
Биылдан бері Қазақстанға келетін шетелдіктерге электронды форматта виза беріле бастады. Ол үшін міндетті түрде біздің тараптан шақырту жасалуы тиіс. Өңірде мұндай жаңашылдықты пайдаланғандар тоқсан шетелдік азаматқа шақырту жіберіпті.
Облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының ерекше тапсырмалары жөніндегі аға инспекторы Самат Базыловтың айтуынша, шетелдік азаматты шақыртушы адам көші-қон қызметіне өтініш білдіреді. Егер барлық талап орындалса, шақыртушы тарапқа 9 саннан тұратын нөмір беріледі. Кейін оны шетел азаматы арнайы порталға енгізеді. Осылайша, елімізге келуге мүмкіндік беретін құжатты әп-сәтте рәсімдейді. Жалпы туристік электронды визалар 117 елдің өкілдеріне беріледі екен. Ал іскерлік және емделуге арналған рұқсат қағазды 23 мемлекеттің адамдары ала алады.
Десек те, электронды визамен тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы әуежайлардың бақылау пункттеріне келуге болады.