«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫСТЫҚ ҰЯ

“Отан отбасынан басталады” деп айтып кеткен аузы дуалы ата-баба сөзінде терең мән-мағына бар. Шындығында да, әрбір отбасы – өз алдына бір мемлекет. Балаға қамқоршы, ақылшы бола білген әке отбасының тірегі болса, жаны мейірімнен жаралған ана – шаңырақтың шаттығы.

Ұлын жағасындағы құндызына балап, ал қыздарын аспандағы жұлдызым деп еркелетіп, айналасына нұр сеуіп отырған Ерлан Естайұлы мен оның жан жары Арайлым Дулатқызы – басына бақ құсы қонған ерлі-зайыптылар. Отбасы құндылығын құрметтеп, салт-дәстүрімізді дәріптей білген жарасымды жұп Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим ауылында тұрады. Үлкен-кішіге сая болып, қалың көптің сый-құрметіне бөленіп жүрген отағасы Ерлан Естайұлы – мемлекеттік қызметші. Осы салада Әділбековтер әулеті, жалпы алғанда, 60 жылдай уақыт еңбек етіп келеді.

Жақсы дәстүрдің жібін жалғап келе жатқан Ерлан Естайұлы – өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарумен қатар, қоғам жұмысына да белсенді араласатын азаматтардың бірі.  

– Отбасында ауызбірлік, түсіністік, сыйластық болған кезде ғана береке-бірлік орнайды. Осындай шаңырақта ержеткен балалар да ата-ана алдындағы парыз, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу деген сияқты ұғымдарды сезініп, оның мағынасына мән бере өседі. Отбасы институтының мәртебесін көтеру мақсатында Елбасының қолдауымен “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауын өткізу жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан игі шаралардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, Отбасы күні де атаулы күнге айналды. Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асып отырған осындай игі шаралар әрбір некенің мызғымас берік, жас ұрпақтың білімді болуына оң әсерін тигізері анық, – деді отағасы Ерлан Естайұлы.

Халқымыз қашанда қасиетті ұғым деп санаған отбасы құндылығын қастерлей білген Ерлан Естайұлы – адам баласына берілетін тәрбие шаңырақта қалыптасады деген ойды ұстанатын азамат. Сол себептен де ол балаларының жеке тұлға болып қалыптасуына барынша ықпал етуге тырысады. Сөзімен де, ісімен де үлгі-өнеге көрсетуге талпынған әкені ұл-қыздары да өнеге тұтады. Әкеге қарап өсіп келе жатқан ұлы Тайыр 6-сыныпта оқиды. Біліммен қатар спорт саласында да қол жет-кізген жетістіктері аз емес. Түрлі деңгейде өтетін Абай оқулары сияқты байқауларға қатысып, бақ сынап жүрген Тайыр – өлеңді нақышына келтіріп оқумен ғана шектелмей, осы бағытта қалам сілтеп жүрген жас өнерпаз. Тайыр “Ақ қауырсын” жас қаламгерлер байқауында жеңімпаздар қатарынан көрініп, ата-анасының мерейін бір асқақтатты. Нағыз жігіттер сияқты сегіз қырлы, бір сырлы болуға ұмтылған Тайыр – футбол мен каратэ жағынан да топ жарып жүрген талапты балалардың бірі.

Шаңырақты шаттыққа бөлеп, ата-анасының көз қуанышына айналған қос қарлығаш Әдия мен Дина да кішкентай болғандарына қарамай, болашақта спорт саласына ден қойғанды қалайды. Саламатты өмір салтын ұстанатын отбасы мүшелері ауданда өтетін түрлі сайыстарға қатысып, жастарға үлгі көрсетіп жүрген белсенділер қатарында. Өткен жылы “Отбасы күні” мерекесіне арналған ауданішілік сайысқа қатысқан өнегелі отбасы жақсы дайындықтың арқасында екінші жүлделі орыннан көрініп, грамота алған.

– Отағасы екеуміз балаларымыздың біліммен қатар спорт саласына да жақын болғанын қалаймыз. Ең бастысы, отбасы деп аталатын шағын ғана Отанымыздың түтінін түзу ұшыру үшін қолдан келгенше барымызды салып, аянбаймыз. Бұл – біздің ата-аналық парызымыз. Бүгін балаға жақсы тәрбие бере алсақ, болашақта олар ел үшін адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қоса алады, – деді бүгінгі таңда бала күтіміне байланысты үйде отырған асыл жар, аяулы ана Арайлым Дулатқызы.

Тіршіліктің тірегіне айналған отбасын ардақ тұтып, керегесін кең, терезесін тең, босағасын берік етіп отырған ерлі-зайыпты Әділбековтер жайлы айтқан кезде ақын Қасым Аманжоловтың “Елін сүйер, сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған” деген өлең жолдары ойға орала кетеді.

Күлбаршын ҚАҒМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp