Өңір тұрғындарын облыстың экологиялық және инфрақұрылымдық ахуалы алаңдатып отыр. Заңсыз пайда болған қоқыс полигондары, кәріздік тазарту жүйелерінің жаңғыртылмауы, Петропавл қаласының аумағына күкіртсутек иісінің жайылатыны бұл мәселені одан сайын күрделендіре түсуде.
РҰҚСАТСЫЗ САЛЫНҒАН ПОЛИГОНДАР
Облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының басым бөлігінде заңды рұқсат құжаттары жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі берген ресми ақпаратқа сүйенсек, облыс аумағында қазір қатты тұрмыстық қалдықтардың 450 полигоны бар. Соның тек 352-сінің ғана жер актісі ресімделген. Ал қалған 98 нысан бойынша құжаттар жоқ. Бұдан бөлек, небәрі 10 полигон ғана қалдықтарды көмуге экологиялық рұқсат алған. Петропавлдағы жағдай да мәз емес. Мұндағы полигон толуға жақын қалған.
«Қаланың негізгі қоқыс полигоны «Қызылжар Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Бұл нысанның жобалық қуаты – шамамен 1,5 млн. тонна. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша полигон 92 пайызға толған. Кәсіпорын I санаттағы нысан ретінде экологиялық рұқсат алған, оған 61 380 тонна қоқыс төгуге ғана рұқсат етілген», – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік экологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Жанибек Қойшыбай.
Осыған байланысты Петропавлда жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланған. Бұл мақсатқа Мамлют ауданы Якорь елді мекені маңында арнайы жер учаскесі де бөлінді. Ведомствоның мәліметінше, жоспар аясында «Қызылжар Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі полигонын қалпына келтіру 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар 2027 жылға дейін облыстың сегіз ауданы – Ақжар, Аққайың, Жамбыл, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы және Мағжан Жұмабаев аудандарында жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары салынбақ.
20 ЖЫЛ БОЙЫ ЖӨНДЕЛГЕН КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ
Петропавлдағы кәріз тазарту құрылыстарын (КОС) жаңғырту 2005 жылы басталғанымен, әлі толық аяқталған жоқ. Бұл жобаның кешігуі өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, қолданыстағы КОС-қа зерттеу жүргізіліп, техникалық тапсырма әзірленіп, ол «ҚазОрталық ТКШ» мекемесіне келісуге жолданған. Бұл келісімнен кейін ғана жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін бюджеттік өтінім берілмек. Петропавл қаласы әкімдігі жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге қаржы бөлу үшін баға ұсыныстарын жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
2024 жылы облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі Жол картасы аясында ұзындығы 2,17 шақырым болатын коллекторларға күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі уақытта Петропавлдағы КОС-тың технологиялық схемаларын жаңғыртуды аяқтау бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, өңірдің 2023-2025 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында 2023 жылы КОС-ты, І-ІІІ кәріздік сорғы стансаларын және магистральдық құбырларды үш кезең бойынша қайта жаңарту жобасы әзірленді.
«Сонымен қатар Саумалкөл ауылында КОС-ты қайта құру және Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу көзделген. 2018 жылы Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу жобасы әзірленді. Жобалық ұйым – «ТС-Индустрия» мемлекеттік сараптама алмақ. Алайда Сергеевкада 8,1 мың адам ғана бар. Бұл аудандық маңызы бар қала мәртебесі үшін жеткіліксіз. Сондықтан болашақта бұл елді мекен ауыл санатына ауысады. Жергілікті атқарушы орган былтыр министрлікке Сергеевка қаласын КОС жобаларын іске асырудың екінші кезеңінен алып тастау туралы хат жолдады», – дейді Жанибек Қойшыбай.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылында бірнеше жылдан бері салып жатқан КОС құрылысы былтыр аяқталды. Бұл мақсатқа 3,2 млрд. теңге жұмсалды.
УРАН КЕНІШТЕРІНЕН ҚАУІП ЖОҚ
Облыс аумағында қазіргі уақытта жұмысы тоқтаған бес уран кен орны бар. Оның үшеуі – Айыртау ауданының аумағындағы Грачевское, Косачинное, Дергачевское кен орындары, қалған екеуі – Шоқпақ және Аққан-Бұрлық кен орындары Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан. Тоқсаныншы жылдары бұл кен орындарының жұмысы тоқтап, талан-таражға түсті, қауіпті болғанына қарамастан жергілікті тұрғындар құрылыс материалдарын бұзып алып, қоршауларын темір сынығын қабылдау пункттеріне өткізді. Шахталар қараусыз қалды. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, қазір бұл пайдаланылған уран кеніштерінен келер зиян жоқ.
Бұл нысандардың консервациясы «Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасына» енгізілген. Қазіргі уақытта уран кен орындарын Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандары әкімдіктері коммуналдық меншікке қабылдап, ауылдық округтер әкімдіктерінің балансына берген. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2024 жылы кеніштердің қорғаныс қоршауларын қалпына келтіру, радиациялық қауіпсіздік белгілерін орнату, плиталар мен темір табақшалар төсеу және инертті материалдармен жабу жұмыстары аяқталған.
Сондай-ақ 2024 жылы экология департаментінің сынақ зертханасы мамандары Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға барды. Олар уран кен орындарының санитарлық-қорғау аймағының шекарасында және жақын маңдағы елді мекендер аумағында гамма-сәулелену дозасының эквиваленттік қуатын өлшеді. Нәтижесінде гамма-сәулелену дозасының рұқсат етілген мөлшерден аспағаны анықталды.
ҚАЛАНЫ ЖАЙЛАҒАН ЖАҒЫМСЫЗ ИІС
Петропавлдағы экологиялық мәселелердің бірі – ауаның күкіртсутегімен ластануы. Бұл иістің негізгі көзі – қаланың ағынды суы жиналған «Биотоған». Қаланың кәріз тазарту құрылыстарына келіп құйылатын сарқынды су осы «Биотоғанда» жинақталады. Ол қазір «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансында тұр. Күкіртсутек – органикалық заттар шіріген кезде түзілетін улы газ. Көктем мен жазда қолқаны қабатын жаман иіс Петропавлға тарап, тұрғындарға жайсыздық тудырып келеді.
«Петропавлға күкіртсутектің таралуының бірнеше себебі бар, олар – кәріздік тазарту құрылыстарына келіп құйылатын ағынды судың биологиялық тазартудан өтпеуі, көктемде тоған бетіндегі мұздың еруі, тоған түбіне жиналған тұнбалардың табиғи шіру үдерісі, булану деңгейінің артуы және жел бағытының қалаға қарай ауысуы. Тоғаннан шығатын күкіртсутек бойынша нормативтер белгіленбеген, себебі осындай тоғандардан шығатын ластаушы заттардың шығарындысына қатысты нормативтік-құқықтық актілер мен әдістемелік ұсынымдар жоқ», – делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған ресми жауапта.
Петропавлдағы кәріз тазарту құрылыстарын жаңғыртудың төртінші кезеңі 2013 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жобалық-сметалық құжат жобасына түзету енгізіліп, жұмыс мерзімі ұзарды. Қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталмаған.
2017 жылғы тамыздан бастап кәріз тазарту құрылыстарына келіп түсетін ағынды судағы қатты бөлшектерді жоюға бағытталған механикалық тазарту пайдалануға берілді. Механикалық және биологиялық толық тазарту іске қосылғаннан кейін күкіртсутек иісінің қалаға таралу қаупі айтарлықтай төмендейді. 2021 жылғы тамыздан бастап «Судың ғылыми-технологиялық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биотоғанды жасыл хлорелла микробалдырларының көмегімен биологиялық қалпына келтіру жұмысын бастады. Қазіргі таңда хлорелла суспензиясын өндіру технологиясы мен оны өсіруге арналған жабдық «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген және хлорелланы «Биотоған» жинақтаушы тоғанына енгізу жұмыстары жалғасып келеді.
Облыстық экология департаменті жергілікті атқарушы органдарға бұл экологиялық мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлу қажеттілігі туралы және оны жоспарға енгізу бойынша хат жолдаған. Сонымен қатар тоғанды тазарту жұмыстары бойынша да ұсыныстар жіберілген.
Бұл аталған экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелер шешімін күтіп тұрған ауқымды проблемалар болып қала бермек. Жаңадан салынып жатқан нысандар мен қалпына келтіру жұмыстары уақытылы әрі сапалы жүргізілсе ғана өңірдің экологиялық жағдайы жақсарады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».