«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭЛЕВАТОР ҚАҚПАСЫН АЙҚАРА АШАДЫ

Бұған дейін облысымыздың мақтанышы болған, ал бертін келе бірнеше қожайыны ауысып, жұмысшыларына еңбекақысын уақытында төлей алмаған Ащыкөл элеваторына жаңа инвестор келіп, біршама шараларды қолға алуда.

Элеваторға инвестор болып келген “Стандарт-Лизинг” ЖШС-нің бас директоры Сансызбай Құсайыновтан нысанның бүгінгі хал-жағдайын сұрап білдік.  

Үстіміздегі жылдың сәуір айында келген “Стандарт-Лизинг” серіктестігі, ең алдымен, элеваторды жөндеуді қолға алған.

– Элеваторға он жыл бойы ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техника жаңартылмаған. Сондықтан мұндай жабдықтармен жұмыс істеу тиімді емес әрі қауіпті екені сөзсіз. Бүгінгі күні элеватордың барлық бункерлерін, жүк көтергіштерін және тағы басқа жабдықтарын жаңарту үстіндеміз. Бұлардың кейбіреулері күрделі жөндеуден өтуде. Не болса да, жұмысшылар тек жаңа техникамен жұмыс істейтін болады. Осыған орай арнайы шақыртылған мердігерлер барлық жөндеу шараларын қолға алды. Мысалы, облыс орталығынан келген альпинист мамандар биіктігі 4-5 қабат болатын ғимараттардың сыртқы қабатын жөндеп, әктеп жатыр. Жұмысшыларға лайықты жағдай жасау мақсатында зертхана мен асхананы да қайта қалпына келтіретін боламыз. Бұған дейін моншаны іске қостық. Жалпы жоспарға енгізілген, атқаратын шаралар көп, – дейді Сансызбай Нұрғалиұлы.

Сансызбай Құсайыновтың айтуынша, жуырда Көкшетау-Омбы бағытындағы 11 шақырымдық күре жолды түзеу жұмыстарына кіріспек. Әзірге дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Негізінен қиыршықтастар қажетті көлемде жеткізілген, жұмысты бастауға жаңбырлы ауа райы ғана қолбайлау болып отыр. Жалпы серіктестік Ащыкөл ауылынан даңғыл жолға дейінгі атқарылатын жөндеу жұмыстарына 35 миллион теңге қарастырған.

Кәсіпорынның бас инженері, ащыкөлдік Естай Шәріпов бізді элеватор аумағындағы өндірістік базамен таныстырып шықты. Бұл жерде еңбекке қызу кіріскен жұмысшылардың бір бөлігі әбден тозығы жетіп, шіріген темір жабдықтарды кесіп тастап, оны жаңадан дәнекерлеп жатса, екінші бөлігі ескі бункерді босатып, сырты мен ішін жаңа қалың қаңылтырмен жаңарту үстінде. Қасында жүккөтергіш кран да бар.

Айта кету керек, элеватор басшылығының мәлімдеуінше, кәсіпорынның инженерлік-техникалық қызметшілеріне, есепшілер мен күзетшіге дейін кілең жергілікті тұрғындар. Бұл құптарлық жайт.

Аудан төңірегіндегі барлық қоғамдық шараларға белсене қатысып, жергілікті тұрғындарға қолдан келген көмегін көрсететіндігін жеткізген “Стандарт-Лизинг” серіктестігінің жетекшілері элеваторға жан бітіруге уәде берді

Болат ӘМРИН,

журналист.

Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp