Жыл он екі айдың жартысын пеш жағумен өткізетін солтүстікқазақстандықтар үшін қыс үлкен сын. Осыны дөп басқан кәсіпкер Александр Топченко бұл бағыттан табыс тауып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге септігін тигізіп отыр десек, артық айтпаймыз. Бүгінде ол басқаратын “СапроНАТ” ЖШС-і жаңа үлгідегі қазандықтар шығарып, өңір әлеуетіне сүбелі үлес қосуда.
Александр Топченконың кәсіпкерлігі туралы қалам тартуға түрткі болған бір танысымның: “Заманның техникалық даму үдерісі таңдандырады. Біздің мектепке жаңа қазандық орнатты. Жұмысымыз жеңілдеп, шығынымыз азайып, жылу беру тұрақталды. Осыған дейін ғимаратты жылыту машақаты көп жұмыс болатын. Күзетшілер ысқа қақталып, жыл соңына дейін отын-көміріміз жетпей жататын. Енді ондай күндер ұмытылды”, – деген сөзі еді. Сұрастыра келе ол мектепке қазандық орнатып берген кәсіпорынды да таптық.
“СапроНАТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – инновациялық бастаманың жүгін көтеретін өнімдер шығарып, бүгінгі таңда нарықта өзіне тиесілі бедел қалыптастырған кәсіпорын. Оның басшысы Александр Витальевич осыдан төрт жыл бұрын кәсіпкерліктің іргетасын қалар кезде, тың жобаны жүзеге асыру үшін біраз қиындықтар көргенін айтады. Идея ұтымды болғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау жасаған. Сәті түсіп, инновациялық жобаларға арналған мемлекеттің қолдау тетігіне қол жеткізіп, сондағы 3 миллион теңге қайтарымсыз қаржы оның кәсіпкерлігіне жол ашқан. Сол бастама жалғасын тауып, бүгінде қазандықтардың технологияларын, кәсіпорындағы кадр мәселесін, сатылым ортасын айқындап алған серіктестіктің бизнесі жылдан-жылға жандана түсуде. Кәсіпкерлік жолындағы арманы мен мақсаты айқын Александр Витальевич әлі талай асуларды бағындыруды көздейді. Ол туралы кейінірек, алдымен серіктестіктің бүгінгі жетістіктері туралы сөз тарқаталық.
“СапроНАТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастапқыда көлдердің түбіне шөккен сапропель тұнбасынан тыңайтқыш өндіру мақсатында құрылған болатын. Александр Витальевич мұндай істерге қызығушылық танытуының өзіндік себептерін алға тартты. Соның бірі – бойындағы табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімі екен. Ол тұрғын үйлер мен ғимараттардың жылыту жүйесінен шыққан түтіндер ауа бассейнінің тазалығына үлкен әсер ететіндігін, жылыту жүйесіне қаншама отын-көмірдің жұмсалатындығын, адамның ауыр еңбегін көріп, қоғамның осы мәселесіне немқұрайды қарай алмайтынын білдірді. Осы бағытта ізденіп, зерделеп, соңында бизнеске де, қоғамға да тиімді тетік тапқан.
– Заманауи қазандықтарды шетелдіктер бұрыннан пайдаланады. Бірақ олардың автоматтандырылған құрылғылары біздің тұтынушылар үшін аса қымбат әрі сырттан енгізілген тауарларға сервистік қызмет көрсету қиын. Сондықтан біз өңіріміздің климаттық жағдайын, қолдануға ыңғайлы отын түрлерін, тұтынушылардың әлеуетін ескере отырып, отандық өнім жасауды қолға алдық. Тауарларымыздың барлығы патенттелген. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша тауар жасауға мүмкіндігіміз ұлғайып келеді, – дейді кәсіпорын басшысы.
Бүгінге дейін кәсіпорын қуаттылығы әртүрлі жылу тарататын қазандық пен пештің 12 түрін жасап, екі жүзге жақын өнім сатқан. Серіктестіктің авторлық өнімі болып табылатын модульді қазандықтардың 4-еуін былтыр сатса, биыл 16 тапсырысты орындаған. Александр Витальевич алдағы жылы бұл көрсеткішті 200-ге жеткіземіз деп отыр. Бұл аспаннан алына салынған сан емес. Ол сырттан инвестор тартып, өндірісті кеңейтудің жолын тапқан. Алматылық кәсіпкерлер солтүстікқазақстандық өнеркәсіпке қаржы құйып, пайда табуға қызығушылық танытыпты. Серіктестік шағын пештер жасауға басымдық бермекші. Өйткені, тауардың осы түріне сұраныс көп екен. Кәсіпорын әкімшілігі тұтынушылардың әлеуетіне қарай тауардың құнын бөліп төлеу мүмкіндігін де қарастырған.
– Аумағы үлкен нысандарға модульді қазандықтарымызды орнатып жатырмыз. Яғни, қазандық жүйесі және отын сақтайтын, күл үйетін бұрыштары бар ғимараттың құрылысын өзіміз жүргіземіз. Кейін ол жерге күзетші қойып, ондағы жұмыстарды үйлестіріп отыруды міндетімізге аламыз. Мұның барлығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүргізіліп жатыр, – дейді Александр Топченко.
“СапроНАТ” қазандықтарына Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар облыстарынан тапсырыс беріп жатқандар аз емес. Тұтынушылар қатары көбейіп келеді. Серіктестік басшысы модульді қазандықтар жасауды қолға алған кезде мемлекеттің қолдауына сенім артып, бүгінде 20 мекеменің сұранысын қанағаттандырған. Облыс бойынша мониторинг жүргізіп, әлі де 400 қазандыққа тапсырыс алу мүмкіндігі бар екендігін айтады. Көптеген мекеме әкімшілігі үшін сапронаттықтармен жұмыс істеу тиімді көрінеді. Оның себептері бар. Өз қаржысы жоқ мекемелер жылыту жүйесін сыртқа шығару үшін бюджет қаржысына қарайлайды. Жобалық-сметалық құжат дайындау, өтінішті бюджеттің мақұлдауы, тендер арқылы мердігерді анықтау, құрылыстың аяқталуы уақытты талап ететін жұмыстар. Ал егер “СапроНАТ” бұл мәселені қолға алса, бір айдың ішінде жаңа қазандық мектептің немесе аурухананың ауласында тұрады. Осы мүмкіндікті кеңейту үшін жергілікті билікпен келіссөз жүргізіп жатқан аталмыш серіктестік монополиялық субъектілер қатарына қосылуды көздеп отыр.
Отандық қазандықтардың бұрынғы ескі жүйеден бірқатар артықшылықтары бар. Бүгінде жаңа қазандықтардың экологиялық және экономикалық тиімділігі дәлелденген.
– Мектеп, аурухана сияқты мекемелер – адам көп шоғырланатын аумақтар. Түтін кімге болмасын зиян. Сондықтан қазандықтардың экологиялық тиімділігі басты назарда. Мәселен, Астраханка орта мектебі жылыту жүйесінің қоршаған ортаға шығарған күлқоқысы үшін бір жылда 700 мың теңге эмиссия төлемін жасаса, жаңа қазандықпен ол төлем 7 мың теңгеге түсті. Яғни, 100 есеге қысқарды. Сондай-ақ, жаңа қазандықтарда көмір аз жұмсалады. Бүгінде мектеп жанында жиі отын тасып, күл шығарып жүрген адамды байқамайсыз. Өйткені, қазандыққа бір салып қойған көмір бірнеше күнге жетеді. Үнемділік – біздің өнімнің тағы бір артықшылығы. Жоғарыда аталған мектептің жылыту жүйесі жылына 700 тонна көмір жақса, енді оларға 300 тонна көмір жеткілікті. Ескі жүйеде көмірдің жартысы күл болса, бүгінде сол мөлшердің 60 тоннасы ғана күлге айналады. Байқап отырғаныңыздай, пайдаланылатын отын – 2 есеге, шығарылатын күл – 5 есеге қысқарып, қоршаған ортаға залал төмендеді, – дейді кәсіпкер.
Серіктестік сатқан тауарларына үш жыл кепілдік береді. Құрылғыны күтіп ұстаса, пайдалану мерзімі 10-15 жылға жетеді. Кәсіпорын модульдік қазандықтарын жетілдіре түспек. Болашақтың жылу жүйесі отынның қандай түрімен болса да қызуды жақсы таратуы керек. Бүгінде серіктестік желдің көмегімен жұмыс істейтін қазандықтың технологиялық жобасын жасап, ол инновациялық идеяларымен “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне қатысқалы отыр. Ол “Дәстүрлі энергетиканың жаңа технологиясы” аталымы бойынша халықаралық көрмеде тауарын көрсетеді. Онда автоматтандырылған жылыту жүйесінің сорғылары, компьютерлік желісі желмен өндірілген қуаттан энергия алып, жұмыс істейтін болады. Бұл – аталмыш кәсіпорынның патенттелген тағы бір жобасы.
Александр Топченко “Болашақтың ауылы” жобасына да қатыспақ. Ол жоспарын: “Кәсіпкерліктің құрылу мақсаты сапропель шөгіндісін пайдалану болғанын білесіз. Сондай көлі бар жерде жаңа елді мекеннің қазығын қағуды көздейміз. Яғни, біздің ойымыз – тыңайтқыш өндіретін шаруашылық құру, ол тыңайтқышты пайдалана отырып, жылыжай кәсібін қолға алу, кейін тазартылған көлде балық шаруашылығын дамыту, нәтижесінде бірнеше адамға жұмыс орнын ашу. Құрылыс саласынан бастамасы бар серіктестік үшін жаңа ауылда тұрғын үй салу мәселесі қиындық тудырмайды. Оның үстіне біз жақында қарауымыздағы қазандықтардан шығарылған күлден кірпіш жасауды қолға аламыз. Табиғи тыңайтқыш, экологиялық таза өнім, жұмыс орны мұның барлығы “Болашақтың ауылы” жобасының талаптарына лайық әрекеттер емес пе?!” – деп түсіндірді. Біреуге бұл қиял болып көрінер. Десек те, мақсаты зор адам қиялға да қанат бітіреді. Өнертапқыштыққа құмар, өзі сияқтыларды айналасына топтастырып, ұтымды идеяларымен танылған кәсіпкердің бұл мақсатының да орындаларына шүбә жоқ.
“СапроНАТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінде 30 адам жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақылары 100 мың теңгені құрайды. Александр Витальевичтің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаларын орындап жүрген, инвесторлармен байланыс орната бастаған кәсіпорынның алдағы жылдары қуаттылығы артып, еңбеккерлер саны бірнеше есеге көбейеді.
Бастапқы мамандығы инженер-механик, заң саласында да еңбек өтілі мол Александр Витальевичті білетін жұрт сөзіне берік адам ретінде таниды. Кәсіпорынның бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстары мен қол жеткізген жетістіктеріне, нығыз жоспарларына қарап бұл адамның кәсіпкерліктің сара жолын тапқандығын кім де болсын мойындайтыны сөзсіз.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: серіктестік директоры А.Топченко.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.