
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы техникалық дамудың ықпалымен күрт өзгерген. Бұрындары қағазбастылықпен алтын уақытыңды босқа жіберетін күндер келмеске кеткендей, компьютерге берілген команда арқылы аз уақыттың ішінде кейбір керек құжаттарыңды дайындап аласың. Мұндай үдеріске жұрт разы. Осы орайда аталмыш мекеменің соңғы жаңалықтарымен жақынырақ таныспақ болып “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК-нің Петропавл филиалының №2 бөлімінің жинақтау секторының жетекші маманы Болат Ғалиевпен сұхбаттасқан едік.
– Болат Ахметұлы, елімізде халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарының үдерісі жылдан-жылға жаңартылуда. Бүгінгі мен кешегінің өзінде айырмашылық бар. Солардың ішінде тұтынушылар үшін тиімді болып отырған қандай бағдарлама?
– Ол “Электрондық үкімет” www.egov.kz веб-порталы дер едім. Бұл бағдарлама арқылы әрбір қазақстандық кез келген уақытта, Жер шарының кез келген жерінен өтініш беруге, анықтама алуға, салық немесе айыппұл төлеуге, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге, лицензия алуға, шағын кәсіпкерлік субъектілерін тіркеуге, жол қозғалысының ережесін бұзғаны үшін айыппұл және мемлекеттік қызмет үшін баж салығын төлеу мүмкіндіктеріне ие. Мемлекеттік органдардың басшыларына да онлайн режімінде қабылдауға жазылуға мүмкіндік бар. Бұл үдеріс “Электрондық үкімет” және электронды сандық қолтаңба алу бойынша жүзеге асады. Сонымен қатар “Жүргізуші куәлігін беру”, “Некені тіркеуге электрондық өтініш беру” қызметтері де – жаңадан қосылған бағдарламалар. “Электрондық үкімет” арқылы алынатын қызмет көмегімен көптеген істерді мейлінше жеңілдетуге болады. Мәселен, пәтер сатып алу. ЭҮП көмегімен кез келген жылжымайтын мүлік нысанына тіркелген құқық жөнінде анықтама алуға мүмкіндігіңіз бар, онда меншік иесінің кім екендігі, қандай құқықтары бар, осы нысанға қандай да бір шектеу мен кепілдіктер тіркелгені жазылып тұрады. Сізді ешқандай сатушы алдай алмайды.
– Ендеше кейбір қызмет түріне жеке-жеке тоқталып, жұмыстың тиімділігіне тағы бір көз жеткізсек. Әсіресе, азаматтың жеке басының куәлігін құжаттауда туындайтын сауалдар жиі кездеседі. Соның ішінде баланың туу туралы куәлігін алудың тәртібі туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Баланың дүниеге келуі – көптеген отбасына бақыт сыйлайтын кез. Туған баланы тіркеуге өтінішті қалай беруге болатындығы, бала туу және оның күтімі бойынша әйел қандай төлемақы алатындығы, декрет демалысын ресімдеу және жұмыс істейтін немесе істемейтін әйелдерге төлемақы көлемі қалай есептелетіндігі туралы нақты да толық деректерді уақытыңызды үнемдей отырып, “Электрондық үкімет” порталынан ала аласыз. Әйелді ауруханадан шығарған кезде оған баланың тууы туралы медициналық куәлік беріліп, онда баланың анасы жөнінде барлық қажетті деректер, сондай-ақ, баланың туған күні мен жынысы, құжатты беру күні көрсетіледі. Ол құжатта лауазымды тұлғаның қолы мен медициналық ұйымның мөрі болуы керек. Ауруханадан шыққаннан кейін екі айдың ішінде баланың туу туралы куәлігі алынуға тиіс. Оны кез келген АХАЖ-да немесе ХҚКО-да, сондай-ақ, “Электрондық үкімет” порталында онлайн арқылы тіркеуге болады. Баланы мемлекеттік тіркеу мерзімі – екі жұмыс күні. Сондай-ақ, “Электрондық үкімет” порталында баланың тууын тіркеудің екі тәсілі бар. Біріншісі – ата-аналар баланың тууын онлайн тіркеу арқылы тіркейді, бұдан кейін әлеуметтік төлемдерді тағайындауға электрондық өтініш береді. Онлайн өтініш берудің екінші нұсқасы баланың тууына байланысты қызметтердің кешенін композиттік қызмет ретінде алуды пайымдайды. Бір қызмет арқылы баланың тууын тіркеуге өтініш, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға өтініш, сондай-ақ, баланы балабақшаға кезекке қоюға болады.
– Бұрынғыдай емес, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу ісінде де қолбайлау болатын қағазбастылық азайды ма?
– Иә, азайды. Бүгінгі таңда үкімет порталы арқылы әділет органдары электронды форматта 22 қызмет түрін көрсетеді. Осындай қызметтердің бірі 2013 жылдың бірінші күнінен бері қолданыста жүрген жылжымайтын мүлікті электронды тіркеу болып табылады. Сатып алу-сату келісіміне қол қойылғаннан кейін нотариус сатып алушының жазбаша келісімі – электронды сандық қолтаңбасымен құптап, құжаттарды электронды түрде “Е-нотариат”, яғни бірыңғай нотариалды ақпараттық жүйенің бағдарламасы арқылы аумақтық әділет органына жібереді. Жылжымайтын мүлікті сатып алушы келісімге қол қойғаннан кейін Қазақстан Республикасының “Электрондық үкіметінің” төлем шлюзі арқылы тіркеу үшін алым сомасын төлеуі қажет. Электронды тіркеу үшін азаматтардың электронды сандық қолтаңбасы қажет етілмейді. Электронды тіркеудің жеке және заңды тұлғалар үшін ең басты артықшылығы – уақыт пен материалдық шығын азаяды. Енді нотариуста келісім жасалғаннан кейін азаматтар бұрынғыдай құжаттарын ХҚКО-ға тапсырып, әділет органдарының шешімін күтпейді. Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеудің электронды жүйесі шараларды түбегейлі жеңілдетіп, кедергілерді жойып, азаматтарға қолайлы жағдай туғызды. Қазіргі таңда осы жеделдетілген мемлекеттік қызмет түрін қолданушылар саны күннен-күнге өсуде.
– Тіпті, екі жас мейрамхана ішінде отырып, шаңырақ көтеруге сөз байласса, сол жерде некені тіркеуге электрондық өтініш беретін де заман болды емес пе?!
– Бүгінгі күні екі ғашық жүрек түні бойы серттесіп, таңертең АХАЖ-ға асығатын заман емес. Оны электрондық өтінім берумен де жайғастыруға болады. Ол үшін екі өтініш беруші де некеге алғаш отырған болуы және балалары болмауы қажет. Екінші және одан кейінгі некені тіркеуге өтінішті портал арқылы беру мүмкін емес. Өтініш берушілердің жасы 18-ге толған болуы керек. Белгілі бір себептерге байланысты некеге тұру керек болып жатса, заң бойынша 16 жастан рұқсат беріледі. Ол үшін оны заңдастыратын арнайы құжат болуы керек. Енді осының барлығын онлайн, яғни некені тіркеуге электронды түрде өтініш білдіру арқылы жүзеге асыруға болады. Некені тіркеуге онлайн өтінішті некелесудің белгіленген күніне дейін 30 күнтізбелік күн бұрын беру қажет.
– Анықтама алудың да жолдары қысқартылып, бір тілім қағаз үшін кезекте сарғаю деген мүлде жойылғандай…
– Иә, мекемеге келген адам көп бөгелмей, керек қағазын алып жүре береді. Үкімет пен азаматтың делдалдарсыз, тікелей қарым-қатынас орнатуы Қазақстанның демократиялық қоғамы үшін қалыпты жағдай. Мемлекеттің ақпараттық технологияларды күнделікті өмірге енгізу өз нәтижесін беруде: көптеген мемлекеттік қызмет көрсету кез келген қазақстандық үшін интернет желісінде қолжетімді. “Электрондық үкіметтің” порталынан аталған құжатты алу үшін қажетті қызмет көрсету түрін таңдап, мемлекеттік органға өзіңіздің электронды сандық қолтаңбаңызбен куәландырылған сұранымды жіберуіңіз керек. Бірнеше минуттың ішінде сұратқан құжатыңызды ала аласыз. “Электрондық үкімет” мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңына сәйкес портал арқылы берілетін электрондық анықтамалар заңды болып есептеледі. Бұған қоса, анықтаманың заңды екендігін тексеретін арнайы қорғаныс әдістері бар. Мысалы, коды мен бақылау нөмірі секілді арнайы белгілердің көмегімен анықтаманы мемлекеттік орган деректер қорынан оңай тауып алады. Жеке немесе заңды тұлғаның жылжымайтын мүлкінің бар-жоқтығы туралы анықтаманы жалдамалы пәтер алу бағдарламасы немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша құжат тапсырғанда екінші деңгейдегі банктерден несие алу барысында қажет. Бүгінгі күні “Электрондық үкіметтің” порталында тұрғындарға электрондық, ақпараттық, транзакциялық қызмет көрсету ұсынылады: порталдан сіздер өзіңізді қызықтырған қандай да бір мемлекеттік қызмет көрсету, оның ұсынылуы туралы толық ақпаратты және анықтамаларды онлайн тәртібінде алып, ол үшін мемлекеттік өтемақыны онлайн тәртібінде төлей аласыз.
– Осы жерде электронды сандық қолтаңбаның не екендігі жайында да сөз қозғай кетсеңіз.
– Сонымен ақпараттық технологиялардың көмегімен қазіргі кезде көптеген қызметтерді электронды түрде алуға мүмкіндік бар. Электрондық қызметті алудың ең маңызды сәттерінің бірі электронды сандық қолтаңба (ЭСҚ) болып табылады. Ол электронды түрде алынған құжаттардың заңды маңыздылығын растау мен сәйкестендіру үшін құрал ретінде қолданылады. Сіз ЭСҚ аласыз және сол сәттен бастап өзіңіздің уақытыңыз бен мемлекеттік мекемелерге жіберетін жол қаражатын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай алатын боласыз. Ол үшін www.egov.kz сайтына кіріп, өтінім беруіңіз қажет, оны қағазға шығарып, ХҚКО-ға келіп, инспектордың тіркеуінен өтуіңіз керек. Мемлекеттік қызметті алу үшін қазір “Электрондық үкімет” арқылы өз тіркеу деректеріңізбен қызметті таңдап, сауал деректерін толтырасыз, оны ЭСҚ қол қойып, сауалдың қорытындысын шығарып аласыз (анықтама, қосымша, чек). Сонымен қатар “Электрондық үкімет” қызметті алу үшін арнайы ақпарат-дүңгіршектері қоғамдық қолжетімді пункттері (ҚҚП) және халыққа қызмет көрсету орталықтарының инспекторлары арқылы алуға болады. Алынған электронды сандық қолтаңба бір жылға жарамды болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.