Өткен жылдың қорытындысында облыс экономикалық көрсеткіштер өсімі бойынша 120 пайызбен республикада бірінші орында тұр. Бұл – жалпыұлттық пулға енгізілген және инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесі. Өткен жылы жалпы сомасы 32,8 млрд. теңге болатын 15 жоба іске қосылған.
Оң көрсеткіштері бар салалар қатарында ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда-саттық өнімдерінің экспорты және импорты бар. Мәселен, жаңа нысандарды салу және кәсіпорындарды жаңғыртудың арқасында облыстың агроөнеркәсіп кешенінің өнімі 35,9 пайызға өсіп, 936 млрд. теңгеге жетті.
– Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 1,5 пайызға артты. Сүт өндірісі – 6,3 пайызға, жұмыртқа – 6,1 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 598 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 6,1 пайызға өсті. Құрылыс саласында орындалған жұмыс көлемі 31,4 пайызға ұлғайып, 221 млрд. теңгені құрады. Тауарлар мен қызметтерді өткізудің жалпы көлемі 990 млрд. теңгені құрап, 109,6 пайызға өсті, – деді облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.
Экспорт пен импортқа тоқталар болсақ, облыс әлемнің 80-нен астам елімен сауда-саттық байланысын орнатқан. Өңірдің негізгі сауда-экономикалық серіктестері – Ресей, Германия, Қытай, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Польша, Қырғызстан және Түркия. 2024 жылы сыртқы сауда айналымы 1,3 млрд. АҚШ долларын құрап, соңғы 5 жылда 1,6 есе өсті.
– Бұл ретте экспорт 1,7 есеге артты. Импорт көлемі – 861,6 млн. АҚШ долларын құрады. Импорт пен экспорттың негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы өнімдері, дайын азық-түлік өнімдері, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, металдар мен металл өнімдері, ағаш, орман материалдары және целлюлоза-қағаз өнімдері, тоқыма бұйымдары құрайды. Сонымен қатар импорттың негізгі топтарына құрылыс материалдары да кіреді, – дейді Қуанышбек Қалижанов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазір туризмді дамыту міндеті тұр. Оған биылдан бастап қомақты инвестициялар құйылып жатыр. Алдағы 1-2 жылда бұл сала да экономикамызға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Негізі туристік бағыт – Айыртау, Мамлют, Есіл және Шал ақын аудандары.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».