Петропавлдағы “Новый свет” кинотеатрында танымал қазақстандық режиссер Тоқтар Қарсақбаевтың “Воля к победе” атты деректі фильмінің тұсауы кесілді. Бұл фильм халқымыздың атын әлемге таныстырған, қазақ спорты тарихында есімі алтын әріппен жазылған айтулы тұлғалардың бірі, тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Жақсылық Үшкемпіровтің өнегелі де ұмтылысқа толы өмірінен сыр шертеді.
Фильмнің режиссері Тоқтар Қарсақбаев осы бағытта фильм түсіруге деген ынтасы атақты спортшымен алғаш кездескенде оянғанын айтады. Аталмыш фильм өскелең ұрпаққа өмірдегі барлық кедергілерді жеңе білу, белгілі бір жетістікке жетіп, биік белесті бағындыру үшін ерінбей еңбек етіп, аянбай тер төгу қажеттігін түсіндіреді. Бұл жерде атақты спортшының күреске 20 жасында келіп, 29 жасында Олимпиада чемпионы болғанын айта кеткен жөн.
Фильмнің продюсері Майра Қарсақбаеваның айтуынша, фильмнің түсірілуіне бір жылға жуық уақыт жұмсалған. “Жүрегі қазақ деп соққан халқымыздың батыр ұлының балалық шағынан бастап, жігіттік дәуренін, жеңіс тұғырына көтерілген сәтін қамтуға тырыстық”, – деген ол фильм барысында түрлі рөлдерді сомдаған әртістердің де еңбегін ерекше бағалады.
Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылының кітапханашысы Гүлбаршын Нұрманова – Жақсылық Үшкемпіровтің әжесінің, Жанай Нұрманов – ауылдас ақсақалдың, сонымен қатар Тойлық Қабдөшева – балуанды өмірге әкелген анасының рөлдерін сомдап, қабілеттерін шынайы жеткізе білді. Жақсылық Үшкемпіровтің рөлін сомдаған Семейдегі спорт мектебінің оқушысы Мақсат Сайлаугелдинов батырдың бітім-болмысын, ішкі сезімін, арман-мұратын айнытпай, шебер бейнеледі.
Фильм атақты спортшының жеке қорынан жинақталып алынған деректі құжаттардың негізінде әзірленген. Фильмде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, халық әртістері Асанәлі Әшімов пен Роза Рымбаева және Күрес федерациясының президенті Сауат Мыңбаев өз пікірлерін білдіреді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.