсе де, 1926 жылы шығарылған бұл вагон өткенді еріксіз еске түсіреді. Қырық адамға шақталған вагонға бір мезетте жетпіс адамға дейін тиепті кезінде.

Баға жетпес мұражайлық жәдігер. Ішіне бас сұқсаң, уақыттан адасқандай боласың. Ішінде жартылай бүк түскен әйелдің тұлыбы жатыр. Шыны көздерінен сол шақтағы қорлықты аңғарасың. Алайда, көргендерімді бейнетаспаға түсіруге жүрегім дауаламады. Экскурсиядан соң бізге аталмыш лагерьдің тұтқындары жайлы бейнефильм, фотосуреттер мен мұражай экспозициялары көрсетілді. Артынан бізді қара мәрмәрдан тұрғызылған ұзын қабырғаға әкелді. Оған лагерьде болған тұтқын әйелдер мен олардың балаларының есімдері тасқа қашалып жазылыпты.

Қамауда болғандардың жалпы саны – 8 мың адам. Егер бұған Қарағанды лагерьлерінің тұтқындары, Петропавлдағы түрмеде қамауда болғандар, Кавказ, Батыс Украина, Поволжье, Қиыр Шығыстан жер аударылғандарды қоссаң, қазақстандықтардың отбасылық портретін көруге болады.

Сол кездегі Сталиннің солақай саясатының кесірінен түрлі ұлт өкілдеріне “халық жауы” деген жала жабылып, олар қазақ жеріне зорлықпен қоныс аударылды. Көзі тірілері қазақтардың сол кездегі бауырмалдығына ризашылықтарын білдіріп жатса, енді бірі Қазақстанды өздерінің екінші Отаны деп есептейді. Себебі, олар осы жерде өсіп-өніп, тамыр жайды.

Бүгінде Қазақстан 130-дан астам этносқа ортақ мекен бола білді. Олар ондаған жылдар бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп, еңбек етуде.

Бұл ретте мен Президентіміздің командасында болғанымды мақтан тұтам. Біз өз өңірімізде бейбітшілікті сақтауға үлесімізді қостық, демек, онымыз көпұлтты еліміз үшін атқарылған міндет деп білемін.

Раиса БИКМУХАМЕТОВА,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp