«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЭКСПРОМТ” БИ ТЕАТРЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Киелі сахнада отыз жыл өнер көрсетіп, көрермендердің құрметі мен қошеметіне бөленген “Экспромт” халықтық би театрының бүгінгі жетістігін ауыз толтырып айтуға болады. Өнерпаздар тұрғындарға тамаша кеш ұсынып, ұмытылмас әсер сыйлады.

Өнер ұжымының отыз жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарламада көрермендер би театрының қалыптасу кезеңінен сыр шерткен деректі фильмді тамашалады. Ансамбльдің құрылуына өңірімізге белгілі өнерпаз Ирина Стельмах мұрындық болған. Талантты студенттердің басын қосып, аз уақыттың ішінде топтың атағын аспандатқан оның еңбегі зор. Кейін кіші топ құрылып, Алена Маринец өрендерді өнерге баулуды қолға алды. Шығармашылық ұжымның орындаушылық шеберлігін биік деңгейге көтерген би маманының табанды еңбегіне халықаралық байлауларда жеткен жетістіктері дәлел.

– Би театрының құрылғанына биыл 30 жыл. Өнер ұжымы үшін бұл аз уақыт емес. Би әлемі – биік өнер. Бұл концертке еліміздің әр аймағы мен Ресейден келген түлектеріміз қатысуда. Осындай мерейлі белесті барлығымыздың бірге атап өтуіміз үлкен қуаныш, – дейді “Экспромт” халықтық би театырының жетекшісі Алена Маринец.

Би театрының құрамында он жеті жыл өнер көрсетіп жүрген Мәдина Елеукина концертке ұзақ уақыт дайындалғандарын айтты. Кеш барысында өнер ұжымы классикалық, халықтық, заманауи би орындап, жұртшылықты тамсандырды. Көрермендердің ризашылығына бөленген өнерпаздар үшін бұл ерекше сәт болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp