Жуырда ашылған www.eauc.kz. – пайдаланылуы шектелген мүлікті өткізу бойынша бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңы. Мұнда еліміздің сот орындаушылары борышкерлерге тиесілі мүлікті сот шешімімен тәркілеп, ғаламтор желісі арқылы саудалайды. Осылайша түскен қаржымен меншік иесінің қарызы өтелмек. Елімізде бұл жүйе екі жылдан бері жұмыс істеуде.
Өткен жылы облыстық әділет департаменті заңды тұлғалардан өндіріп алу бөлімінің мамандары жалпы сомасы 1 млрд. теңгеден асатын 194 мүлікті сатыпты.
– Біздің бөлім жеке кәсіпкерлермен, жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшыларымен жұмыс жасайды. Олар көбіне өз қызметкерлеріне жалақы бере алмай жатады. Жұмысшылар амалсыз сотқа жүгінеді. Ақыры кейбір кәсіпкерлердің мүліктері электронды аукционда сатылуға қойылады. Бүгінде біздің бөлімде ең үлкен қарыз сомасы 38 млн. теңгені құрайды, – деді облыстық әділет департаментінің заңды тұлғалардан өндіріп алу жөніндегі бөлімінің аға сот орындаушысы Ардақ Қалкенов.
Ал аукционнан мүлікті кез келген адам сатып ала алады. Тек аталған сайтқа тіркеліп, мүлік сомасының 5 пайызы мөлшеріндегі кепілдік жарнаны аударса болғаны. Жыл басынан бері біздің өңірде 10 аукцион өткізіліп, 9 млн. теңгенің саудасы жасалған. Аукционға үйлер мен пәтерлер, жер учаскелері мен нысандар, салынып жатқан ғимараттар мен көліктер қойылады екен. Мүліктің бағасы меншік иесімен келісіліп белгіленеді.
Әйгерім ЕРЖАНОВА,
журналист.