«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЭКОНОМИКА” – САЛАЛЫҚ ЖАЛҒЫЗ БАСЫЛЫМ

“Экономика” газеті 2006 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстандағы тұңғыш апталық экономикалық басылым ретінде қазақ және орыс тілінде жарық көріп келеді. Ол басқа да қажеттіліктермен бірге негізінен қазақтілді оқырмандардың экономикалық сипаттағы ақпараттарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. Еліміздің ақпарат кеңістігінде бұл тұс іс жүзінде осы күнге дейін бос тұрған еді. Сол себепті де газет уақыттың өзі қойғандары талапқа сай өмірге келді.

Мемлекеттік тәуелсіздіктің өткен жылдары реформалар кезеңі, бәрінен бұрын экономикалық реформалар кезеңі болды. Оның негізгі стратегиялық міндеті еліміздің жоспарлы экономикасын нарықтық негіздерге ауыстыру болатын. Тиістісінше, барлық саяси және әлеуметтік жүйе, сондай-ақ, қоғамдық құрылыс тұтас күйінде түпкілікті өзгеруі керек еді. Осылайша, барлық өзгерістердің қозғаушы күшіне айналған экономикалық реформалар өткен жылдар ішінде материалдық өмірдің қалыптасқан бейнесіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Соған байланысты қоғамның өмірге деген көзқарасы да айтарлықтай өзгерді. Әсіресе, бұл экономикалық реформаға қатысты өзгерістерге байланысты еді. Сондықтан бұл өзгерістердің нәтижесі қоғам мүшелерінің бір бөлігін қанағаттандырмайтын тұстар да болмай қалмады. Осы кезге дейін ақпарат құралдарында еліміздің экономикалық өмірі қазақ тілінде мақсатқа сай және ізбе-із көрсетілмегендіктен де осылай болды. Бірақ күні бүгінге дейін толығымен осы тақырыпты көтеретін қазақ тіліндегі жеке ақпарат құралы болған жоқ.

Бүгінгі күнге дейін газеттің 269 саны жарық көрді. Тіркеу құжаттарына сәйкес ол А3 пішіміндегі 16 беттік газет. Бірақ 2008 жылдың шілдесіне дейін газеттің 42 нөмірі 12 бетпен екі аптада бір рет жарық көрді. Тек шілде айынан бастап қана апта сайын толық көлемде шыға бастады. Ал 2009 жылдың 20 наурызынан А2 пішімінде 10 бет болып басылатын болды.  

“Экономика” газетінің негізгі мақсаты – еліміздің аймағында болып жатқан экономикалық жаңалықтарды қазақ тілінде қарапайым да ұғынықты тілмен жеткізу, отандық экономиканың сан-саласы – ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қаржы саласы, тұрғын үй және т.б. секторларындағы жағымды өзгерістер мен түйткілді мәселелер жайында мамандардың, сарапшы ғалымдардың пікірлерін жалпы жұртшылыққа жеткізіп, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, сол арқылы халықтың экономикалық ой-түсінігінің жетілуіне қызмет ету.

Күн өткен сайын қалыптасып, қазақ тіліндегі экономикалық басылым ретінде еліміздің ақпарат кеңістігінен өз орнын табуға ұмтылып келе жатқан “Экономика” газетіне келешекте оның қоғамдық-мемлекеттік маңызын ескере отырып, еліміздің әкімшілік-саяси және кәсіпкерлік ортасында қолдау күшейеді деген сенім мол.

Ақас ТАЖУТОВ,

“Экономика” газетінің бас редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp