«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЭКСПО – 2017″ КӨРМЕСІНЕ ДАЙЫНДЫҚ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС

Мемлекет басшысы кеңеске қатысушыларға арнаған сөзінде “ЭКСПО – 2017” көрмесіне сапалы дайындықты қамтамасыз ету мен өткізудің бүкіл Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті. “Бұл – Қазақстанды, еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсететін басты жоба. Құрылыстан басқа барлық мәселелер жөнінен артта қалушылық байқалады”, – деді Қазақстан Президенті.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев шешуін күткен бірқатар мәселеге назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы көрме нысандарының құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, 2016 жылғы тамыз-қыркүйекте аяқталатынын айтты. “Бұл ретте техникалық сипаттағы түйткілдер көп, олар: мәселелерді шешудің созылуы және өзара келісілмегендігі, жұмыстың нашар ұйымдастырылуы. Жобалық-сметалық құжаттарды беру кестесінен кешігудің негізгі себебі жобалауды басқару ісінің мүлде жоқтығы болып отыр. Негізгі құжаттаманың бөліктерін әзірлеу ісі қосарлы ұйымдар арасында бөлініске түскен. Көрме учаскесі маңындағы жер ресурстары тиімсіз пайдаланылуда. Бұдан бөлек, нысандар құрылысында бағаны тым өсіру орын алып отыр, бұл қаражаттың талан-таражға түсуіне соқтырады. Арнайы айтылуға тиіс жайттың бірі – қаржыландыру. Еліміздің экспорттық тауарларының бағасы төмендеуін ескерсек, бюджетке қажетті қаражат толық түспей отыр. Сондықтан бізге “ЭКСПО” үшін де, Универсиада үшін де қатаң үнемдеуге тура келеді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмені табысты өткізу оның тақырыбының толық ашылуына, елдердің көбірек қатысуына, келушілерді тарта білуге, жаһандық серіктестермен, демеушілермен ойдағыдай деңгейде жұмыс жүргізуге байланысты екеніне тоқталып өтті. “Бұл орайда көрмені табысты өткізген елдердің – Португалияның 1998 жылғы Лиссабонда, Қытайдың 2010 жылы Шанхайда өткізген көрмесінің тәжірибесін зерттеу керек. Аталған елдерде ұйымдастырушылар барлық ұйымдастыру мәселелерін сауатты жүргізіп, нысандардың көрмеден соң пайдаланылу, оларды жалпы қаланың жүйесімен үйлестіру мәселелерін де қамтыды. Сонымен бірге қателіктерге жол бермес үшін мұндай көрмелер жұмысының Испанияның Сарагос, Оңтүстік Кореяның Ёсу қалаларындағыдай нашар болуының да себептерін түсіне білген жөн”, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінге дейін өздерінің қатысатынын тек 30 ел ғана растап, 5-еуі ғана комиссарларын айқындағанына назар аударды. Бұл ретте көрмеге қатысу туралы бірде-бір келісімшартқа қол қойылмаған. Мемлекет басшысы осыған байланысты Сыртқы істер министрлігіне комиссармен бірлесіп, “ЭКСПО – 2017” көрмесіне қатысушылардан ресми растау келісімін алу ісін ұйымдастыруды тапсырды. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке, Энергетика министрі Владимир Школьникке “Астана ЭКСПО – 2017” ұлттық компаниясына қатысушы елдермен жұмыс жүргізу кезінде олардың павильондарын, материалдарын қоюды ұйымдастыру, келушілерді тартуға мейлінше көбірек қаражат салулары үшін тақырыпты ашуға жағдай жасау мәселелерін нақтылау тапсырылды.

Нұрсұлтан Назарбаев елде және шетелдерде көрмені кең таныту арқылы келушілерді тарту саласында көп жұмыс істелуі тиістігін атап өтті. “Тек сауатты ойластырылған стратегия ғана көрменің табысты өтуінің тағы бір көрсеткішіне – елге туристер тартып, 5 миллион адамның келуіне қол жеткізуге мүмкіндік туғыза алады”, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, әлемдік қоғамдастықтың алдағы көрме туралы ақпараттандырылу деңгейі төмен екендігін атап өтті. “Елдерді қатысуға шақыру үшін ірі экономикалық, туристік форумдарда, спорт шараларында, алдағы Давос форумында, Санкт-Петербург форумында, Астана экономикалық форумында көрме тақырыбы бойынша таныстырылымдар ұйымдастыру қажет. Бұл ретте қатысушылардың 85 пайызы өз отандастарымыз болады, сондықтан біз әр өңірден қанша турист келетінін, олардың қалай жететінін, қайда орналасатынын білуге тиіспіз. Барлық қала және облыстар әкімдері қолдағы бүкіл ресурсты іске қосып, көрмені өткізудің қажеттігі мен мақсатын әр адамға ұғындыруы керек”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевке, сондай-ақ, әкімдерге көрмені халықаралық деңгейде және ел ішінде насихаттау жоспарын әзірлеп, оны сапалы түрде іске асыруды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев келушілердің күн сайын өте көп болуы қаланың барлық қызметтері үшін айтарлықтай қиындық әкелетінін айтты. “Визалық қолдауды, кедендік рәсімдеуді, қонақүйлер, таксилер және ресторандар жұмысын ұйымдастыруды қамтитын барлық сервистер мұқият пысықталып, өзара байланысты түрде әрі ең жоғары деңгейде көрсетілуге тиіс. Әсіресе, қызмет көрсетушілердің тілдік сауаттылығына ерекше назар аудару қажет”, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа, ұлттық компанияларға әкімдермен бірге ел өңірлері халқының “ЭКСПО”-ға қатысуына тиісті жағдай жасау, квоталармен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Қазақстан Президенті “ЭКСПО – 2017” көрмесін ілгерілету жөнінде туристік қоғамдастықпен арадағы жұмысты жандандырудың маңыздылығын атап өтті. “Халықты жайғастыру орындарын, көлікті, логистиканы, жол бойы инфрақұрылымын дамытуды қамтитын өңірлік туристік бағдарларды нақтылаған жөн. Туристердің әртүрлі бағыттар бойынша Қазақстанның өзге де өңірлеріне бару мүмкіндіктерін алдын ала ойластыру керек”, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев мазмұнды мәдени бағдарламалар әзірлеу қажеттігін айта келіп, келушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі арнайы көңіл бөлуді қажет ететініне назар аударды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көрменің пайда әкелуін қамтамасыз ету тақырыбын да қозғап өтті. “Жария етілген Тіркеу досьесіне сәйкес біз демеушіліктен, билет сатудан, тамақтандырудан, қызметтер көрсетуден 330 млн. еуроға жуық кіріс алуды көздеп отырмыз. Бұл ретте жаһандық демеушілермен арада келісімдерге қол қою “ЭКСПО – 2017” көрмесінің кірістілігі мәселесін оң шешу үшін басты шарт болып саналады. Досье жоспары бойынша біз тек демеушіліктен, соның ішінде “ЭКСПО”-ның жаһандық 8 серіктесін тартудан 200 млн. еуродан астам қаражат табуға тиіспіз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті көрмеге әлемдік компанияларды тарту оның беделіне оң ықпал етіп, елімізге инвестициялар әкелетінін айтты.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев әлемде көпшілік жұрт жиналған іс-шаралар кезінде орын алып жатқан оқиғалардың терроризм қаупін барған сайын өткір мәселеге айналдырып отырғанына тоқталды. “Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, “Сырбар” сыртқы барлау қызметіне көрмені өткізуге дайындықтың барлық кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүкіл шараларын қабылдауды тапсырамын”, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы алдын ала оқытылатын волонтерлердің дайындығы сапалы болуы қажеттігіне назар аударды. “Жаңа нәрселерді біліп, көптеген адамдармен кездесетін жастар үшін бұл қызық нәрсе. Бұл ретте волонтерлерді тек Астанадан ғана емес, барлық өңірлерден де іріктеп алу керек”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті “ЭКСПО – 2017” көрмесіне дайындық үдерісіне қатысушылардың бәрінің үйлесімді және тиімді жұмысының маңыздылығын атап айтты. “Қазір құрылымдар арасында өзара іс-қимыл жоқ екені көрініп тұр. Үкімет тарапынан осы барлық жұмысты үйлестіру мүлде байқалмайды. Әркім тек өзіне тиесілі тар шеңбердегі салаға ғана жауап бере алады, өзара тиімді ықпалдастық жоқ. Сондықтан Премьер-министрден “ЭКСПО – 2017”-ге дайындалуға және өткізуге Үкімет атынан жауапты тұлғаны бекіту жөнінде ұсыныс енгізуді өтінемін”, – деді Мемлекет басшысы.

  “Akorda”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp