Теріскейдің құбылмалы ауа райы диқандардың жоспарына әсер етпей қоймады. Соңғы күндері толассыз жауған қар мен жауын-шашын орақ науқанын аяқтауға қолбайлау болып тұр. Бидай ылғалдылығы жоғары болғандықтан, оны қабылдау мен кептіру кестесінің уақыты да кешеуілдеп жатыр. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов Аққайың ауданына сапары кезінде элеваторлардағы жұмыстың жайымен танысты.
“Смирнов элеваторы” ауа райының қолайсыздығынан белгіленген 1 мың тоннаның орнына, 600 тонна ғана өнім қабылдай алады. Жалпы, астық қабылдау кәсіпорнының сыйымдылығы –100 мың тонна. Алқаптан жеткізілген өнімнің ылғалдылығы – 25-31 пайыз. Мұнда екі кептіргіш жұмыс істеп тұр. Бірақ оның өзі аздық етуде.
Диқандардың қиындық көріп отырғаны жасырын емес. Құрылғылар ылғалды астықты қабылдауға арналмағандықтан, жиі-жиі тоқтап қалуда. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов диқандармен кездесу барысында жылжымалы кептіргіш агрегаттарын сатып алуды ұсынды. Сондай-ақ, аймақ басшысы өнімді қабылдау мен кептіру барысында басқа да элеваторлардың көмектесе алатындығын жеткізді.
– Петропавлдағы “ТНС” элеваторында бос орындар бар. Кептіргіштері де жаңа, қуаттылығы жоғары. Соның көмегіне жүгінулеріңізге болады. Негізі, ауыл шаруашылығы қашан да басты назарда. Сондықтан қандай да бір сұрақтарыңыз, мәселелеріңіз болса, айтыңыздар. Оның шешу жолдарын қарастырамыз, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы сырттан тартылған қаражаттың арқасында бой көтеріп жатқан “Икея – Тас Групп” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық қабылдау қосынында болды. Оның қуаттылығы – 30 мың тонна. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
“Қиялы-Астық” элеваторы тәулігіне 1000 тоннаға дейін өнім қабылдауда. Ондағы кептіргіштердің барлығы жұмыс істейді. Бидай ылғалдылығы 25 пайыздан жоғары. Қазіргі таңда үшінші сұрыпты бидайдың 800 мың тоннасы қырмандарда жатыр.
– Түрлі сападағы бидайды қабылдаймыз. Ылғалдылығы жағынан шектеу жоқ. Екі кептіргіш жұмыс істейді. Жанар-жағармай жеткілікті. Бірінші ретте ылғалдылық 30-дан 14 пайызға дейін төмендейді. Басқа құрылғылар мұндай көрсеткішке екі-үш рет салғаннан кейін ғана қол жеткізеді, – дейді “Қиялы-Астық” серіктестігінің директоры Самат Қожамкелов.
Мұнда келіп түскен астық кептірілмес бұрын, зертханада тексеріледі.
– Жаз бойы жаңбыр көп жауды. Күз де жаңбырлы болды. Сондықтан түскен өнімнің ылғалдылығы жоғары. Кейде арнайы құрылғымен, кейде қолмен іріктейміз. Алдын ала астықтың сапасын, ылғалдылығын анықтаймыз. Ылғалдылық деңгейі оның сапасына тікелей байланысты, – дейді “Қиялы-Астық” серіктестігінің зертханашы-технигі Светлана Дерр.
Фариза ЖАЗИТОВА,
журналист.