Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық және машина жасау колледждерінің негізінде археологиялық жасақ құрылды. Оған тарих пәнінің оқытушысы ретінде мен және алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Арман Әбілмәжінов жетекшілік еттік. Аталмыш топ Екатеринбург қаласының “АВ КОМ-Наследие” мәдени және табиғи мұраны сақтау мәселелерінің ғылыми-талдау орталығының құрама жасағымен бірге археологиялық қазу жұмыстарына қатысты. Қазу жұмыстары Ханты-Мансийск автономиялы округінің Югра Совет ауданы аумағында өтті. Қазақстаннан барған топ Екатеринбург, Самара, Мәскеу, Уфа және Батыс Сібір қалаларының жоғары оқу орындары, колледждері мен лицейлерінде оқитын Ресей студенттерімен бірге жұмыс істеді.
Жалпы 65 адамнан құралған қазақстандық экспедицияның құрамында Қостанай қаласының студенттері мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласының №3 орта мектебінің оқушылары да болды. Осы сапар барысында біз археологиялық қазу жұмыстарына қатысумен қатар ресейлік достарымызға туған еліміз туралы әңгімеледік.
“АВ КОМ-Наследие” ғылыми-талдау орталығының экспедициясы құрамында болуымыз біздің тарих қойнауына үңіліп, Жайық пен Батыс Сібірдің табиғи мұрасын зерттеуге мүмкіндік берді. Бұл жерде түрлі тарихи дәуірлерге жататын археологиялық ескерткіштер өте көп. Ең алғашқы ескерткіштер мезолит дәуіріне жатады. Біз мезолит және энеолит дәуірлерінің екі археологиялық ескерткішін қазу жұмыстарына қатыстық. Онда еңбек құралдары, ыдыс пен сол дәуірдің адамдарының тұрғын үйлері қалай жасалып, өзгертілгенінің куәсі болдық. Осындай көне тұрғын үйлер тайгада ғана емес, Еуразияның барлық ормандарында кездеседі.
Экспедиция қатысушылары үшін саяхаттар, мәдени шаралар да өткізілді. Манси халқының этнографиялық ауылы мен Екатеринбург облыстық өлкетану мұражайына жасаған экскурсия ерекше есімізде қалды. Онда жергілікті халықтардың тұрмыс-салтымен, аңшылық өмірімен таныстық.
Екатеринбург археологиялық ғылыми орталығының қызметкерлері Татьяна Клементьева мен Андрей Погодин біздің студенттерге қазу жұмыстарын жүргізу әдістемесін, табылған заттарды сұрыптауды, археологиялық зерттеулер жүргізуді үйретті. Екі ел студенттері арасындағы байланыс одан әрі жалғасатын болады.
Наталья ЗУБЕНКО,
машина жасау колледжінің
тарих пәнінің оқытушысы.
Петропавл қаласы.