Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қызылжар өңірінің арнайы делегациясы Елбасының қазақстандық өнімдерді насихаттау ұсынысын жүзеге асыру бастамасы шеңберінде Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, бірқатар экономикалық, сауда-саттық мәмілелеріне қол қойған еді. Оған солтүстікқазақстандық бал өндірушілер бірінші болып үн қатып, 100 тонна сапалы бал өнімін Дубайға экспорттауды көздеп отыр.
Омарташылар мұндай табысқа БАӘ инвесторларымен ынтымақтастық орнату арқылы қол жеткізді. “Облыстық бал шаруашылығы қауымдастығы” АҚ-ның төрағасы Олег Гаврилов мәлімдегендей, Дубайда ұйымдастырылған тамақ өнеркәсібі көрмесіне балдың 7 сұрыбын ала барған. Бұл өнімге арабтар үлкен қызығушылық танытқан.
– Қазақстанда бір килограмм бал 1500 теңге болса, ол жақта 7-8 мың теңгеге бағаланады. Маусымда біздің облысқа БАӘ-нен делегация келіп, жаңа келісімдерге қол қоятын боламыз, – дейді Олег Гаврилов.
Бал өнімінің алғашқы партиясын маусым айында жөнелту жоспарлануда.
Бақыт РАМАЗАН.