«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫҢҒАЙЛЫ ӘРІ ТИІМДІ

Еліміз бойынша білім саласына “Күнделiк кz” деп аталатын жаңа жобаны енгізу қолға алынды. Алдағы уақытта оқушылар күнделігін электрондық нұсқа алмастырып, баға да, үй тапсырмасы да соның ішіне жазылатын болады. Бұл ұстаздар , ата-аналар және оқушылар үшін жақсы әрі оңтайлы жаңалық.

– Бұл тың жоба барлық жұмысты жеделдететін болады. Жаңашылдық бірінші кезекте ата-аналарға ыңғайлы. Олар енді өз балаларының алған бағасын, үйге қандай тапсырма берілгендігін, жалпы үлгерімін ғаламтор желісі арқылы қадағалай алады. Ата-ана қаншалықты өз баласының білім алуына араласса, оқушы соншалықты зерек болады, – дейді Астана қаласынан келген “Күнделiк кz” жобасының жетекшісі Александр Деев.

Әзірге ұйымдастырушылар барлық аймақтарда семинарлар өткізіп, бұл жобаны түсіндіру шараларын жүргізуде.

Біздің өңірде де жаңашылдыққа қызығушылықпен қарап, оның қыр-сырын үйренуге ден қойған ұстаздар аз емес. Олардың бірі облыс орталығындағы №20 орта мектеп директорының орынбасары Әйгерім Уәлиева:

– Қағазбастылыққа салынып кеттік, оған қарағанда электронды нұсқа әлдеқайда тиімді әрі ыңғайлы. Оның үстіне атааналармен қарым-қатынасымыз жақсара түседі, – дейді.

Жоспар бойынша биыл Қазақстанның 4 мың мектебінің мұғалімдерін тың жобамен таныстыру көзделген. Оның 1500-і бүгінде арнайы курстардан өтіп, қазір электронды күнделіктермен жұмыс істеп жатыр. Ал біздің өңірде 100-ден астам педагог жаңашылдықпен танысу үстінде.

– Облыста бұл жаңашылдық 51 мектепке енгізіліп жатыр. Ал келесі жылдары барлық білім ұяларын қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық білім басқармасы жанындағы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры Шарғия Мұқышева.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp