«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ АУМАҒЫ КЕҢЕЙДІ

«Qyzyljar» арнайы экономикалық ай­мағы кеңейтіліп, бесінші субаймақ пайда болды. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жаңа су­баймақ 10 маусым күні Үкіметтің қаулы­сымен құрылды. Осылайша «Qyzyljar» ар­найы экономикалық аймағы қосымша 24,5 гектар аумаққа ұлғайып, 236,8 гек­тарға жетті.

Жаңа құрылған бесінші субаймақта халықаралық деңгейдегі ірі инвестиция­лық жоба жүзеге асады. «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС компаниясы жаңа өндіріс ашуға ниетті. Оның негізін қалаушы – катарлық Causa Holding ком­паниясы. Бұл холдингтің бүгінде әлемнің әртүрлі елдерінде 29 зауыты бар және ағаш өңдеу саласында әлемдік көшбас­шылардың бірі.

– Петропавлда ашылатын кәсіпорын құрылысқа қажет ДСП және ЛДСП өндірісімен айналысады. Осы мақсатқа 90 млрд. теңге инвестиция құйылмақ. Нә­тижесінде 500 тұрақты жұмыс орны ашы­лады. Қазіргі уақытта бұл компанияны «Qyzyljar» арнайы экономикалық айма­ғының қатысушысы ретінде тіркеу үдерісі жүріп жатыр.

Өңір үшін мұндай жобаның іске қо­сылғаны тиімді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке салық түседі, жоғары технологиялы өндіріс дамиды, шетелдік инвесторлардың сенімі артады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустрия­лық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин.

Арнайы экономикалық аймақ қатысу­шыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады. Бұл өз кезегінде инвесторлар үшін Қазақстанда бизнес жүргізудің тиімділігін арттырады.

2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында бүгінде 21 компания орналас­қан. Жалпы инвестиция көлемі –315,9 млрд. теңге. Нәтижесінде шамамен 4 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Олардың ішінде трансформаторлар шығаратын Петропавл электротехника­лық зауыты, CLAAS және Sampo ауыл шаруашылығы техникасын құрастыра­тын СТ Эсэмбли және Казтехмаш, тірке­мелі ауыл шаруашылығы техникасын құ­растыратын Reimann, ламинадталған фа­нера өндірісін жолға қойған Nord Panels сияқты кәсіпорындар бар.

Бұл өндіріс орындары өз өнімдерін Қазақстанның өзге аймақтарына және шет елдерге жөнелтіп жатыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp