«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ҚОЛДОРБА

Өткен жылы “Бастау Бизнес” жобасы және “Жас кәсіпкер” бағдарламасы бойын­ша 600 солтүстікқазақстандық кә­сіпкерлік негіздері курсынан өтті. Олар­дың 20 пайызы мемлекеттен қар­жы алды.

Өткен жылдың соңында мемлекеттің қолдауымен өз ісін ашқан қырыққа жуық кәсіпкер қатысқан жәрмеңке ұйымдастырылды. Соның ішінде экологиялық қолдорба тігіп, оған қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың қанатты сөздерін латын қарпімен жазуды, түрлі суреттер салуды қолға алған 19 жастағы Әмина Тәжиеваның жұмысы келушілердің назарын өзіне аударды.
Облыс орталығында тұратын Әмина 12 жасынан бастап тігіншілікке қызығады. “Жас кәсіпкер” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, өз идеясын қалай жүзеге асыруға болатынын меңгерген ару қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселені шешуге атсалысуда. Мемлекеттің қолдауы арқылы ол тігін машинасын сатып алып, өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етіп отыр. Қолдорбаны экологиялық таза материалдардан тігу үшін қайта өңделген зығыр, мақта, тағы басқа материалдарды қолданады. Тың идеяның авторы әзірге айына шамамен он бес қолдорба тігеді. Бір сөмкені тігуге бір сағаттан артық уақыт жұмсайды екен.
– Мұндай қолдорбалар жастар арасында сұранысқа ие. Ал латын қарпін пайдалану қазіргі заманның қажеттілігі десек те болады. Барлығымыз мектеп қабырғасынан бастап сүйіп оқыған Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық үстінде болғандықтан, мен де оның өскелең ұрпақты тура жолға бағыттайтын нақыл сөздерін жазуды жөн көрдім, – дейді жас кәсіпкер.

Индира ЖОЛДАЯҚОВА,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp