2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында шетелдіктерге бір реттік визаны электронды форматта алу ресімі енгізілді. Бұл рәсімнің нәтижесінде Қазақстанға келетін шетелдік азаматтарға қолайлы жағдай жасалмақ, сонымен қатар сырттан келетін туристердің саны айтарлықтай өсуі мүмкін.
Өйткені, визаны электронды ресімдеу көптеген істерді жеңілдетуге ықпал етеді. Сондықтан елдегі виза берудің қолданыстағы тəртібіне өзгерістер енгізіліп отыр. Электронды виза іскерлік, туристік жəне емделу мақсатында Қазақстанға келетін шетелдік азаматтарға Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі бөлімшелерінде белгіленген тəртіппен ресімделіп, қазақстандық тараптың шақыруы негізінде беріледі. Соның арқасында заң бұзушылықтың алдын алу мен азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады. Қолында жарамды электронды визасы бар шетелдік Қазақстан Республикасының аумағына тек Астана жəне Алматы қалаларындағы халықаралық əуежайлардың бақылау пункттері арқылы өте алады.
Соның нəтижесінде туристік электронды визалар 117 елдің, ал іскерлік жəне емделу визасы 23 елдің азаматтарына берілмек. Бұл отандық демалыс орындары мен емдік-сауықтыру орталықтары үшін де пайда əкелуі тиіс. Мұның арқасында қазақ еліне келетін шетелдіктердің саны еселеніп, туризм саласына ықпал етуі мүмкін. Электронды құжат тек визаны алушы үшін ғана жарамды жəне онымен бірге жүретін тұлғаларға қолданылмайды.
Айта кету керек, төленген консулдық алымдар қайтарылмайды. Виза мəселесі қолайлы əдістермен шешілгенімен, оны алудағы тəртіптер қатаң сақталатыны сөзсіз. Сол себепті, виза алушының ұсынған паспорты түпнұсқа жəне иесінікі екендігіне күмəн келтірмейтіндей болуы шарт. Сондай-ақ, шетелдік азаматтың құжатында кемінде екі таза бет болғаны жөн. Оның жарамдылық мерзімі визаның қолданылу мерзімінен бұрын немесе үш айдан бұрын аяқталмауы керек. Осындай талапқа сай шетелдік қана электронды визаға қол жеткізбек. Қабылдаушы тұлғалар келіп кетушілер туралы көші-қон қызметі органдарына олар келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлап отыратын болады. Ал электронды визаны ресімдеу алгоритмі мен визаны алатын елдер тізімі Сыртқы істер министрлігінің сайтында көрсетілген.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ.